ПАТЕРНАЛИСТІК ТӘУЕЛДІЛІК – ДАМУҒА ТЕЖЕУ

0

Кез келген мемлекеттің өркендеуінің түп негізінде басты алғышарт болып қоғамдағы жоғары дәрежедегі келісім мен өзара қолдау жатады. Осындағы әлеуметтік ауызбірлік пен ынтымақтастық мемлекеттің түрлі саладағы реформалық процестер өтіп жатқан өтпелі кезеңінде аса маңызды. Бұл тұста қоғамның азаматтық мәдениеті неғұрлым жоғары дәрежеде қалыптасқан болса, ол диалогтар мен консенсусқа да анағұрлым дайын болып келетінін атай кеткен абзал.

Дәл осы бір әлеуметтік ауызбірлік пен үйлесімді орнықтырудың қажеттігі әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасуға бет алған Қазақстан туралы конституциялық қағидаттарды бекіте түсудің негізгі бастауына алынып отыр. Әлеуметтік мемлекет құру концепциясы әлеуметтік әділдік идеясынан тамыр алады. Әлеуметтік әділдік дегеніміз, бұл, негізнен алғанда – теңдей мүмкіндіктер алаңы. Осы әлеуметтік мемлекеттің көптеген дамыған елдерде кең тараған бүгінгі таңдағы моделіне сәйкес, адам өзінің әл-ауқатының жақсаруына өзі жағдай жасауы міндетті, ал мемлекет оның әлеуметтік (жеке басының және жария өмірінің) тұрғыда өз-өзін жүзеге асыра алуына ұйымдастырушылық-құқықтық және функционалды мүмкіндіктер тудыруы тиіс.
Қазақстанды табысты түрде дамытудың маңызды факторы болып кәсіпкерлік мәдениетті дамыту, іскерлік алғырлыққа және жеке бастамаларға бағытталған құндылықтарды қолдау болып саналады. Бұл тұста «кәсіпкерлік мәдениет» дегеніміз, мағынасы жағынан «патернализмге» мүлдем қарама-қайшы дүниелер. Ал патернализм дегеніміз не? Егер жай сөздермен айтар болсақ, онда бұл ел азаматының өз өмірі үшін жауапкершілік алуға аса құлық танытпай, әл-ауқатының жақсы болуына деген барлық үмітін негізінен мемлекетке артып қоятын көңіл күй ұстанымын білдіреді. Басқа сөзбен келтірсек, патерналистік құндылықтар өмірлік ұстанымына айналған азаматтар өзінің жетістігін де, сәтсіздіктерін де тек өзінің ұмтылыс-талаптарымен ғана емес, сонымен қатар көп ретте өзі қамқоршы, жарылқаушы деп санайтын мемлекеттің рөлімен де тығыз байланыстырады. «Патернализм» ұғымы «әлеуметтік инфантилизм», «әлеуметтік мұсалдаттық» түсініктеріне өте жақын.
Қазір Қазақстанда шынайы жағдай тіптен басқаша. Сондықтан да ол азаматтарының дүниетанымындағы бұрынғыдан мүлдем өзгеше модельге мұқтаж. Экономикалық дамыған елдердің тұтастай тарихы, олардың жетістіктерінің түп негізінде «капитализм рухының» кең таралуы жатқанын (М. Вебер) сан мәрте дәлелдеп берді. Өзге елдердегі капитализмнің қалыптасу таңында кәсіпкерлік рухы үлкен рөл ойнады. Ол жеке адамға өз тағдырын өзі ие болып, қажыр-қайратымен кедейшілікті еңсеріп, кәсібін дамытуда басы артық шығындардан саналы түрде бас тартып, табыс табуға мүмкіндік берді.
Бүгінгі таңда патерналистік құндылықтар Қазақстан үшін экономикалық жетістіктерге жетуіне тежеу болып отыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, Жаңа Қазақстанды құру еліміздің алға ілгерілеуіне кедергі келтіретін кейбір құндылықтарды жоюды, соның ішінде патернализмді ауыздықтауды талап етеді. Өркендеу даңғылына тек қана «қамқоршы мемлекет және белсенділігі төмен азамат» сынды патерналистік схемадан бас тарту арқылы қадам басуға болады. Қазақстандық қоғамның бұқаралық санасында кәсіпкерлік қызметтің құндылықтарын, өз бетінше әрекет етудің және өз ісіңде адал жолмен жетістікке жетудің маңыздылығын мойындау ұғымы бекуі тиіс. Кәсіпкерлік мәдениет дегеніміз – бұл, өз тағдыры үшін, өз отбасы үшін тәуекелге барып, жетістікке жету үшін белгілі бір уақыт аралығында белгісіздік жағдайында өмір сүруге дайын белсенді азаматтардың өмірлік ұстанымдар құндылығы. Дәл осындай кәсіпкерлік мәдениетті алып жүру қабілетіне ие адамдар инновациялық идеялардың қозғаушы күші боп саналады. Бүгінгі заманның іскер адамы үшін табыс табу дегеніміз, қаншалықты деңгейде тек қана жеке басының мақсаты болса, соншалықты деңгейде өзін-өзі дамыта түсуді паш етудің жарқын үлгісі болуы тиіс (И.Шумпетер). Тұтастай бір халықтың белгілі бір мақсатқа жетудегі мәдениетінің құндылығы кәсіпкерлік мәдениетте ғана қалыптасып, шынайы көрініс береді (яки, жетістікке жеткен адамның қандай болу керектігіне байланысты орнығады).
Мемлекеттің міндеті – барлығына бірдей адал ойын ережесін қалыптастырып, әділетті әлеуметтік белсенділік үшін мүмкіндік туғызу.
Сонымен тоқ етерін айтқанда, мемлекет қамқоршы рөлінде болмауы тиіс. Бірақ азаматтарға өзін-өзі жүзеге асыруға мұрсат берсе, бастамашылдығы мен еңбегі арқылы үлес қоса отырып, әлеуметтік қарым-қатынастарға кіріге түсуге, өзінің әл-ауқатын өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі болатындай әлеуметтік-құқықтық жағдай туғызуға қатысты жауапкершілікті өз мойнынан алып тастамауы тиіс. Әркімге дамуына лайық құқықты жүзеге асыру үшін баршаға бірдей алғашқы қадам жасауға жағдай туғызу – мемлекеттің фундаменталды міндеті. Мемлекет кедейлікті, әділетсіздікті түбірімен жоюға, ресурстарды әділ бөлуге, мүмкіндіктер мен құқықтарды жүзеге асыруға, әділ сот төрелігіне теңдей қол жеткізуге, тек қана шын мәнінде мұқтаж жандарға қолайлы жағдай жасауға міндетті. Мемлекет негізінен алғанда халықтың аз қамтылған, яки объективті себептермен мүмкіндіктер шеңбері шектеулі бөлігіне ғана әлеуметтік қолдау көрсетуі қажет. Онда да мұндай қолдау барынша тиімді болуы тиіс және қаржыны тек пассивті түрде беріп қоюға ғана бағытталмауы керек, керісінше, осындай азаматтардың өз ісін ашуы үшін білім алуы, жаңа машықтарға ие болуы, оның өзін-өзі жүзеге асыруға, дамытуға қаншалықты мүмкін екеніне қарай көмектесуі тиіс.
Индира ӘУБӘКІРОВА,
Заң ғылымдарының докторы

Leave A Reply

Your email address will not be published.