Аудандық Мәдениет үйінде 23 маусым – Полиция күніне арналған салтанатты шара өтті.
Бұл шара еліміздегі құқық қорғаушылардың қоғамдағы мәртебесін арттырып олардың адал қызметін бағалауға арналды. Аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов, барлық полиция қызметкерлерін аудан әкімінің атынан құттықтап, оларды ынталандырып, жылы лебізін білдірді. Ол сөзінде халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында жүргізіліп жатқан қажырлы еңбектің қандай маңызды екендігін атап айтты.
Салтанатты шарада Бақыт Сахатов бірқатар үздік тәртіп сақшыларына аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын табыстады. Бұл – олардың жоғары кәсібилігін және қызметіне деген адалдығын мойындаудың тамаша бір көрінісі болды. Аудандық мәслихат атынан да, аудандық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Қарлығаш Қыпшақбаева бірқатар тәртіп сақшыларын Құрмет және алғыс хаттармен марапаттады. Бұл әр қызметкердің еңбегіне көрсетілген ерекше құрмет. Салтанатты шараның соңында аудан өнерпаздарының концерті өткізілді.