Қордай – ежелден аграрлық аймақ. Бұл өлкеде жердің қадірін біліп, еңбекпен ырыс терген жандар аз емес. Аудан халқының басым бөлігі жерге тәуелді тірлігін дөңгелетіп отырғаны белгілі. Солардың бірі – Жаңатұрмыс ауылындағы егіншілікпен айналысатын отбасы, «Мария» шаруа қожалығының жетекшісі Мария Дунларовна мен ұлы Воуингуй Ахмет.
Пияз – бір қарағанда қарапайым көкөніс болғанымен, оны өсіру үлкен төзімділік пен тиянақты күтімді қажет етеді. Бұл істі отбасы 2024 жылдан бері қолға алған. Алғашқы жылдары-ақ өздерінің бағы мен маңдай терінің жемісін көріп, биыл пияздың көлемін арттырған. Бүгінде Сортөбе ауылында тұратын отбасы Жаңатұрмыстағы 15 гектар алқапқа пияз еккен. Бұдан бөлек, егістік жердің бір бөлігінде бұршақ та өсіріп отыр.
Шаруашылықтың негізгі тірегі – анасы Мария Воуингуй. Ал барлық дала жұмысы мен күнделікті күтім – ұлы Ахмет пен оның жұбайының мойнында. Жер жыртып, дән сепкеннен бастап суарып-баптауға дейінгі тірлікті өздері тындырып келеді.
– Жерге еңбегің сіңсе, жер де берекесін береді. Қиындығы да, қызығы да бар бұл шаруаның. Биыл әр гектардан шамамен 60 тонна өнім аламыз ба деген үміттеміз. Бұйырса, қыркүйек айында пияз жинау науқаны басталады. Табиғат тосын мінез танытпаса, өнім мол болады, – дейді Воуингуй Ахмет.
Шаруашылықта бір «Беларусь» және бір «YTO» тракторы бар. Дала жұмыстары осы техникалардың көмегімен атқарылады. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығындағы техникалық жаңғыртуға мән беріп жүрген отбасы болашақта техниканы көбейтіп, жұмыс көлемін ұлғайтуды да көздеп отыр.
Айта кетерлігі, Ахметтің бір ұлы мен екі қызы бар. Ол ұл-қыздарын да кішкентай кездерінен егістікке апарып, еңбектің қадірін үйретіп келеді. Алқаптағы қызу жұмыс пен күнге күйген маңдай тер – бұл отбасында тәрбиенің бір бөлігі. Әкесінің айтуынша, «жердің иісі мен топырақтың тіліне бала жастан қаныққан ұрпақ – ертең еңбекке адал болады».
Бүгінде Қазақстанда көкөніс өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Әсіресе, пияз – экспорттық әлеуеті зор дақыл. Осы орайда «Мария» ШҚ-ның пияз шаруашылығы – тек жеке отбасының емес, жалпы ауыл экономикасының дамуына үлес қосатын маңызды тірлік.
Адал еңбекпен адал асын тауып отырған бұл отбасы – нағыз еңбек адамының жарқын бейнесі. «Жер – жомарт, тек оның тілін таба біл» деген тәмсілге сай, олар тіршіліктің тұтқасын тереңнен тартып келеді.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ