ОТШАШУ: ПИРОТЕХНИКАНЫҢ ЗИЯНЫ

0

Бенгаль оттары мен петардсыз Жаңа жылды елестету мүмкін емес. Қаңтар айының алғашқы минуттарында Қазақстандық қалаларда аспан оттармен жарқырайды. Бірақ бұл қауіпті ойын-сауық. Проблеманы болдырмау және мерекені бұзбау үшін пиротехниканы пайдалану ережелерін егжей-тегжейлі зерттеу керек.

Пиротехниканы сатып алғанда, қаптамаға назар аудару ұсынылады. Ол бүтін, ысырылмай, жақсы басылған заттаңбасы бар болуы керек. Сонымен қатар, сатушыдан қауіпсіздік сертификатын сұраған жөн. Егер ол сізге оны ұсына алмаса немесе одан бас тартса, сатып алмаған жұрыс. Қосымша заттаңбаның Мемстандартқа сәйкестік нұсқауын тексеру керек, онда осындай қауіпті заттарға қойылатын нормалар мен талаптар регламенттелген. Пиротехниканы таңдаудағы міндетті шарт таңдалған өнімнің жарамдылық мерзімін тексеру болып табылады. Ол орта есеппен 2-3 жылға тең деп саналады.
Салютты атқан кезде жануарлардың шошитынын, кішкентай балалардың қорқып, жылап жіберетінін бірнеше рет байқаған шығарсыз? Бұл – отшашудың дауысы мен жарқылдаған отынан қорқу. Ал оның ауа мен табиғатқа келтіретін зиянын ойладық па? Салютты атқанда ауаға ауыр металдар тарайды. Олар: барий, литий, мыс, натрий, стронций, күкірт, кремний, бор, хлор, алюминий, магний және тағы басқа. Бұл металдардың бәрі отшашуға не үшін қажет деген сұрақ туады. Мысалы, отшашудың құрамындағы мыс оны атқанда көк түс береді. Титан мен магний ақ түс боп жарқылдаса, литий мен стронций қызыл түс бөледі. Сонымен қатар пиротехниканың құрамындағы титаннан қатты дауыс шығады. Күн күркірегендегідей дауыс естілу үшін салют жасайтындар оны арнайы қолданады.
Осындай металдардың бөлінуінен соң ауаның қаншалықты ластанатынын ойлап көріңіз. Жаңа жыл мерекесінен соң далаға шықсаңыз, түтін көзге анық көрінеді.
Отшашудан ауаға зиян заттар тарайтынын айттық. Бірақ оның келтірер залалы мұнымен бітпейді. Пиротехниканы қолданып, оны далаға немесе қоқыс жәшігіне тастаған соң да қаптама қалдықтары микропластикаға айналып, улы зат бөледі. Улы заттар ауаға, топыраққа және суға тарайды.
Отшашудың адам денсаулығына келтірер залалы
Адам лас ауамен тыныстаса, оның өкпесіне зиян заттар жинала береді. Бұл бір жылда байқала қоятын құбылыс емес. Себебі астма, бронхит, аллергияның болуы және басқа да созылмалы аурулар ұзақ уақыт лас ауаны жұтқаннан ақырындап пайда болады. Ауадағы тұншықтырғыш газ ағзаға оттегінің түсуіне кедергі келтіреді. Лас ауаның салдарынан пайда болатын аурудың түрін толық түгелдеп шығу мүмкін емес.
Негізінен қатты дыбыс шығаруға, пиротехниканы оңды-cолды атуға тыйым салынған. Себебі өзге адамның тыныштығын бұзбау керек. Себебі отшашудың атылуынан, дауысынан кей адамдар күйзеліске түседі. Демек пиротехника ағзаға ғана емес, адам психологиясына да кері әсер етеді.
Сонымен қатар отшашуды мұхият қолданбаса, түрлі жағымсыз жағдайға себеп болуы мүмкін. Сондықтан да салютты 14 жасқа толмаған балалар мен мас күйіндегі адамдардың атуына тыйым салынған. Жылда бір отшашудың кесірінен қанша адам ауруханаға түсіп жатады.
Отшашудан қандай елдер бас тартқан?
Қытайдың Шанхай, Гуанджоу және Пекин қалаларында мереке кезінде отшашуды пайдалануға тыйым салынған. Оған себеп – мегаполистегі экологиялық жағдай, ауаның шектен тыс ластануы. Ал Еуропаның бірнеше қаласында, атап айтсақ, Парижде, Венада, Прага мен Дублинде, Брюссельде отшашудың барлық түріне тыйым бар. Бұл тізімге Нидерланд та қосылды және Еуропаның басқа елдері де осы шараны қолға алып жатыр. Олар пиротехниканың зияны ұшан теңіз екенін біліп, дер кезінде шара қабылдап отыр.
Отшашу кезіндегі қауіпсіздік талаптары қандай?
Пиротехниканы дауылды, желді ауа райында қолдануға тыйым салынады;
Кәмелетке толмаған азаматтар отшашуды тек ересектермен бірге тұтатып, тамашалауы қажет;
Тамашалайтын адамдар қауіпті аймақтан алыста, шамамен 30-50 метр қашықтықта тұруы қажет;
Пиротехниканы ұруға, оттың жалынына қол тосуға болмайды;
Пиротехниканы шылым шегіп тұрып қолдануға тыйым салынады;
Пиротехниканы алкогольді мас күйде тұтатуға болмайды;
Егер отшашу бірден тұтанбаса, оған бірден жақындауға болмайды. Кемінде бір минут күту қажет (тұтанбай қалған отшашуды қайта жағуға болмайды);
Отшашуларды салқын әрі құрғақ жерде сақтау керек (ылғалданып қалған жағдайда оны фен не басқа да жылыту құрылғыларымен құрғатуға тыйым салынады).
Отшашуды пайдалануға тыйым салынатын жерлер:
Ғимарат не тұрғын үй іші;
Жарылыс және өрт қаупі бар нысандар аумағы;
Темір жол, мұнай, газ құбыры және жоғары вольтты электр желілері маңы;
Шатыр және балкон;
Сахна, стадион және басқа да спорттық алаңқайлар;
мәдени ескерткіш, зират, қорық, ұлттық парк.

Еңлік САҚТАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.