Жаңа жыл — әр адамның өміріндегі ең маңызды отбасылық мереке. Ол әрқашанда көтеріңкі көңіл-күй, ең жақсы жылы лебіздер, көп сыйлықтар әкеледі. Сонымен қатар мереке күні, әрине, салюттар мен отшашуларсыз елестету мүмкін емес. Оларды қауіпсіз қолдану туралы әрбір адам білуі тиіс. Пиротехникалық заттар әуелден адамдарға жақсы көңілді-күй сыйлауға арналған.
Отшашулар, салюттер және басқа да пиротехникалық өнімдер бұрыннан мерекелік тамаша әсер алу үшін қолданылады.
Ал жауапкершіліксіз олақ қолдарда ең қарапайым зілсіз заттың өзі өте қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан, мерекелік көңіл-күйді түсіретін дене күйіктерін, жарақаттар, өрттер және басқада келеңсіз төтенше жағдайларды болдырмау үшін пиротехникалық өнімдерді қолданған кезде төмендегі ережелерді сақтаңыздар:
Отшашуларды, салюттерді, тағы да басқа пиротехникалық өнімдерді тек арнайы дүкендерден сатып алыңыздар, оларды қолдан немесе базардан сатып алуға болмайды, себебі ол жерлерде сатылатын пиротехникалық өнімдер заңсыз әкелінген болып шығуы мүмкін. Отшашулар мен салюттерді тұрғын үйлердің немесе тез жанғыш заттардың қасында 20 метрден жақын жерлерде, төмен бастырмалар мен өсіп тұрған ағаштардың астында қолдануға болмайды.
Отшашуларды жаққан кезде білтесін бетке жақын ұстауға болмайды.
Отшашудың білтесін созылған қол қашықтығында жағу керек. Ол 6-8 сек. жанады.Отшашудан ұшқан от ұшқындарын өшіру қиын, сондықтан егер ол қолға тисе – міндетті түрде тері күйіп қалады.
Ракеталар мен отшашуларды адамдарға қарай атуға болмайды. Ракета — бұл қауіптілігі жоғары пиротехникалық бұйым. Кейде қардың үстіне орнатылған ракета бір жағына ауып кетіп, бағытын өзгертіп, адамдарға қарай ұшуы мүмкін. Сондықтан ракета сияқты пиротехникалық өнімдерді қолданғанда, олардың іске қосатын түтіктерінің жерге нық орнатылуын байқау қажет.
Отшашулар мен салюттерді қатты жел кезінде қолдануға болмайды.
Баларға пиротехникалық заттармен ойнауға тыйым салу керек. Пиротехникалық заттар – бұл балалрдың ойыншығы емес!
Пиротехникалық заттарды аяқтың астына құлатып алуға немесе әдейі тастауға мүлдем болмайды.
Отшашуларды (бенгалдық шамдар мен шартылдақтардан басқа) қолда ұстап тұрып жағуға болмайды.
Жағылған салюттер мен отшашуларға олардың қолдану әдісінде көрсетілген қауіпсіз қашықтықтан жақындауға болмайды.
Пиротехникалық заттарды қалтаға салып жүруге болмайды.
Отшашудың үстіне еңкеюге болмайды.
Әрбір пиротехникалық бұйымда оның қолдану әдісі туралы нұсқаулық жазылады. Сол нұсқаулықты мұқият оқып шығу үшін бір-екі минут уақытыңызды бөліңіз. Бұл Сізді пиротехникалық затты қолданғанда қате іс-қимылдан сақтайды.
Есте сақтаңыздар! Пиротехникалық заттарды қолданған кезде кездейсоқ бақытсыз жағдайлардың көбісі жауапкершіліксіз бен жете ойламаушылықтың салдарынан болады. Өздеріңізді, жақындарыңыз бен айналадағы адамдарыңыздың денсаулығы мен өмірін сақтаңыздар! Өрт немесе басқа да төтенше жағдайлар кезінде «101», «112» телефондарына хабарласыңыздар.
А.Әбіш, Қордай ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы