Тұрмыстық зорлық-зомбылық және оның салдарлары жалпы республика бойынша өткір тұрған мәселелердің бірі. Айта кету керек, елімізде бұл проблеманы шешуге айтарлықтай көңіл бөлінуде. Сейсенбі күні «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында құрылған «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және бизнесті дамыту» жұмыс тобы аудан орталығында бірнеше іс-шара өткізді.
Мобильді топтың жұмысына Жамбыл облысы әкімінің әйелдер мен отбасы құқықтарын қорғау жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Ә.Қайназарова, Жамбыл облысы әкімі аппаратының бас инспекторы, облыс әкімдігінің әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының хатшысы З.Тургынова, Жамбыл облысы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы М.Лештаева, қауымдастықтың атқарушы директоры Е.Балло, облыстық полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы Д.Кинжеханова және облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Ж.Қалыбекова қатысты. Тиісті сала өкілдерінен құрылған топ мүшелері ең алдымен Қордай аудандық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығына барып, онда қызмет алушылармен сұхбаттасып, орталықтың жұмысымен, проблемалық мәселелерімен таныс болды. Осыдан кейін «Аmanat» партиясы аудандық филиалының ғимаратында аудан жұртшылығымен кездесу өткізді. Еркін форматта өткен басқосуда облыстан келген меймандар зорлық-зомбылықпен күрес, отбасы институтын дамыту, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды негізге ала отырып тәрбие беру жайында жиналған қауыммен әңгіме өрбітті. Кездесуге келген аудандық билер кеңесі, аналар алқасы, әкелер кеңесінің мүшелері және мектеп психологтары да көтеріліп отырған мәселеге қатысты өз ойларымен бөлісті. Әрбір спикер бұл мәселенің аудан тұрғындары үшін де, жалпы ел үшін де маңыздылығын атап өтті. «Ұлттық отбасы саясатының мемлекеттік бағдарламасы әр отбасында айтылып, оқу орындарында да өткізілуі керек. Отбасын нығайту идеологиясын әзірлеу маңызды. Қоғамда балаларға да, әйелдерге де қатысты зорлық-зомбылық фактілеріне мүлдем төзбеушілік, өзара сыйластыққа тәрбиелеуге баса назар аудару қажет»,-деді жиынға қатысушылар.
Ал жиын барысында сөз алған облыстық полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы Д.Кинжеханова Жамбыл облысы бойынша тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты деректерді жеткізді. Құзырлы орган қызметкерінің мәліметінше, 8 айдың ішінде 1288 әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. Оның ішінде 14 ауыр қылмыс дерегі тіркелген.
Келесі кезекте облыстан келген жұмыс тобы отбасын, әйелдерді қорғау, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау жүргізді. Сонымен қатар, бұл уақытта Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының психологы аудандық «Coworking» орталығында қиын жағдайға тап болған отбасылармен және аудандық дағдарыс орталығының қызмет алушыларымен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық қарым-қатынастарды нығайтуға арналған тренинг өткізіп, азаматтарға жеке мәселелері бойынша кеңес берді.
Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ
Prev Post
Next Post