РЕСПИРАТОРЛЫҚ ИНФЕКЦИЯ МАУСЫМЫ: ӨЗІҢІЗДІ ЖӘНЕ ЖАҚЫНДАРЫҢЫЗДЫ ҚАЛАЙ ҚОРҒАУҒА БОЛАДЫ?

0

Бүгінгі таңда тұмау және басқа жіті респираторлық вирустық инфекциясы (ЖРВИ) жұқпалы аурулардың ішінде бірінші орында тұр. Адамзат бұл аурумен қанша күрескенімен, әлі күнге дейін жеңе алмай келеді.
Жыл сайын күз-қыс мезгілінде тұмау және басқа да жіті респираторлық вирустық инфекциялармен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі байқалады.
Жаңа эпидемиологиялық маусым ағымдағы жылдың 1 қазанынан басталып, келесі жылдың 1 мамырына дейін жалғасады.
Жамбыл облысында эпидемиологиялық маусым аралығында 30 мыңнан астам адам жіті респираторлық вирустық инфекциясымен ауырады екен. Оның 70% — дан астамын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды.
Өзімізді және жақындарымызды вирустық инфекциялардан қалай қорғауға болатындығы туралы біз Жамбыл облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының эпидемиологы Кеңесбаев Бекболат Асқарұлымен әңгімелескен едік.
— Бекболат Асқарұлы, айтыңызшы, тұмаудың ЖРВИ-ден айырмашылығы қандай?
— Тұмау — бұл жедел респираторлық инфекциялық ауру, оның қоздырғышы бірнеше типтегі (А, В және С) вирустар болып табылады.
ЖРВИ мен тұмау бір-біріне ұқсас клиникалық көрінісі бар көптеген ауруларды қамтиды. Бірақ бұл аурулардың 200-ден астамы басқа вирустар тудырады (аденовирустар, риновирустар, респираторлық синтетикалық вирус және т.б.).
— Тұмау вирусымен ауыру кімдер үшін өте қауіпті?
— Балалар мен қарт адамдар үшін тұмаумен ауыру – өте қауіпті болып табылады. Сондай-ақ, олардың арасына өкпенің созылмалы аурулары бар науқастар да кіреді (бронх демікпесі, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы және т. б.; жүрек-қан тамырлары жүйесі (туа біткен жүрек ақаулары, жүректің ишемиялық ауруы, жүрек жеткіліксіздігі); бауыр мен бүйрек, иммун тапшылығы бар жағдайлар; жүкті әйелдер; медициналық қызметкерлер; қоғамдық көлік қызметкерлері және т. б.
— Тұмау инфекциясы қалай пайда болады?
— Бұл өте жұқпалы ауру болып табылады. Инфекция ауру адамнан түшкіру, жөтелу және тіпті сөйлесу кезінде бөлінетін сілекей немесе шырыштың көрінбейтін тамшыларымен сау адамға беріледі. Сондай-ақ, лас қолдар арқылы да таралады.
Тұмау келесі асқынуларды тудыруы мүмкін: пневмония (өлім ықтималдығы 40%); энцефалит, менингит; жүкті әйелде жүктіліктің асқынуын, ұрықтың патологиясын; созылмалы аурулардың өршуін;
Ауруды емдеу дәрігердің бақылауымен жүзеге асырылады, ол пациентті тексергеннен кейін ғана емдеу режимін тағайындайды және басқа ұсыныстар береді.
— Кейбір азаматтар тұмауды антибиотиктермен емдей бастайды. Бұл туралы не айта аласыз?
— Тұмау ауруының алғашқы күндерінде антибиотиктерді қабылдау арқылы адам үлкен қателік жібереді. Ол вирусты жеңе алмайды, сонымен қатар олар қалыпты микрофлораны өлтіреді және иммунитетті әлсіретеді. Антибиотиктерді дәрігер бактериялық инфекцияның қосылуынан туындаған асқынулар дамыған жағдайда ғана тағайындайды.
— Тұмаудың алдын алудың ең сенімді әдісі қандай?
— Алдын алудың ең тиімді әдісі-вакцинация. Тұмауға қарсы вакцинаның құрамы ДДҰ ұсынысы бойынша жыл сайын өзгеріп отырады. Ең алдымен, тәуекел тобына кіретіндерге екпе ұсынылады. Вакцинацияның оңтайлы уақыты қазан-қараша.
— Неліктен тұмауға қарсы вакцинация қажет?
— Тұмау өте жұқпалы және тез таралады. Ол басқа ЖРВИ-ге қарағанда әлдеқайда ауыр және түрлі асқынуларға әкеліп соқтырады. Аурудан қорғану үшін екпені жыл сайын салдыру керек. Вакцинаның тиімділігі 97-98% дейін. Егер де, екпе – аурудан толық қорғамаған күннің өзінде , вакцинацияланған жағдайда ауруды жеңіл және асқынусыз өткізеді.
Жыл сайын облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа халықтың неғұрлым зардап шеккен тобы: балалар үйінің жеткіншектеріне, диспансерлік есепте тұратын жиі ауыратын балалар үйлеріне, жабық мекемелердегі қарттарға, жүкті әйелдер және медицина қызметкерлерін иммундау үшін тұмауға қарсы вакцина сатып алу жүргізіледі.
Балаларды тұмауға қарсы вакцинациялау 6 айдан басталады.
Ағымдағы жылы тәуекел тобындағы адамдар үшін тұмауға қарсы вакцинаның 94 мыңнан астам дозасы сатып алынды және тұмауға қарсы вакцинациялауды ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұдан басқа, жыл сайын халықтың өз қаражатына егулер жүргізіледі.
— 6 айға дейінгі балаларды тұмаудан қалай қорғауға болады?
— Біріншіден, тұмау эпидемиясы басталғанға дейін онымен байланыста болған барлық адамдарға вакцинация жүргізу қажет. Екіншіден, ересектер негізгі алдын-алу шараларын сақтауы керек. Эпидемия кезінде нәрестемен адамдар көп жиналатын жерлерге баруға тыйым салынады, сонымен қатар үйде қонақтарды жинау ұсынылмайды.
— Жүкті әйелдерге тұмауға қарсы вакцинаны қолдануға бола ма?
— Жүкті әйелдерде тұмауға қарсы вакцинаны қолдану – аурудың ауыр түрлерінің дамуы бойынша қауіп тобына жататындығына байланысты қажет.
Қорытындылай келе, маман науқас адам үйде қалып, айналасындағыларға жұқтыру қаупін тудырмауы керек екенін еске салды.
Қарапайым алдын-алу шараларына мыналар жатады: қолды жиі және мұқият жуу. Жөтеліп жүрген адамдармен байланыста болудан аулақ болу, салауатты өмір салтын ұстану (ұйқы, дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік). Сұйықтықты көбірек ішу, ауаны үнемі желдетіп, ылғалдандыру. Адамдар көп жиналатын жерлерге барғанда, бетперде қолданып, бетке, көзге, мұрынға жуылмаған қолды тигізбеу керек. Сонымен қатар вирустық инфекцияның белгілері байқалғанда, міндетті түрде дәрігерден кеңес алу қажет.

Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау
басқармасының баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.