Отанды қорғау – қай заманда да қасиетті парыз болып саналған, ал бүгінде мерзімді әскери қызметті өтеу – әрбір ер азаматтың міндеті. Мерзімді әскери қызметті өтеу кезінде ер азамат тек қару қолдану және әскери техниканы меңгеріп қана қоймай, денені шынықтырып, рухани нығаюға ықпал етеді. Алайда, жылда әскерге шақыру науқаны кезінде әскерден жалтарылып, борышын өтегісі келмейтіндер де кездеседі.
Осы аптада аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайдың қатысуымен 2024 жылы күзгі әскер қатарына шақыру науқанының орындалуына байланысты жиналыс өтті. Оған Жамбыл облысы Қорғаныс істер жөніндегі департаменті бастығының орынбасарлары Бауыржан Қырғызбаев және Ерлан Маханов, департаменттің жоспарлау және кординация бөлім бастығы Азамат Нуруллаев, аудандық прокуратура өкілі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Департаментінің аудандық басқарма өкілі, этномәдени бірлестіктер өкілдері, бірнеше ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Жиында ағымдағы жылдың 6 қарашасында Қорғаныс істер жөніндегі департаменті бастығының қатысуымен күзгі әскерге шақыру науқанының орындалуы туралы жиналыста берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы тыңдалды. Ол бойынша Ауқатты, Степной, Сортөбе, Масаншы, Сарыбұлақ ауылдық округтерінің әкмідері және ішкі саясат бөлімінің басшысы баяндама жасады. Баяндамашылардың сөздерінен кейін Дамира Сүгірбай және Бауыржан Қырғызбаев бірқатар сұрақтарын қойды. Мысалы, әскерден жалтарылып жүрген азаматтарға қолданылатын шаралар, халық арасында Отан алдындағы борышты өтеуді насихаттау, өзге ұлт өкілдерін әскерге тарту сынды сұрақтар қойылды.
Дамира Маратқызы әскерге шақыру науқанын тиісті деңгейде өткізбей жүрген ауылдық округ әкімдерінің жұмысын сынға алды. Әсіресе, Сортөбе және Масаншы ауылдық округтерінде бұл жұмыс ақсап тұр. Осы ретте аталған ауылдық округ әкімдеріне шара қолдану қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар, Дамира Сүгірбай патриотизмді, отансүйгіштікті насихаттайтын іс-шаралардың сапалы түрде өткізілуін, ер азаматтарды әскер қатарында қызмет етуге үгіттейтін көрнекі ақпараттардың және бейнероликтердің тұрақты түрде шығарылып тұруын тапсырды. Өз кезегінде этномәдени бірлестіктер өкілдері де ойларын ортаға салып, Отан қоғау – ізгі борыш екенін атап өтті.