ОТБАСЫ ШЫРҚЫ БҰЗЫЛМАСЫН

0

Отбасында орын алатын тұрмыстық зорлық-зомбылық, келеңсіздіктер мен кикілжіңдер қоғамға тек зиянын алып келетін фактор. Соңғы жылдары бұл мәселелерге мемлекет тарапынан үлкен назар аударылуда. Дей тұрғанымен, ел іші болған соң мұндай іс-әрекеттер әлі де болса қоғамда орын алуда. Ал, оның алдын алу үшін не істемек керек, қандай шаралар қолданған жөн, нендей жұмыстар атқарылды? Өткен аптада аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ІI отырысы осы төңірегіндегі сұрақтарды талқыға салды.

Аудан әкімінің орынбасары, аталмыш комиссия төрайымы Дамира Сүгірбайдың төрағалығымен болған комиссия отырысында бөлім мен мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері мен әйелдер кеңестері төрайымдары шақырылды.
Үш сұрақ талқыланған келелі отырыста алдымен «Отбасында зорлық – зомбылық көрген әйелдердің құқығын қорғау» бойынша атқарылған жұмыстар туралы Қордай аудандық полиция бөлімінің жасөспірімдер ісі бойынша инспекторы Анастасия Басова баяндама жасады.
Полиция қызметкері баяндамасынан мәлім болғандай, биылғы жылы аудан аумағында әйелдерге қатысты 54 қылмыс тіркеліпті. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір азайғандығы айтылды. Оның ішінде отбасылық тұрмыстық қарым-қатынас саласында 2 қылмыс орын алған. Тұрмыстық қатынаста жасалатын қылмыстарды алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың 10 айында АПБ-нің қызметкерлерімен барлығы 177 қорғау нұсқамасы шығарылған. ҚР ӘҚБтК-нің 54 бабына сай әкімшілік істерді сотқа жолдау барысында ұсынымдар енгізіліп, аудандық сотпен 35 тұлғаға қатысты мінез құлқына 3 айға дейінгі мезгілге ерекше талаптар қойылыпты. Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК 73-бабымен көзделген отбасылық қарым-қатынаста құқық бұзушылықтарға жол берген үшін биыл 90 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.
Отбасы-тұрмыс саласында құқық бұзушылықтың алдын алу үшін полиция бөлімі тарапынан орта оқу орындары, жалпы білім беру мекемелерінде, ұйымдар мен кәсіпорындарда бірнеше рет лекция оқылған. Сондай-ақ халықты ақпараттандыру мақсатында отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында жұмыс жүргізетін, сондай жағдайларда балалы әйелдерге көмек көрсететін (Дағдарыс орталығы, және сенім телефондары) арнайы қызмет және мамандар туралы ақпарат берілген. Іс-шара барысында дағдарыс орталығында тұрмыстық зәбір көрген 19 әйел 38 бала орналастырылыпты.
Келесі кезекте сөз алған Қордай ауданының білім бөлімінің басшысы Санат Аширбеков «Бақытты отбасы» жобасының (өмірде қиын жағдайға тап болған жасөспірімдер мен жайсыз отбасыларды анықтау, олардың әлеуметтік жағдайларына талдау жасау) жүзеге асырылуы туралы баяндама жасады.
-Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Қордай ауданының білім бөлімі 2022 – 2023 оқу жылы басталғалы, Қордай аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен балалар жол-көлік жарақатының алдын алу, балалардың көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріп-тұру дағдыларын нығайту, жасөспірімдер арасындағы қылмысты ескерту және оның алдын алу, оның ішінде білім беру ұйымдарының оқушылары арасындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу мен кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ балаларға қатысты қылмыстық қол сұғылмаушылықтар бойынша бірқатар іс-шаралар атқаруда,- деген баяндамашы өмірде қиын жағдайға тап болған кәмелетке толмағандар мен олардың отбасыларын әлеуметтік және психологиялық қолдау мақсатында атқарылып жатқан түрлі іс-шараларға қарамастан, отбасындағы әлеуметтік жайсыздық деңгейі аз емес екенін жеткізді.
— Бүгінгі күні аудан бойынша полиция бөлімінің есебіне алынған 31 жайсыз отбасыларында 43 мектеп оқушылары және 15 бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мекемелерінде тәрбиеленуде. «Қиын» жағдайға тап болған жайсыз отбасылармен мектеп әкімшілігі, полиция қызметкерлерімен бірлесіп, үй-жайларын аралап, тұрмыстық-әлеуметтік жағдайлары зерделеніп, сондай-ақ «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы негізінде аудан бойынша жалпы саны 953 балаға киім-кешек пен оқуға қажетті құрал-жабдықтар демеушілер тарапынан алынып берілді. Мектеп жасындағы балалары бір мезгіл ыстық тамақпен де қамтылған. Сонымен қатар, аталған отбасылардың балаларының бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында, мектептен тыс қосымша спорттық, шығармашылық үйірмелермен қамтылған, — деді С.Аширбеков.
Баяндамада мәлім болғандай өмірде қиын жағдайда қалған 3 отбасы оңалту орталығына орналастырылған. Бұл отбасылардың мектеп жасындағы 5 баласы аудан орталықтарындағы мектептерде білім алса, мектеп жасына дейінгі 2 баласы аналарының қасында. Аталған отбасылармен орталықтың арнайы психологы жұмыс жүргізуде екен. Бөлім басшысы қиын жағдайда қалған отбасыларға өзге де құқықтық көмектер көрсету барысы жайында да кеңінен айтып өтіп, тіпті құжаттарын жасауға да көмек берілгенін жеткізді. Сондай ақ, «Жусан» операциясы барысында елге келген отбасыларға да заңға сәйкес көмектер мен қайырымдылық көмектер көрсетілген.
-Ал, жалпы оқушылар жайы бойынша қазіргі таңда тәртіпсіздік пен теріс қылық танытып, Қордай ауданының полиция бөлімінде барлығы 6 оқушы есепте тұр. Мектепішілік есепке алынған оқушылар саны 32-ні құрап отыр. Аталған балалармен жұмыс жоспары құрылып, әлеуметтік медициналық көмек көрсетіліп, әр түрлі іс-шаралар атқарылуда. Сонымен қатар, аталған оқушылар спорттық, қолөнер, шығармашылық үйірмелерге тартылған. Мектеп директорларының құқықтық және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мектеп психологтары, әлеуметтік педагогтар, мектеп мейірбикелері мен мектеп инспекторлары күнделікті жұмыс жүргізіп, бақылауға алып, тұрмыстық жағдайы зерделеніп, оқушылар мен ата-аналарына профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады, — деген баяндамашыға бірқатар сұрақтар да қойылып, тұщымды жауап алынды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Заурбаева да баяндама жасады. «Бақытты отбасы» жобасын жүзеге асыру барысында биылғы жылы 550 отбасы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етіліпті. 1017 баланы кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету мақсатына бюджеттен қомақты қаржы бөлінген. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар ішінен жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 121 азамат тартылған. Оның ішінде 88 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 28 азамат ақылы қоғамдық жұмыстармен, 2 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 1 адам «Жастар тәжірибесі» арқылы жұмыспен қамтылып, 1 адам қысқа мерзімді оқуға жолданыпты. Ал, жыл басынан бері өмірлік қиын жағдайға тап болған 107 азаматқа бір жолғы әлеуметтік көмек төленіп беріліпті. Жалпы 2598 отбасына демеушілер тарапынан қайырымдылық көмек көрсетілген.
Комиссия отырысында қаралған үшінші сұрақ — Ноғайбай, Қарасу, Степной ауылдық округтеріндегі әйелдер кеңесінің төрайымдарының атқарып жатқан жұмыстары туралы Ноғайбай ауылдық округінің әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлнәр Сейдахметоваға, Қарасу ауылдық округінің әйелдер кеңесінің төрайымы Галина Солошенко, Степной ауылдық округінің әйелдер кеңесінің төрайымы Лаура Тоқабай есеп берді.
Кеңес отырысын қорытындылаған Дамира Маратқызы бірқатар тапсырмалар жүктеді. Олардың қатарында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізу, «Бастау» отбасы мәселелері жөніндегі жұмысшы топтың жұмысын жандандыру, Қордай аудандық полиция бөліміне отбасында зорлық – зомбылық көрген әйелдердің құқығын қорғау бойынша жұмыстарды жалғастыру, білім бөліміне «Бақытты отбасы» жобасының жүзеге асыру бойынша жұмыстарды жалғастыру, білім беру ұйымдарында балаларға қатысты ерте жүктіліктің, қатыгездік және зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша жұмысты күшейту, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне «Бақытты отбасы» жобасын жүзеге асыру бойынша тиісті жұмыстарды жалғастыру, ауылдық округ әкімдеріне, әйелдер кеңесінің төрайымдарына әйел азаматшаларына қатысты туындаған (шешімін таппаған мәселе бойынша) мәселелер бойынша комиссияға уақтылы хабарлау, ажырасуға арызданған отбасылармен жұмыс жүргізу, әйелдер кеңесінің жұмысын жандандыру сынды тапсырмалар жүктелді.
Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.