Полиция бөлімінің жаңа ғимараты ашылды

0

Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында Қордай ауданында полиция бөлімінің бірден екі жаңа ғимараты қолданысқа берілді. Аудан орталығы – Қордай ауылында 150 келушіге арналған ғимарат ашылса, халық тығыз шоғырланған Сортөбе ауылында 75 келушіге арналған полиция бөлімінің жаңа ғимараты тәртіп сақшыларының қолданысына берілді. Бұл нысандар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық қорғау саласының тиімділігін арттыру мақсатында салынған.

Жаңа ғимараттар заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген және полиция қызметкерлерінің жұмыс істеуіне барынша қолайлы жағдай жасайды. Бұл халықпен тығыз байланыс орнатып, құқық бұзушылықтың алдын алу мен азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Қос нысанның ашылу салтанаты Қордай ауылында өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров, облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Аманбеков, аудан әкімі Бегзат Болатбеков, аудандық полиция бөлімі басшысының м/а Уәлихан Ағыбаев, құқық қорғау саласының қызметкерлері және ардагерлері, аудан тұрғындары қатысты.

— Құрметті қордайлықтар бұл нысанның ашылуы – аудандағы құқық қорғау саласының сапасын арттыруға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жасалған үлкен қадам. Жаңа ғимаратта қызметкерлерімізге қолайлы жұмыс жағдайы жасалып, заманауи техникалармен жабдықталған. Мұның бәрі тұрғындарымыздың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғаудағы жұмысты тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Осы ретте полиция қызметінің сапасы артып, құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігі жоғарлайтынына сенімдімін, – деді Нұржан Сәбитұлы ашылу салтанатында.

Сонымен қатар, Полиция департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрдалы Шералинге де құттықтау сөз беріліп, запастағы полковник тәртіп сақшыларын халыққа адал қызмет етуге шақырды.

Іс-шарада Мұхтар Аманбеков полицейлерге су жаңа 4 дана автокөліктің кілтін және жедел әрекет ету арнайы жасақ өкіліне жаңа микроавтобус кілтін табыстады.

Жаңа ғимарат заманауи техникалармен жабдықталып, тәртіп сақшыларының тиімді әрі сапалы жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Ғимараттарда уақытша оқшалау изоляторларынан бастап, қызметкерлерге арналған спорт залына дейін бар. Барлық жерде бейнебақылау жүйелері орнатылып, техникалар үшін арнайы орындар қарастырылған.

Полиция қызметкерлерінің басты мақсаты – қоғамдағы тыныштықты сақтау және адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Халық саны тұрақты өсіп келе жатқан аудан үшін жаңа ғимараттар осы міндеттердің орындалуына ықпал етеді деп күтілуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.