4 сәуір күні Қордай ауданында әйелдер істері және отбасылық- жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрайымы Дамира Сүгірбай жетекшілік етті. Отырысқа комиссия мүшелері, бөлімдер мен мекемелер басшылары, ауылдық округ әкімдері, әйелдер кеңесінің төрайымдары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Алғашқы мәселе – өмірде қиын жағдайға тап болған, аз қамтылған жайсыз отбасыларды анықтау, олардың әлеуметтік жағдайларына талдау жасау, «Бақытты отбасы» жобасын жүзеге асыру жайы болды. Бұл жөнінде аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақсана Елеусізова жан-жақты баяндама жасады.
Өз баяндамасында ол нақты сандар келтіріп: «2025 жылы аудан бойынша 611 отбасыны немесе 2996 азаматты мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз ету мақсатында қаржы қарастырылды. Есепті кезеңге 185 отбасыға немесе 969 адамға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек беріліп. Сонымен қатар, бір жастан алты жасты қоса алғанға дейінгі 951 балаға қосымша төлеммен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен қаржы қарастырылып, жыл басынан 294 балаға қосымша төлем төленді. Тұрғын үй көмегіне де қаржы қарастырылып, жылыту науқанына жыл басынан 26 отбасыға көмек берілген», – деп атап өтті. Сонымен қатар, бөлім басшысы «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында жедел әрекет ету тобы құрылғанын, бұл топтың қиын жағдайдағы отбасыларды анықтап, оларға көмек көрсетуде бірқатар жұмыстар атқарғанын мәлімдеді.
Келесі кезекте Отар, Сұлутөр және Қарасу ауылдық округтеріндегі әйелдер кеңесінің төрайымдары есеп беріп, округтердегі отбасы институтын нығайту бағытында жүргізілген шаралар туралы баяндады. Отар ауылдық округі әйелдер кеңесінің төрайымы Т.Сатыбалдиева округте әрбір мемлекеттік және ұлттық мерекелерге орай арнайы іс-шаралар ұйымдастырылатынын, сондай-ақ Гвардейский гарнизоны, №41 және №43 мектеп әкімшілігімен бірлесе отырып, кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықты болдырмау, ерте жүктілік пен зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында дөңгелек үстелдер мен кездесулер өткізілгенін жеткізді.
Қарасу ауылдық округінің әйелдер кеңесінің төрайымы Г.Солошенко да өз сөзінде отбасы құндылықтарын насихаттау бағытында түрлі мерекелік және тәрбиелік мәні бар шаралар ұйымдастырылатынын айтып: «Осы іс-шаралардың нәтижесінде ауылымыздағы жағдай тұрақты: ажырасу фактілері тіркелмеген, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен басқа да жағымсыз жағдайлар орын алмаған. Ауыл тұрғындары мен отбасылары тату-тәтті, үйлесімде өмір сүруде. Осындай тұрақтылықты сақтау үшін алдағы уақытта да жұмысымызды күшейте түсеміз», – деді.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Қордай ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Мейірхан Оңалбаев пен Жамбыл ауылдық округінің әкімі Айдар Бірімқұлов баяндама жасады. Олар 2025 жылдың қаңтар айынан бері аудандық полиция бөліміне отбасын-дағы тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша түскен өтініштер мен шағымдар негізінде атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Жиынды қорытындылаған комиссия төрайымы Дамира Маратқызы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, әйелдер кеңесінің жұмысын жандандыру, тұрмыстық зорлық-зомбылық жиі орын алатын отбасылардың тізімін жасау, олармен жүйелі түрде әңгімелесулер өткізу және аудандық полиция бөлімімен бірлескен нақты шаралар ұйымдастыру қажеттігіне тоқталды.