РЕСПУБЛИКА КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

0

Өткен сенбіде ауданымызда 25 қазан – Республика күніне арналған салтанатты шара өтті. Әлжан ана ауылдық мәдениет үйінде ұйымдастырылған мерекелік жиынға аудан басшылығы, еңбек ардагерлері мен туған жердің дамуына атсалысқан азаматтар жиналды. Аудандық Мәдениет үйі қызметкерлерінің театрландырылған қойылымымен ашылған салтанатты шара аудан басшысы Мәден Мұсаевтың құттықтауымен жалғасты.

«Тірегі – тұрақтылық, тілегі – татулыққа негізделген елімізді бүгінде әлем бейбітшілік бесігі деп мойындайды. Біз мұны зор мақтаныш сезімімен айтамыз. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылған мемлекетіміздің толағай табыстары орасан. Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап мемлекетіміздің ел болып қалыптасуына, бүгінгі қол жеткізген жетістіктерінде Қордай халқының қосқан үлесі зор», — деп жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтаған Мәден Тоқтарбайұлы алдымен бірқатар көп балалы батыр аналарға Алтын алқаларын табыс етті. Осы күні Ақнұр Аймуханова, Айтолқын Абдыкадырова және Аида Бошкаева аудан әкімі қолынан «Алтын алқа» Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасымен марапатталды. Ал мерекелік медалімен «Қанағат» шаруа қожалығының басшысы Жұмақан Кәкетай, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен зейнеткер, құқық қорғау саласының ардагері Мұхтар Далбаев, меценат Асқарбек Жұмабаев, «Макулбаев» шаруа қожалығының басшысы Мейрамбек Мақұлбаев және «Қарасу» шаруа қожалығының басшысы Мәлік Нұрмаханбетов марапатталды.
Одан кейін ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлерге, қазіргі таңда еңбек етіп, ел экономикасын алға сүйреп жүрген жандарға Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары, «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» медалі, аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табыс етілді. Құттықтаулар легіне аудандық мәслихат хатшысы Нұрдин Садықов та қосылып, жүрекжарды тілегін жеткізіп, бірқатар жандарға марапат ұсынды.
Салтанатты кеш аудан өнерпаздарының тамаша концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.