ОТБАСЫЛЫҚ КӘСІП – ҚҰТ-БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

0

«Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл көсір» дейтін халқымыз төрт түліктің бұл түрінің пайдасын жақсы білген. Бүгінгі біздің тақырыбымыздың арқауы да сол – қой. Қой болғанда да оның жүні жайлы болмақ. Қайнар ауылының тұрғыны Бахтияр Хазиев кәдімгі қой жүнін кәдеге жаратып, табыс көзіне айналдырып отыр.

Ол жұбайы Эльмаз Мамедова екеуі цигейка, яғни өңделген қой жүнінен ересектер мен балаларға арналған кеудешелер, бас киімдер тігеді. Отбасылық кәсіпті осыдан бір жыл бұрын бастаған.

  – Бұл киімдер салқын күндері бойыңызды жылытады, теріге жағымды әрі денсаулыққа қауіпсіз. Көбіне тапсырыс берушілер той-томалақтарда, отбасылық мерекелерде бір-біріне сыйға тарту үшін алады. Күніне орташа 5-10 өнім дайындаймыз. Кеудешелерге деген сұраныс, әсіресе, күн суығанда артады»,-дейді кәсіпкер.

Жары Эльмаз Мамедоваға ісмерлік өнер анасынан дарыған. Отағасы екеуі қолға алған кәсіпте ол – тігінші болса, жары – киім пішуші.  Ал заманауи тігін техникаларын, пішу өнерінің қыр-сырын интернеттен өз беттерінше үйреніпті. «Youtube-те бәрі бар. Қолөнершілердің сабақтарын қарап, қайталадық. Әуелі бас киімдерді жасадық, қолымыз икемделе бастаған соң, балалар кеудешесін, кейін ересектерге арналған киімге көштік. Қажетті материалдарды Алматыдан алдырамыз, кейде өзіміз барып сатып аламыз. Жұбайым екеуімізден бөлек бізге үйдегі келіндеріміз қолғабыс етеді. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай бәрін осы жерде дайындаймыз»,-дейді есігінің ауласын шағын тігін цехына айналдырған ісмер.

Шетелде жүннен жасалған экологиялық таза киімдерді ерекше бағалайды. Ал біздің елде, жасыратыны жоқ, мұндай киімдерге деген халықтың қызығушылығы әлі де төмен. Сондықтан кәсіпкер отандық өнімді елге таныту үшін жарнама жағын мықтап қолға алуымыз тиіс дейді.  «Әзірге жарнама жағы ақсап тұр. Сол себепті, заманауи құралдарды қолданып, клиенттеріміздің санын арттырсақ, шығаратын киімдердің түрлерін көбейтсек деп отырмыз»,-дейді Бахтияр Хазиев.

Жүннен жасалған кеудешелердің бағасы ауыл тұрғындары үшін қолжетімді. Балалар кеудешесі – 3500 теңгеден, ересектер киімі – 7000-8000 теңге. Үлбіреген қой жүнінен жасалған киімдердің сапасы мен сәні келіскен. Әсіресе, кішкентай балақайларға арналған күлгін, ақшыл-сұр түсті кеудешелерді көрген көз сүйсінері сөзсіз. Тігін десе, ішкен асын жерге қоятын қайнарлық отбасының кәсібімен жақынырақ танысып, қолға алған істеріне береке тілеп қайттық.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.