«№7 Қордай аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында» «Халықты әлеуметтік қорғау саласында стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттарының» негізінде, қызмет алушыларға стандарттың 7 бағыты бойынша (тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, мәдени, құқықтық, экономикалық) қызмет көрсетеді. Соның бірі, адамның ішкі жанын түсініп, демеу, бағдар беру үшін психологиялық алдын-алу, психологиялық кеңестер, психологиялық көмек (әңгімелесу, қарым-қатынас, тыңдау, көңіл-күй көтеру, белсенділікке ынталандыру т.б) психологиялық тренингтер, психологиялық жеке және топтық түзету жұмыстары жүргізіледі.
Орталықта тағдырлары ауыр қызмет алушылар бар, олардың әрқайсысы мен жұмыс істеу, психологиялық қолдау білдіру біздің қолымызда. Жаңадан келген қызмет алушылардың құжаттарын тексеру, мінез-құлыктарын зерттеп, темпераменттерін анықтап, өмірбаяндарымен танысып, 14 күн ішінде бақылау жұмыстарын жүргізіп, әрқайсысына жеке-жеке жұмыс жоспары құрылады. Қызмет алушылардың жеке қажеттіліктері мен қызығушылығын, қиыншылықтары мен проблемаларын анықтай отырып, жұмыс жоспарына сәйкес психологиялық тесттер, тренингтер, лекциялар, сауалнамалар жүргізіп, оның салдарынан олардың жеке бастарының тазалығын, бір-біріне деген тұлғааралық қарым-қатынастарын, өмірге деген көзқарастарын, суицидтің алдын алу жолдары бақыланады. Әр қызмет алушымен жеке-жеке сөйлесіп, олармен сырласып бір-біріне деген қарым-қатынастарын нығайтып тұлға- аралық сыйластықты күшейту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жұмыс жоспарына сәйкес қызмет алушылар әр мереке сайын орталықта ұйымдастырылған іс-шараларға тартылады.
Психолог болып жұмыс атқара отырып қарттарымызбен сөйлескенді, олардың мағынасы зор әңгімелерін тыңдағанды жаным сүйеді. Олардың ғибратты әңгімелерінің өзі қандай десеңізші! Әңгіменің майын тамызып тұрып айтатындары да бар. Айтып қана қоймайды, арасында ненің дұрыс, ненің бұрыс екенінде айтып отырады.
Әр мамандықтың өз қиындығы, өз қызығы бар. Психологтың жұмысы күрделі де, қызықты да. Психологиялық тренингтер өткізу – менің жұмысымның мәні.
Психолог — өзін терең түсіне отырып, өзгелердің жан дүниесін түсінуге, зерттеуге ұмтылатын зерттеуші. Бұл мамандықты шын жүрегімен жақсы көріп, мол жауапкершілікті сезіне білген адам ғана таңдайды. Басқа мамандықтармен салыстыруға келмейтін сыры көп сыртқа әлі шықпаған, киелі мамандықтардың бірі десекте болады.
Г.НУРЛИБЕК, Орталықтың психологы