ПІТІР САДАҒА МӨЛШЕРІ БЕКІТІЛДІ

0

Пітір садақасы қажеттілігін қоспағанда, мал-мүлкі мөлшеріне жеткен әрбір мұсылманға беруі – уәжіп. Ол – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа.
Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес, сауап үшін беріп жатса өз еркі. Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді.
Пітір садақаның мөлшері бидай немесе ұн және мейізден жарты сағ (2 кг), ал арпа мен құрмадан бір сағ (4 кг), яки осылардың ақшалай құны беріледі.
2023 жылғы пітір садақаның бағасы нарықтық орташа бағасымен есептеліп төмендегідей бекітілді:
Бидай 2 кг – 340 теңге.
Ұн 2 кг – 535 теңге.
Арпа 4 кг – 520 теңге.
Мейіз 2 кг – 4270 теңге.
Құрма 4 кг – 8090 теңге.
Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі.
Пітір садақаны берудің уәжіп уақыты айттың бірінші күні. Оны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады. Уақытында бере алмаған жағдайда айт намазынан кейін берсе де болады.
Осыған орай 2023 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 535 теңге етіп белгіленді. Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (4270 теңге) немесе 4 келі құрмамен (8090 теңге) бергені жақсырақ. Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 3000 (үш мың) теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді.

muftyat.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.