ОТАР АУЫЛЫНЫҢ КІРЕБЕРІСІНДЕ ЖАҢА АРКА БОЙ КӨТЕРДІ

0

Отар ауылында мектеп түлектерінің бастамасымен ел есінде қалатын игі іс атқарылды. 24 мамыр күні ауылдың кіреберісінде жаңадан орнатылған арканың салтанатты ашылуы өтіп, ауыл ажарына ажар қосылды. Бұл — К.Әзірбаев атындағы №41 орта мектептің 2005 жылғы түлектерінің туған жерге деген сүйіспеншілігінен туған елеулі тартуы.

Игі шара биыл мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектердің ұсынысымен жүзеге асты. Олар «Соңғы қоңырау» мерекесімен тұспа-тұс келген күнді пайдалана отырып, ауылға көрнекі әрі символикалық мәні зор естелік қалдыруды жөн көрген. Түлектердің өз қаражаттарына тұрғызылған арка – перзенттік парыз бен елге деген шынайы ықыластың жарқын үлгісі.

Ашылу рәсімінде ауыл ақсақалдары мен қадірменді қонақтар сөз сөйлеп, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Олар ұрпақтар сабақтастығы, туған елге қызмет етудің маңызы жайында ой өрбітіп, жастарға үлгі боларлық осындай істердің көп болуын тіледі. Ақсақалдар түлектерге ақ баталарын беріп, ел игілігі жолындағы еңбектеріне ризашылықтарын білдірді.

Салтанатты жиында Отар ауылдық округінің әкімі сөз сөйлеп, түлектерге ауылдың әлеуметтік және рухани өміріне белсене араласқандары үшін алғысын жеткізді. Сонымен қатар, ауылдың көркеюіне қосқан үлесі үшін 2005 жылғы мектеп түлектері арнайы алғыс хатпен марапатталды.

Арка — тек ауылдың кіреберісін сәндеп тұрған нысан ғана емес, ол алыстан ат басын бұрған әрбір жолаушыға Отардың іргелі елді мекен екенін айшықтап тұратын белгі. Бұл бастама туған жерді құрметтеудің, ұлттық сана мен жерлестік рухтың тірі көрінісіне айналды.

Отарлықтар бұл игі іс көпке үлгі боларына сенімді. Түлектердің бұл бастамасы алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауылды абаттандыруға бағытталған өзге де жобаларға жол ашпақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.