Отанға адал болуға ант берді

0

Гвардейск гарнизонының танк бригадасында жас сарбаздардың ант қабылдау рәсімі өтті. Салтанатты шараға 260 жауынгер қатысып, келген ата-аналары мен қонақтардың ізгі тілегіне бөленді.

2023 жылдың 2-ші оқу кезеңіне шақыртылған мерзімді қызметшілер әскери өмірге машықтауға арналған рота құрамында бір ай міндетін атқарды. Ант қабылдамас бұрын сарбаздар әскери өмірге бейімдеу сабағында өзге тәртіпке үйренді. Дәлірек айтқанда, «жауынгер» сөзінің мәнісін жеткізу жолында аға оқытушылар саптық жүріс-тұрыс, арнайы атыс алаңында оқ ату мен күрделі жаттығулар жүргізді.

21450 әскери бөлімінің қақпасы ашылған бойда қонақтарға жауынгерлік машиналар таныстырылды. Оның ішінде «Шилка» аталған зениттік өздігінен жүретін құрылғысы, барлаушылардың “Арлан” броньді көлігі және 21450 әскери бөлімінің символы — Т-72 танкісі ұсынылды. Сәйкесінше, инструктор мамандар көпшілікті таңқалдырған техникалардың мүмкіншіліктері туралы тақырыпты тарқатты. Жиылған қауым келесі кезекте сап алаңында бой түзеген жандарды кезіктірді. Басшылықтың «ант қабылдауға кіріс» командасымен көптен күткен сәт те басталды.

«Мен, Қазақстан Республикасының азаматы, Қарулы Күштердің қатарына кіре отырып, Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне ақтық демім қалғанша адал болуға ант етемін!» Дәл осы сөздермен Отанға қызмет ету жолым жалғасты. Көпшіліктің арасынан жолдастарымның қасында тұрып туған-туыстарымды байқамадым. Бірақ, кенеттен Арнұр деп қолын созған адамның жылы дауысы тұла бойға сезілген қарашаның суық лебін жоққа шығарды. Ол – менің анам еді. Өмірімдегі маңызды сәтті байқап, көзіне еріксіз жас алды. Міне, сол уақыт қолымдағы кітапшада жазылған дүниенің мәнісін сөзсіз жеткізді. Қолдағы күш пен қайрат, ойдағы талап пен талпыныстың ендігі бағыты отбасымның, елімнің тыныштығы үшін арналатынын ұқтым», -дейді қатардағы жауынгер Қияс Арнұр.

Жастардың алғы ісін қолдаушылардың арасында Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысының орынбасары, Гвардейск гарнизонының басшысы, полковник Ержан Мейрманов және Ауған соғысының ардагерлері болды. Олар өз кезегінде құттықтау сөздерін айтып, алдағы жаттығулар мен сынақтардан сүрінбей өтулерін тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.