Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің ақпарат алаңында Отар ауылдық округінің әкімі Дидар Есимов округте 2025 жылғы 10 айының атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді.
Баспасөз мәжілісінде округ әкімі барлық салада жетістіктер бар екеніне тоқталды.
Дидар Серікұлының мәліметінше, аудандық «Мансап» орталығы арқылы 2025 жылы 42 жұмыссыз азамат ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша 50 азамат жұмыспен қамтылған.
Газдандыру бойынша округте 1 382 аула тіркелген, оның табиғи газға қосылғаны – 827 аула.
Елді мекендерді абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстары бойынша, жыл басынан округте көктемгі абаттандыру, санитарлық тазалық екі айлығы мен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 19 жаппай сенбілік ұйымдастырылыпты.
Ағымдағы жылдың көктемгі және күзгі әскерге шақыру науқанына 28 жас жіберілген.
Азық-түлік қауіпсіздігінің мәселелері және әлеуметтік маңызы бар тауарлар өнімдерінің бағалары өсуіне жол бермеу жөніндегі мәселелер ауылдық округ әкімдігі аппаратының үнемі бақылауында. Осы ретте, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына бірқатар мониторинг жасалған.
Ауылдық округте 13 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері орналасқан. Оның ішінде: 4-і жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 9-ы шаруа қожалықтары. Барлығы мал шаруашылығымен айналысады. Мал саны 2025 жылдың 10 айында 2,7 мың бас ірі қара, 2,2 мың бас жылқы және 31,2 мың бас ұсақ малды құрайды.
Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың қолдауымен мемлекеттік бағдарламалар аясында жоспарланған ауқымды жұмыстар жүзеге асып, әлеуметтік-экономикалық даму бағытында тұрақты өсім сақталуда.
Бюджеттің шығыс бөлімі 2025 жылдың 10 айында 373 019 мың тг. құрайды. Оның ішінде игерілуі бойынша, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 4,086 шақырым көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Отар ауылындағы Заңғар көшесіне трансформатор, Қонаев – Жекенов көшесінің бұрылысына жарықтандыру жұмыстары жасалыпты. Сонымен қатар, Момышұлы көшесіне балалар ойын алаңшасы орнатылып іске қосылды. Осындай балалар алаңшасы Аңырақай ауылында да орнатылған.
Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша, 10 айдың қорытындысы бойынша 136 жолдама тіркелген, жеке тұлғалардан – 119, заңды тұлғалардан – 17 түскен. Оның ішінде арыз саны – 136. Ауылдық округ әкімдігімен толығымен 136-і қаралып, жауабы уақытында берілді.