Президент кеңесшісі Қордайда болды

0

Бейсенбі күні ауданға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапарымен келіп, Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Ернар Әбілдаев, аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбаймен бірге бірнеше елді мекенді аралап, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.

Бірінші кезекте Мәлік Нұржанұлы Кенен ауылындағы К.Әзірбаев атындағы әдеби мемориалдық музейіне барып, ақынның ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Сол жерде ақын рухына Құран бағышталды. Ақиық ақынның өміріне қатысты бағалы жәдігерлермен музей ішінде танысқан ол қонақтар кітабына өзінің қолтаңбасы бар тілегін жазып қалдырды.  Осыдан кейін Гвардейск қалашығындағы №43 Б.Момышұлы атындағы орта мектебіне барған Мәлік Отарбаев білім ошағының жәй-күйімен танысып, Қордай ауылына жол тартты.

Қордай ауылындағы орталық мешітте Президенттің кеңесшісі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аудандағы діни қызметкерлерімен жүздесті. Аудандық бас имам Әлмұхаммед Егізбаев дін саласындағы ахуалды баяндап, имамдармен таныстырды. Дін қызметкерлерімен сұхбат барысында Мәлік Нұржанұлы имамдардың Мемлекет басшысы атап өткен құндылықтарды көпшіліктің саңасына сіңірудегі рөлінің зор екендігін, бұл бағытта олардың білімдерін үнемі арттырып отыру керектігін айтты. Сонымен қатар ол, еліміздегі ішкі және сыртқы тұрақтылықты сақтауда имамдардың үлесі бар екенін атап өтті. Өз кезегінде аудан имамдары да ұсыныстарын жеткізді.

Түс ауа Мәлік Отарбаев Қарасу ауылдық мәдениет үйінде аудан жастарымен кездесті. Мәлік Нұржанұлы кездесуде жастармен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда көтерген бастамалары мен ұсыныстары туралы әңгімелесті. Өз сөзінде Президент кеңесшісі құрылтайда айтылған мәселелерді жүзеге асыруда жастардың қосар үлесі зор екенін және осы бағытта қоғам болып ұйысып, бірлесіп жұмыс атқару қажет екенін айтты. Кездесу барысында Мәлік Отарбаев жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер туралы ақпарат берді. Сондай-ақ өз сөзінде Мәлік Нұржанұлы жастарға қолдау білдіру Президенттің басты назарында екенін жеткізді. Жиын  барысында пайымды пікірлер айтылып, орнықты ұсыныстар ортаға салынды.

Сапарының соңында Президент кеңесшісі Масаншы ауылына барып, ауылдық мәдениет үйінде этнос өкілдерімен кездесті. Жиында көп ұлтты Қордай ауданындағы этносаралық қарым-қатынастар жайында айтылып, осы бағыттағы атқарылған тірліктер жайы да сөз болды. Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемдемесі мен зор ықыласын жеткізді. Сондай-ақ, Атырау қаласында өткен үшінші Ұлттық құрылтайдағы Президенттің «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» сөзіне тоқталып, Мемлекет басшысы көтерген өзекті мәселелер жайында әңгіме өрбітті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.