25 қазан – Республика күніне орай кішкентай бүлдіршіндерге арнап патриоттық тәрбие беру сабағы өтті. «Керімбала» балабақшасының «Почемучки» мектепке дейінгі білім беру тобының балақайларына аудандық тарихи-өлкетану музейінде арнайы іс-шара ұйымдастырылды.
Аталған топтың ұстазы, педагог Жәмиля Алимова топтағы 22 оқушыға тәрбие сабағын өтсе, музей қызметкерлері олардың назарына қызықты экскурсияны ұсынды. Оқушылар алдымен музейдегі тарихи жәдігерлермен танысып, ауданның өткені жайында құнды мағлұматтарды тыңдады. Балақайлар өздерінің қызығушылықтарын көрсетіп, сұрақтарын да қойды.
Тәрбие сабағында оқушылар мемлекеттік Әнұранды шырқап, патриоттық өлеңдер айтты. Сонымен қатар, мемлекеттік рәміздерді білетіндерін көрсетіп, рәміздердің мән-мағынасын баяндап берді.