Премьер-министр Олжас Бектенов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді

0

Премьер-министр Олжас Бектенов  сапар аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өсімнің нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін ел экономикасындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексерді,  –  деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімдігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Үкімет басшысы өңірдің жүйе құраушы кәсіпорындарының, атап айтқанда химия, жеңіл өнеркәсіп, тау-кен саласы компанияларының қызметімен танысты. Сондай-ақ, аумағында жаңа ірі өндірістердің құрылысы жүргізіліп жатқан Jibek Joly арнайы экономикалық аймағына барды.

Қазіргі сәтте Жамбыл облысының өнеркәсібінде 44 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған, өңірде 859 кәсіпорын жұмыс істеп тұр, деп баяндады Үкімет басшысына әкімнің орынбасары Әбілхайыр Тамабек. Бұл ретте облыста химия саласын дамыту бойынша ауқымды шаралар қабылдануда. Jibek Joly арнайы экономикалық аймағының құрылуы бүгінгі таңда өңірдің бар әлеуетін тиімдірек іске асыруға мүмкіндік береді. Дәл қазіргі уақытта АЭА жүктемесі 86,7%-ға тең, 16 қатысушы компания тіркелген, оның 4-і жұмыс істеп тұрған кәсіпорын, 3-і құрылыс және орналастыру сатысында, қалғаны мемлекеттік сараптамадан өтуде немесе жобалау жүргізіліп жатыр. Мәселен, арнайы экономикалық аймақ аумағында қытайдың TAS Market және өзбектің Universal Trade LLP компаниялары өндірістерін локализациялауды жоспарлап отыр. ҚХР жобасы бастапқы кезеңде құны 12,9 млрд теңге болатын шойын, болат және ферроқорытпа өндіретін зауыт салуды, Өзбекстан тарапы – жалпы инвестиция көлемі $120 млн болатын қара металды балқыту және жұқа табақты мырышталған болат өндіретін кәсіпорын салуды көздейді. Алайда, бұл жобалар АЭА қызметінің басым түрлеріне жатпайды және тиісті жеңілдіктерді пайдалана алмайды. Премьер-Министр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігіне басым қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту мәселесін жедел пысықтауды тапсырды.

Бүгінде Жамбыл облысының локомотиві – химия саласы, оның үлесі 37%-ды құрайды. Өңірдегі қала құраушы кәсіпорындардың бірі — «Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыты, онда 1,8 мыңға жуық адам еңбек етеді. Жылдық қуаты 1 млн тонна тыңайтқышқа жетеді. Қазіргі уақытта табиғи газды пайдалануды шектеу себебінен өндіріс көлемінің төмендеуі байқалады. Кәсіпорынның толық қуатында тиімді жұмыс істеуі үшін 81 176 мың м3 қажет. Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы саласын тыңайтқыштармен қамтамасыз ететін кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету басты міндет екенін атап өтті. Үкімет басшысы Жамбыл облысының әкімдігіне және зауыт басшылығына мәселені шешу үшін Тараз қаласының 2-ші Газ тарату стансасын жаңғырту жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сонымен қатар фосфорлы гипс қалдықтарын орналастыру және ластануды болдырмау үшін ауданы 51,3 га жаңа үйінді құрылысын тезірек аяқтау міндеті қойылды.

Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында Олжас Бектенов Шу ауданының Шатыркөл-Жайсаң кластеріндегі жаңа байыту фабрикасына барды. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары 95%-ға аяқталған. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 1,2 млн тонна кенді құрайды. Іске қосу тамыз айына жоспарланған, бұл ретте кәсіпорын алдағы қазан айында өзінің есептік көрсеткішіне шықпақ. Премьер-Министр Олжас Бектенов өңір өнеркәсібіндегі үлесі 10%-ды құрайтын металлургия саласының келешегін атап өтіп, Үкімет осындай жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.

«Үкіметтің алдына қойылған міндеттің бірі — тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету. Биыл сын-тегеуріндерді ескере отырып, біз барлық салаға мультипликативті әсер ететін өнеркәсіптік өндірісті күшейтілген режимде дамытуымыз қажет. Жобаларды іске қосу және толық қуатта жұмыс істеу кезінде біз экономиканың дербестігін арттырамыз және жоғары білікті жұмыс орындарын ашамыз. Еліміздің барлық өңірінде оң өзгерістер бар: оларды қолдап, кеңейте беру қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларына, оның ішінде кәсіпорындардың толық жүктемесін қамтамасыз етуге назар аударылуда. Еліміздегі аяқ киім шығаратын негізгі зауыттардың бірі Жамбыл облысында орналасқан. Олжас Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, отандық өндірушілерді, оның ішінде жеңіл өнеркәсіпті қолдау шараларын күшейтуді тапсырды.

Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Шайқорық ауылындағы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған дәрігерлік амбулаторияға барып, облыс орталығына жақын маңда орналасқан Айша бибі ауылындағы Super-Рharm медициналық бұйымдар өндіретін зауытының қызметімен танысты. Үкімет басшысына өңірде 26 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіліп жатқаны баяндалды, оның 20-сы Ұлттық жоба шеңберінде салынып жатыр, оның ішінде дәрігерлік амбулаториялар, медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер бар. Облыстағы медициналық мекемелердің тозуы 40,3%-дан 36,5%-ға дейін төмендейтін болады. Сонымен қатар 4,5 млрд теңге 125 бірлік медициналық құрал-жабдық мен 30 санитарлық автокөлік сатып алуға бағытталды.

Шайқорық ауылында халық саны шамамен 6 мыңға жетті. Медициналық қызмет осыған дейін ескі ғимаратта көрсетіліп келген, ал диагностика мен талдау жасау үшін жергілікті тұрғындар 25 шақырым қашықта орналасқан аудан орталығына баруға мәжбүр болды, бұл өзіндік қолайсыздықтар тудыратын.

 «Мемлекет басшысы ауылдарда денсаулық сақтау нысандарының құрылысы мен жаңғыртылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Ауруханалар мен емханалар барлық заманауи сапа мен жайлылық стандарттарына сай болуы керек. Бұл жағдайда тек инфрақұрылымның болуы жеткіліксіз. Кадрлық әлеуетті үнемі арттырып отыру қажет. Сондықтан, әкімдік жаңа медицина мекемелерін іске қоспас бұрын, техникалық жарақтандырумен қатар, білікті мамандарды тартуға назар аударып, оларға тиісті жағдай жасауы керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы әкімдікке Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, ұлттық жоспар шеңберінде жыл аяғына дейін өңірдегі барлық медицина нысандарының құрылысын уақтылы әрі сапалы аяқтауды қамтамасыз етуді, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін тарту тетіктерін күшейтуді тапсырды.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова 2022 жылдан бастап өңірге 234 жас маман келгенін, жақын арада 2,5 мың дәрігер біліктілігін арттыру үшін оқудан өтетінін жеткізді.

Жамбыл облысында фармацевтика өнеркәсібін дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұнда бір реттік медициналық бұйымдар, инфузиялық ерітінділерді, қан және қан алмастырғыштарды құюға арналған системалар, биологиялық сұйықтықтарды жинауға арналған контейнерлер және т. б. өндіріледі. Super-Pharm зауыты отандық медициналық мекемелерді жылына 300 млн бірлік көлемінде бір реттік инъекциялық шприцтермен, тоқыма емес материалдардан жасалған бұйымдармен, лейкопластырьлармен, спиртті майлықтармен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Мұнда шикізаттан бастап дайын өнімге дейін технологиялық процестің толық циклі бар.

«Отандық өнеркәсіп сапалы дәрі-дәрмектер мен жоғары бәсекеге қабілетті медициналық бұйымдар шығарып, тұрғындар арасындағы қажеттілікті ескере отырып, өндірілетін өнім қорын жаңартуы тиіс. Еліміздің денсаулық сақтау жүйесі үшін мұндай кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуі өте маңызды», — деді Премьер-Министр.

Қазақстан Премьер-Министрі жұмыс сапары аясында Тасөткел су қоймасын реконструкциялау барысымен және ауыл шаруашылығында қолданылып жатқан су үнемдеу технологиясымен танысты.

Үкімет басшысы аймақ үшін маңызы зор су қоймасын қарап шығып, аталған нысанда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының жай-күйін тексерді.

Тасөткел су қоймасы Шу және Мойынқұм аудандарының барлық көлемі шамамен 35 мың гектардай суармалы жерін сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ осы жерден Тасөткел ГЭС қажеттілігі үшін су беру, Шу өзенінің төменгі ағысындағы Жамбыл облысының Мойынқұм, Сарысу аудандарына және Түркістан облысының Созақ ауданына экологиялық су жіберу жүзеге асырылады.

Бүгінгі күні су нысанында бөгеттің сейсмикалық тұрақтылығын арттыра отырып, реконструкциялау жөніндегі жобаның екінші кезегі іске асырылуда. Жер қазу жұмыстары, ұңғымаларды тазарту, өлшеу датчиктерін (пьезометрлерді) орнату 100%-ға орындалды. Апатты суқашыртқы жүйесі салынды, төтенше жағдай кезінде құлақтандыру және бейнебақылау жүйелері орнатылды, өткізу пункті жетілдірілді. Нысан биыл тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Премьер-Министр су инфрақұрылымы мәселесі Үкіметтің ерекше бақылауында екенін атап өтті.

«Еліміздегі барлық бөгет пен су қоймалары 1950-1970 жылдары салынған. Мемлекет басшысы Үкіметке 134 елді мекенде су басу қаупін азайту үшін 20 жаңа су қоймасын салуды және жұмыс істеп тұрған 15-ін реконструкциялауды тапсырды. Тасөткел су қоймасындағы құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын екенін көріп отырмыз. Бірақ бөгеттің сейсмикалық тұрақтылығын арттыра отырып реконструкциялаудан кейін апатты суқашыртқы жұмысын сынақтан өткізу қажеттілігіне баса назар аударуға шақырамын», — деп атап өткен Олжас Бектенов Жамбыл облысының әкімдігіне Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, сынақ жұмысын жүргізу мәселесін пысықтауды және нысандағы су деңгейін жобалық көлемге жеткізуді тапсырды.

Үкімет басшысы Ақбұлым ауылының «Шарипов» шаруа қожалығының егістігінде су үнемдеу технологиясын енгізу жұмысымен танысты. Шаруашылықтың егіс алқабының жалпы ауданы 330 га құрайды, оның ішінде қант қызылшасына 80 га бөлінген. Сонымен қатар пияз, картоп, жүгері және дәнді дақылдар өсіріледі. Жалпы жобалық қуаты — жылына 10 мың тонна өнім.

Ауыл шаруашылығы құрылымының аумағында тереңдігі 300 метрге дейінгі 11 ұңғыма орналасқан. 6 жаңбырлатқыш қондырғы жеткізіліп, орнатылды, соның нәтижесінде тамшылатып суару қазір 160 га аумақта жүзеге асырылуда.

Жалпы, ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологиясын енгізу және инфрақұрылымды жүргізу үшін Үкімет 80%-ға дейін инвестициялық субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау шарасын көрсетуде. Сондай-ақ су берушілерге тікелей субсидиялар бөлу арқылы фермерлерге су беру қызметінің құны арзандатылады. Бұдан басқа, жылдық сыйақы мөлшерлемесін 2,5%-бен, 5 млрд теңгеге дейін 10 жылға дейінгі мерзімге су үнемдеу технологиясын енгізетін жобаларға несие беру көзделген.

Үкімет басшысы су үнемдеу технологиясын енгізудің және егіншілікте суармалы алқаптарды ұлғайтудың маңыздылығын атап өтті.

Басымдық беріліп отырған ауыл шаруашылығы дақылдарының бірі — қант қызылшасы, оның егіс алқабы өңірде 10,6 мың га дейін ұлғайды. Биыл орташа өнімділігі гектарына 60 мың тонна болатын 600 мың тоннадан астам өнім өндіріледі деп күтілуде. Жиын-терім бойынша болжамдарды ескере отырып, Олжас Бектенов Жамбыл облысында қант қызылшасын өңдеудің өндірістік қуатын арттыру қажеттігіне назар аударды.

Бұдан басқа, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Жамбыл облысының әкімдігіне өңірде шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес бойынша барлық агротехникалық іс-шаралардың уақытылы жүргізілуін қамтамасыз ету тапсырылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.