Отанды қорғау – әр азаматтың міндеті

0

Гвардейск гарнизонындағы Құрлық әскерлеріне қарасты оқу орталығының әскери қызметшілері Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күні қарсаңында Бауыржан Момышұлы атындағы 43-ші орта мектептің оқушыларымен «Отанды қорғау деген мамандық бар» тақырыбында ерлік сабағын өткізді.

Сабақтың мақсаты оқушыларға рухани тәрбие бере отырып, патриоттық сезімдерін арттыруға, және оларды Отансүйгіштікке баулуға бағытталды.
Ерлік сабағына ауған соғысының ардагерлері мен мерзімді қызметтегі сарбаздар қатысты. Сабақ барысында Қарулы күштеріміздің жетістіктері айтылып, әскери қызмет туралы түсінік берілді.
Ауған соғысының ардагерлері, соғыс пен бейбіт өмірдің айырмашылығын түсіндіріп, оқушылардың бойына патриоттық рухты дарыта білді. Олар Ауғанстан жеріндегі соғыс туралы айтып, басынан кешкен оқиғаларымен бөлісті.
Әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары ұлан майоры Бақытжан Сералиев өз сөзінде әскери қызметшілердің атқаратын қызметтері мен міндеттері туралы түсінік бере отырып, еліміздегі әскери оқу орындарға оқуға түсу тәртібін және мерзімді қызметтегі сарбаздардың жоғарғы оқу орындарға оқуға түсу мүмкіндіктерін айтып өтті.
Шараға қатысқан сарбаздар да өздері туралы әскердегі қызықты оқиғаларымен бөлісіп, әскерге деген көзқарастар жайлы айтып, оқушылардың қызығушылығын арттырды. Шара соңында олар патриоттық әндер орындап, оқушылардың бойына рухани әсер сыйлады.
– Ел намысын қорғайтын жастарды патриотизмге тәрбиелеу маңызды мәселе. Сондықтан біз бүгін оқушыларға патриоттық тәрбие беру мақсатында ерлік сабағын өткізудеміз. Біз балаларға тәрбие беруден жалықпауымыз қажет. Себебі тәуелсіз еліміздің болашағы жастардың қолында, – деді әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары ұлан майоры Бақытжан Сералиев.
Сабақ соңында мектеп басшылығы әскери қызметшілер мен ауған ардагерлеріне алғыс білдірді.

Гвардейск гарнизонының
баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.