Рәміздер стандартқа сай болуы тиіс

0

Сәрсенбі күні аудан әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссиясының отырысы өтті.

Аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрболат Сатымқұлдың төрағалығымен өткен жиынға бөлім, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері және БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібіне екі мәселе шығарылып, оның біріншісі, яғни «Рәміздерді насихаттау, пайдалану және қолдану жөніндегі зерделеу барысында анықталған кемшіліктердің есебі» бойынша аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғалым Әлімжанов баяндама жасады. Бөлім басшысы осы жылдың 24-30 наурызы аралығында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі тарапынан Қордай ауылы мен «колхоз» аймағындағы мекемелерге жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесіне, сондай-ақ мамыр айында  Қордай ауданында мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау бойынша облыстық комиссияның зерделеу кезінде анықтаған кемшіліктеріне тоқталды. Тексеру барысында, әсіресе, аудандық білім бөліміне қарасты мекемелерде және аудандық орталық ауруханаға қарасты ауылдық емханалар мен амбулаторияларда мемлекеттік рәміздердің белгіленген стандартқа сай келмейтіндігі анықталғанын айтқан Ғалым Әлімжанов бүгінде бұл кемшіліктердің бірқатары жойылғанын, екінші жартыжылдықта мұндай зерделеу жұмыстары «колхоз» және «отар» аймақтарында жүргізілетінін жеткізді. «Азаматтарға патриоттық тәрбие беру, қазақстандық отансүйгіштікті, еліміздің рәміздеріне деген құрметті қалыптастыру мақсатында білім беру мекемелерінде насихаттау жұмыстары жүргізіліп, түрлі акциялар, кездесулер, «дөңгелек үстел» отырыстары және басқа да мәдени-көпшілік шаралар жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Қордай ауданына қарасты елді мекендерде Мемлекеттік рәміздер күніне орай Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері бейнеленген 15 баннер орналастырылды»,-деді баяндамасында.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Алға ауылдық округінің әкімі Берік Әбілдаев және Степной ауылдық округі әкімінің орынбасары Іңкәр Шүйшібекова сөз алып, өз елді мекендерінде мемлекеттік рәміздерді насихаттау, пайдалану және қолдану бойынша атқарған жұмыстары туралы баяндама жасады.

Комиссия отырысын қорытындылаған аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрболат Сатымқұл мекеме басшыларына бірқатар тапсырмалар беріп, мемлекеттік рәміздердің жай-күйін қатаң бақылауда ұстауға шақырды.

Сәуле Мұхадинқызы

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.