Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімдерде 2000-ға жуық жас сарбаз әскери ант берді. Әскери ант беру – маңызды құқықтық және саяси-тәрбиелік шара. Әскери ант – жауынгердің Отанына, халқына, үкіметіне және өзінің әскери борышына адалдығын білдіретін серті.
Жас сарбаздар қолдарына қару алып, Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне адал болуға, егемен мемлекетіміздің Конституциясы мен заңдарын қастерлеп сақтауға салтанатты түрде ант берді.
Салтанатты шара барысында әскери ант берген сарбаздарға әскери қызметке бейімделу кезеңіндегі суреттер салынған фотоальбомдар табыс етілді.
Шараға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасарлары мен ауған соғысының ардагерлері қатысты. Олар сарбаздарды құттықтап, ақ жол тіледі. Әскери бөлім командирлері жас өрендерге әскери ант рәсімінің маңызы мен Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарын жеткізді.
– Біз бүгін салтанатты түрде әскери ант бердік, Бұл мен үшін ерекше күн. Өз елін, жерін қорғау – әр ер азаматтың борышы. Біз Отанымызды қорғауға дайынбыз, – деді танкистер құрамасының жас сарбазы қатардағы жауынгер Дияс Дүйсебай.
Жас сарбаздар әскери ант бергенге дейін бір ай көлемінде әскери қызметке бейімделу кезеңінен өтті. Олар әскери мамандықтар бойынша бөлімшелерге бөлінеді және алдағы уақытта оларға жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес сабақтар өткізілетін болады.