ПАЦИЕНТТЕР ЕМХАНАҒА БАРҒАНДА ЖИІ КЕЗДЕСЕТІН 5 ЖАҒДАЙ

0

Емханаға жүгінгенде келеңсіз жағдайлар қаншалықты жиі орын алады және олардың көбін сол жерде шешуге болатынын білесіз бе?

Мәселе шешілмесе не істеу керек және пациенттер жиі қандай жағдайларға тап болады?

1-ЖАҒДАЙ

МӘМС жүйесіндегі мәртебеңіз «Сақтандырылған», бірақ емханада сізге сақтандырылмағансыз дейді. Осы кезде уайымға салынбау керек.  Техникалық ақау орын алып жатады немесе сіздің мәртебеңіз туралы мәліметтер емхананың медициналық ақпараттық жүйесінде жаңартылмаған болуы мүмкін.

 

Осындай жағдайда не істеу керек?

 

  • Қордың ресми ресурстарының бірі — Telegram-дағы @Saqtandyrybot, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасын ашыңыз немесе eGov.kz-тегі жеке кабинетке кіріңіз
  • Өз ЖСН-іңізді теріңіз;
  • МӘМС жүйесіне соңғы 12 айда төленген жарналардың көшірмесін аласыз.

Егер барлық төлемдер болып, сіздің мәртебеңіз «сақтандырылған» болса, Пациенттерді қолдау қызметіне хабарласыңыз. Қолыңызда болған жағдайда, төлем түбіртектерін көрсетуге болады. Сондай-ақ, мәртебені тексеру үшін 1414 Бірыңғай байланыс орталығына жүгіне аласыз. 

Егер соңғы 1 жылда төленбеген кезеңдер болса, мәртебеңізді қалпына келтіру үшін өткізіп алған барлық айларға жарналарды төлеңіз. Жарналар бойынша берешек төленгеннен кейін мәртебе 3 жұмыс күні ішінде жаңартылады. Яғни дәрігердің қабылдауына бірден жазыла алмайсыз, қабылдауды басқа күнге ауыстыру қажет. 

 

2-ЖАҒДАЙ

Сіз сақтандырылғансыз және МӘМС жарналарын үзбей төлейсіз, бірақ сізге  бейінді мамандардың қабылдауына және/немесе тексерулерге жолдамалар берілмейді.

 

Не істеу керек?

Бұл жолдаманы алу үшін сізде медициналық көрсеткіш болмауы мүмкін. Дәрігер пациентті консультациялық-диагностикалық қызметтерге жіберу туралы шешімді   диагноз белгілері негізінде және клиникалық хаттамаларды ескере отырып қабылдайды.

Егер сізде медициналық көрсеткіштер бола тұра  жолдама берілмесе, емханадағы Пациенттерді қолдау қызметіне жүгініңіз. Егер жағдай шешілмесе, сіз 1414 нөміріне қоңырау шалып, шағым қалдыра аласыз. 

 

3-ЖАҒДАЙ

Сізге тексерілуге немесе бейінді маманның кеңесіне жолдама берілді, бірақ жақын арада ол жерге жазылу мүмкін емес. Нәтижесінде күте тұруыңызды сұрайды. 

 

Не істеу керек?

Бұрын пациенттер өзінің тіркелген емханаларында ғана медициналық қызмет ала алатын немесе белгілі бір диагностикалық орталықта қымбат тексеруден өту үшін квотаны күтетін. Қазір емханада жоспарлы медициналық көмекті екі апта ішінде ұсына алмаса, пациентті қажетті консультациялық-диагностикалық көмек алу үшін бірлесіп орындау шарты бойынша жұмыс істейтін басқа медициналық ұйымға жолдамамен жіберуі тиіс.

 

Егер дәрігер жолдама беруден бас тартса,  Пациенттерді қолдау қызметіне немесе бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасарына жүгіну керек.  Мәселені сол жерде шешу мүмкін болмаса Медициналық сақтандыру қорының ресми кері байланыс арналары Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, 1414 бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы немесе fms.kz сайтының «сұраныс жіберу» бөлімінде өтініш қалдыра аласыз.

 

4-ЖАҒДАЙ

Сізге тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі немесе МӘМС пакетінде көзделген медициналық қызметтер үшін ақы төлеңіз дейді. Мысалы, КТ/МРТ нәтижелері жазылған диск пен пленканы сатып алуды  және алдағы айға жазыла алмауына байланысты ақылы негізде ультрадыбыстық тексеруден өтуді  және т. б. сұрайды.

 

Не істеу керек?

Мұндай жағдайларда бірден Пациенттерді қолдау қызметіне немесе бас дәрігердің емдеу ісі бойынша орынбасарына жүгініп, не себепті медициналық қызмет көрсетуден бас тартқанын сұрау қажет.

 

Егер мәселе шешілмесе, Сіз Қорға шағым жіберіп, ресми жауап күте аласыз. Әдетте бұл мәселенің күрделілігіне және жоспардан тыс мониторинг жүргізу қажеттілігіне байланысты 1-ден 5 жұмыс күніне дейін созылады.

Егер сіз төлем жасап қойсаңыз, ақылы қызметтерді алуға келіскендігіңізді білдіреді. Сондықтан сіз қаражатыңызды қайтара алмайсыз. Бұндай жағдайда медициналық ұйымға тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және алда  осындай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін Қорға хабарласу керек.    

 

5-ЖАҒДАЙ

Медициналық қызметтерге бөлінген қаражат лимиті таусылды, келесі айда келіңіз. Сіз осындай сипаттағы медициналық көмектен бас тарту жағдайына қаншалықты жиі ұшырайсыз?

Медициналық көмекке лимит жоқ. Егер тексеруден өтуге немесе бейінді маманның консультациясын алуға медициналық көрсеткіштер болса, сіздің учаскелік дәрігеріңіз өз емханаңыздың мамандарына жолдама беруі немесе бірлесіп орындау шарты бойынша басқа медициналық ұйымға жолдамамен жіберуі тиіс.

 «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»

КЕ АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.