ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЗЕРДЕЛЕНДІ

0

Қордай ауданында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының сапасын зерделеу мақсатында жұмысшы топ өкілдері іс-сапармен келді. Топ құрамында облыстық мәслихат депутаттары Талғат Сәрсенбаев, Айман Әшімова, Нұрсұлтан Темірхан, облыстық мәслихат аппаратының бас инспекторлары Рустам Айдынбеков, Сейіт Календеров, сондай-ақ облыстық ведомствоаралық ПМПК басшысы Ләззат Сейдазимова, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Ақсана Елеусізова болды.

Алдымен, арнайы жұмысшы топ «Аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу» орталығына барды. Орталықтың басшысы Эльнура Мінісқұлова мекеменің қызметі туралы жан-жақты баяндап, орталықтың мүгедек балаларға көрсететін көмегі мен оңалту шараларының тиімділігін атап өтті. Орталықтың қамқорлығындағы балаларға жеке бағдарлама әзірленіп, қажетті оңалту қызметтері ұсынылуда. Эльнура Мінісқұлова орталықтың мамандарының біліктілігі мен тәжірибесін, сондай-ақ жаңадан енгізілген инновациялық әдістерді атады. Сондай-ақ, орталықтың материалдық-техникалық базасы да көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін көрсетті.

Комиссия мүшелері орталықтың жұмысымен танысып, мамандармен сұхбаттасып, мүгедек балаларды оңалту процесін, олардың жетістіктері мен қиындықтарын бағалады. Жұмысшы топтың мүшелері орталық қызметкерлерінің тәжірибесін және ұсыныстарын мұқият тыңдап, мүгедек балалардың қажеттіліктерін ескере отырып, әлеуметтік қызметтерді жетілдірудің маңызды жолдарын талқылады.

Комиссия өз жұмысын жалғастырып, әлеуметтік қызметтерді бағалау мен жетілдіру жөніндегі жоспарларын құруды мақсат етіп қойғаны белгілі.

Жұмысшы топтың келесі аялдамасы «№7 Қордай аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы» КММ болды. Мекеме директоры Айнұр Алматаева мекеменің жұмысын жан-жақты баяндай отырып, мұндағы қызмет алушыларға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің маңыздылығын атап өтті.

Келесі кезекте, жұмысшы топ облыстық білім басқармасының «Психологиялық медициналық педагогикалық» консультация кабинетіне барды. Бұл кабинет психологиялық және педагогикалық қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған, әрі ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған. Мекеме мамандары жұмыс істеп отырған алгоритмдер мен әдістемелер жөнінде ақпарат бере отырып, балаларға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған жоспарларын ортаға салып, қосымша мәліметтер келтірді.

Аудандағы арнаулы әлеуметтік қызметтерді дамыту мен әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі жұмысшы топтың сапары, аудан тұрғындары үшін әлеуметтік қолдау мен құқықтық қорғауды жақсарту бойынша жаңа мүмкіндіктер табуға ықпал етеді.

Сапардың келесі кезеңінде жұмысшы топ аудандық білім бөліміне қарасты «Педагогикалық-түзету кабинеті» қызметімен танысып, мекеменің балаларға арналған арнаулы бағдарламалары мен түзету жұмыстарын бақылап өтті. Бұл кабинет мүгедек балаларға және ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған психологиялық, медициналық және педагогикалық көмекті қамтамасыз етеді. Мұнда, білікті мамандар балалардың білім алу мүмкіндіктерін кеңейту бағытында тиімді әдіс-тәсілдер мен үздік тәжірибелерді пайдаланады.

Түс ауа жұмысшы топ өкілдері «Аудандық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» жұмысымен танысты. Бұл мекеме материалдық, психологиялық және құқықтық көмек көрсету шараларын жүзеге асырып, зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларды қорғау мақсатында жұмыс істейді.

Сапардың соңғы бөлігінде жұмысшы топ «Отбасын қолдау орталығына» барып, мекеменің қызметін зерттеді. Бұл мекеме отбасыларға кешенді көмекті ұсына отырып, олардың әлеуметтік, психологиялық және құқықтық мәселелеріне назар аударады. Орталықтың жұмысы отбасылардың әл-ауқатын көтеруге және балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

Аталған іс-сапар барысында жұмысшы топ өкілдері мекемелердің қызметін талдап, әлеуметтік қызметтер көрсетудің сапасын арттыру үшін қажетті ұсыныстар мен пікірлерін ортаға салды. Ұйымдар арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу мүмкіндігін тиімді пайдалану – аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартудың тиімді жолы болып қала бермек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.