ОТАНДЫ ҚОРҒАУ – ҚАСИЕТТІ ІС

0

Өткен сәрсенбі күні Әлжан ана ауылының мәдениет үйінде Қордай ауданының өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған Сарыбұлақ, Ноғайбай, Бетқайнар, Әлжан ана, Степной, Жамбыл және Қақпатас, Алға ауылдық округтерінің бірлескен қоғамдық келісім кеңесінің екінші отырысы өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары Мықтыбек Алтыбай, Әбдібек Сейілхан, ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, аудандық этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері, Қордай аудандық мәслихатының депутаттары, Сарыбұлақ, Бетқайнар, Әлжан ана, Степной және Жамбыл, Қақпатас, Алға және Ноғайбай ауылдық округ әкімдері, учаскелік полиция инспекторлары, келісім кеңесі мүшелері, арнайы оқу орындарының директорлары мен мешіт имамдары, жастар қатысты.
Онда әскер қатарына шақырылым жұмыстары кезінде уәкілетті тұлғалардың өзара бірігіп жұмыс істеуінің тиімділігі, ауылдық округтерде ұлтаралық қатынастарды нығайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы және отбасы құндылықтары бойынша сұрақтар қаралды.
Қазіргі таңда өзектілігі өте жоғары болып отырған бірінші сұрақ бойынша бірқатар мәселелердің түйіні тарқатылды. Әскер қатарына шақырылым жұмыстары кезінде уәкілетті тұлғалардың өзара бірігіп жұмыс істеуінің тиімділігі туралы сөзге шыққан Қордай ауданы бойынша Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің өкілі, сержант Бағлан Алтаев баяндама жасады. Жастарды әскер қатарына тарту бойынша қазіргі таңда туындап отырған қиындықтар бойынша сөз еткен әскери қызметкерге кеңес мүшелері мен жиынға қатысқан азаматтар арасында сұрақ көп болды. Қорғаныс істері бөлімі өкілі жасаған мардымсыз баяндамадан ұққанымыз әсіресе өзге ұлттар арасынан әлі де болса Отан алдындағы борышын өтеуге құмарлар аз, ал жалпы айтар болсақ көптеген жастар, олардың ата-аналары әскердегі әлімжеттік, тіпті қайғылы жағдайларды алға тартып, сол себепті де ебін тауып бармай қалуға тырысады.
-Ауданнан медициналық тексеруден өткен сап-сау бала облысқа барғанда жарамсыз болып қалады. Осының себебін түсіне алмай қойдық, — деген аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Біржан Әлімбеттің сөзіне олар көбіне психологиялық тесттен өте алмай қалып жатады деген жауап берілді.
— Жүз елу мыңға жуық аудан халқының 47/1 пайызын өзге ұлт өкілдері құрайды. Мәселен, біз көктемгі әскери шақыру науқанында 154 жасты әскерге жіберсек, соның осыншама пайызы өзге ұлттар өкілінен тұруы тиіс. Біз сол көрсеткішке жете алмай отырмыз. Қордай ауданы бойынша Қорғаныс істері жөніндегі бөлімге аудан болып, ауылдық округ әкімдері, полиция қызметкерлері бірлесе әкеліп берген балалардан тапа-тал түсте айырылып қалатындары, облыс орталығына толықтай жеткізе алмайтындары біздерде таңданыс тудырады. Жалпы, аудандық бөлім жұмысына көңіліміз толмайды. Қаншама бала көз алдарында қашып кетті. Оларды іздестіру, қайта қайтару жұмыстары жоқ. Сол үшін де бүгінгі жиын бойынша бірқатар ұсыныстар жасайтын боламыз, — деген аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай Қордай ауданы бойынша Қорғаныс істері жөніндегі бөлім жұмысына бірқатар сын-ескертпелерін жеткізді.
Жалпы осы сұрақты талқылау барысында кеңес отырысына қатысушылар ешқандай ұлтқа бөлінбей, барлығы әскерге бару керектігін, жастар одан жалтармау үшін оларды қызықтыру жұмыстарын мықтап қолға алу қажеттігін айтты. Бұл тақырып аясында Қасық, Жамбыл және Сарыбұлақ ауылдарында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша да баяндамалар тыңдалды. Сондай-ақ, әскерге баратын жастардың көбісін қамтамасыз етіп отырған колледж директорлары да өз ойларын ортаға салды.
-Алдымен жұмысты ата-аналармен жүргізген жөн. Ұл туды деп несіне қуанамыз ертең ел қорғай алмаса. Біздің колледжден жыл сайын ондаған бала әскерге аттанып жатады. Олар үшін үнемі тілекші болып отырамыз. Осы орайда әскерге бара жатқан жігітті ел болып, ағайын болып шығарып салатын бұрынғы ескі дәстүрді қайтадан жаңғырту қажет. Ер жігіт алдымен Отанын қорғау үшін қажет. Егер әрқайсымыз баламызды тығып, жасырып, қорғаштап жүрсек ертең ел шебін кімге сеніп тапсырамыз,- дейді №7 «Бетқайнар» колледжі директоры Гүлнар Алимбаева.
Қорытындылай келе бірінші сұрақ бойынша мынадай ұсыныстар айтылды: «Ауылдық округ әкімдеріне әскер қатарына шақырылғандардың ішінде өзге ұлт өкілдері жастары қатарын көбейту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу, денсаулығы жарамды жастардың әскерге баруын қамтамасыз ету мақсатында кешенді жұмыс ұйымдастыру, Қордай ауданы бойынша қорғаныс істері жөніндегі бөліміне ауылдық округ әкімдерімен бірлесе отырып әр ауылда әскери міндеттерін атқарып келген азаматтарды тарта отырып дөңгелек үстелдер мен кездесулер ұйымдастыру, округ әкімдерімен учаскелік полиция қызметкерлері бірлесіп әскери міндеттерін орындаудан жалтарған азаматтарға заң аясында шара қолдануды қамтамасыз ету».
Қоғамдық келісім кеңесінде талқыға түскен келесі сұрақ — ауылдық округтерде ұлтаралық қатынастарды нығайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында аудандық мәслихат депутаты, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің жетекшісі Камила Дургалова, «Отечество» славян этномәдени бірлестігінің жетекшісі Любовь Харченко баяндама жасады. Ділі мен діні бір, дәстүрі ұқсақ түрік халқының ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып жатқан үлесі, бірлік пен достық туын биік ұстаудағы жұмысы турасында баян еткен Камила Дургалова қазақ тілін игеру бойынша түскен сұраққа: «Түрік халқы үшін қазақ тілін үйрену оңай. Өйткені біздерде ұқсастық көп. Одан бөлек Қазақстанды Отаным, осы елде өсемін, өнемін деген әр ұлт өкілі мемлекеттік тілді үйренуге міндетті деп ойлаймын», — деді.
Ағымдағы жылдың екі тоқсанының қорытынды бойынша «Отечество» славян этномәдени бірлестігінің жетекшісі Любовь Харченко сөз алып, Мемлекет басшысының жарлығымен жарияланған «Балалар жылы» аясында атқарып жатқан жұмыстарын жіпке тізді. Бірлестік осыған дейін бірнеше ауылда аз қамтылған балаларға қайырымдылық көмектер көрсетіп, түрлі концерттер мен көрмелер ұйымдастырыпты. Баяндамасын қазақ тілінде бастаған Любовь Харченко қазір этно-мәдени орталықта мемлекеттік тілді игеруге құлшын өте жоғары екені айтуда.
Келесі сұрақ – отбасылық құндылық бойынша ауданның бас имамы Асқар Зәкіржанұлы сөз алып, қазіргі таңда қоғамның қасіретіне айналып отырған жастар арасындағы ажырасу мәселесіне мән берді. Отбасындағы әке рөлінің төмендеп кетуі, жөнсіз дүние үшін талақ айтушылардың артқаны үлкен мәселе болып отырғанын жеткізген бас имам осы отбасылық құндылық, отансүйгіштік, Отанға деген адалдық турасында уағыздарды аудан мешіттерінде күшейте түсетіндерін жеткізді. Осы орайда Дамира Маратқызы әсіресе, көп балалы отбасыларында ажырасу фактілерінң көбейгені көңілге кірбің түсіретінін айтып, имамдарға отбасыларды сақтап қалу жолында күш салу керектігін айтты.
Бас имамға қойылған сұрақтар қатарында кәмелеттік жасқа толмағандардың некесін қию туралы да сөз болды. Оған А.Зәкіржанұлы қазіргі таңда мешітте неке қию үшін міндетті түрде өкілді органдардан заңды неке қиылғаны туралы куәлігі көрсетілмейінше жол берілмейтіндігін айтты.
–Көшеден келген, не куәлігі не куәгерлері жоқ жандардың некесі қиылмайды, — деді бас имам.
Екі сұрақ қорытындысы бойынша аудандық Мәдениет үйіне Сарыбұлақ, Қайнар, Степной, Жамбыл ауылдық округтерінде домбыра, ұлттық қолөнер үйірмелерін ашу, өзге ұлт өкілдерінің ұлттық салт-дәстүрлерін сақтау мақсатында этномәдени бірлестіктері жетекшілерінің ықпалымен арнайы үйірмелер ұйымдастыру, өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған елді мекендерде ұлтаралық қатынасты, бірлік пен келісімді, татулықты нығайту мақсатында, жастар арасында спорттық іс-шараларды көптеп өткізу бойынша ұсыныс айтылды. Сонымен қатар, ауданның бас имамына отбасылық құндылықтарды дәріптейтін уағыздарды ауыл мешіттерінде жұма сайын жамағатқа жеткізу, мектеп оқушыларымен дөңгелек үстелдер мен кездесулер өткізу, заңды некеге тұрмаған азаматтарды діни некеге отырғызу практикасын мүлдем тоқтату бойынша ұсыныстар айтылып, көпшілік қолдауына ие болды.
Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.