РИЗАКҮЛГЕ ЕЛ РИЗА

0

Осыдан жетпіс жыл бұрын табиғаты ғажайып Шарбақтыда өмірге келіпті. Үлкен атасының есімімен «Бәлібай сайы» аталып кеткен тұста бұлардың кішкентай қоржын тамы тұратын. Әкесі Бәлібаев Тұрғын кешегі қанқұйлы соғыстың ардагері, жеті кластық білімімен-ақ орта қолды қызметтер атқарған еті тірі кісі-тұғын. Шарбақтыда магазин ұстады, салық жинаушы агент те болды. Күлила анасы үй шаруасын күйттеген қарапайым жан еді. Олардың алты қыз, бір ұлы болса, үлкені Мырзакүл, одан кейінгі осы Ризакүл. Сол әпкесіне ілесіп Шарбақтыдағы алақандай бастауыш мектептің табалдырығын имене аттаған шағы, алғашқы ұстазы Алма тәтейден дәріс тыңдаған кездері жадында. Үлкендер: «өскенде кім боласың?» деп сұраса «бұғалтыр боламын» деп таңдайы тақ-тақ етіп есепшотты шарт-шұрт ұратын балалық тәтті қылығы болған екен. Періштесі әумин деп сол есеп-қисап жағы бүкіл өміріне өзек болды емес пе.

Төртінші сыныптан бастап аудан орталығындағы Абай атындағы мектепке ауысты. Сынып жетекшісі болған майдангер Иманберді Әлейбеков, әдебиетші Ажар Иманбетова, орыс тілінің маманы Марзия Хакимовна, Зағипа, Рәтай, Дүрдана тәтейлерінің әрқайсысы бір-бір әлем еді ғой. Сабақты беріле түсіндіретін, шетінен атына лайық білікті мұғалімдер болды. Соның арқасында бұлар мектепті жақсы бітірді. Сыныптастарының көбі жоғары оқу орындарына түсіп кетті. Ризакүл де политтехникумның студенті атанды. 1974 жылы оқуды бітіріп, «Жоспарлы экономика» саласының жас маманы жаңадан құрылған Красногор ауданының қаржы бөліміне жіберіледі. Бастапқыда бухгалтер, бір жылдан соң аға бухгалтер болады.
1976 жылы Мұрат Жетібаевпен тұрмыс құрып, Қордай аудандық қаржы бөліміне ауысады. Байдәулет Жетібаевтай танымал адамның тұңғыш келіні атану да бір ғанибет. Ата-енесі бірінен бірі өткен биязы мінезді, кішіпейіл жандар екен, Ризакүлді туған қызындай қабылдады. Біреуге дауыс көтеріп жекуді білмейтін екеуі де мұны «қызым, қарағым» деп айналып-толғанатын да жүретін. Келіні де олардың ықыласына сай болуға тырысты. Жұмыстан келген бетте алжапқышын тағып алып үй тірлігіне білек сыбана кірісіп кететін. Үйлерінен қонақ үзілмейтін, дастарқаны жиылмайтын-ды. Ата-енесімен бірге тұрғанда қонақжайлықтың, үлкенге ілтипат, кішіге ізет көрсетудің сан қырларын меңгерді. Болат қайнысы үйленген соң барып ата дәстүрімен үлкен ұл мен келін еншісін алып қара шаңырақтан бөлініп шыққан.
Ері ПМК-43-те техника қауіпсіздігі инженері болып жұмыс істейтін. Ризакүл болса аудандық қаржы бөлімін Е.Шайділдаев, Т.Райысов, Ш.Молдақалықов тәрізді өз ісінің білікті мамандары басқарған 1976-1991 жылдар аралығында аға бухгалтер болды. Бұл жылдар Қордайдың қаржы бөлімінің жұлдызды кезеңі еді. ССРО Қаржы министрлігінің ауыспалы Қызыл Туын бес мәрте иеленіп, республикалық осындай марапатқа үш мәрте қол жеткізу айтқанға ғана оңай. Оған қоса «Коммунистік еңбек ұжымы» атауымен Жамбыл облыстық партия комитетінің Құрмет тақтасынан қатарынан он бес жыл түспегені ше. Ал, мұндай ұжымдық жетістіктерде бөлімнің аға бухгалтерінің де өзіндік үлесі болғаны даусыз.
1991 жылы қазан айында қаржы бөлімінен Салық инспекциясы енші алып жаңадан құрылып жатқанда оған бас бухгалтерлікке бірден Ризакүл Жетібаева таңдалады. Содан 2011 жылы зейнетке шыққанға дейін табан аудармай жиырма жылдан аса осы қызметті мүлтіксіз атқарды. Ал, қаржы, есеп-қисап саласы үлкен жауапкершілікті, тәртіп пен ұқыптылықты қажет етеді. Жазатайым есептен жаңылудың, немесе миллиондарды сапырып отырып пендешілікпен бұра тартудың арты не боларын өмірдің өзі көрсетіп отыр емес пе. Ал,Ризакүл ондайға жол бермеді, барынша адал қызмет етті. Өз ата-анасының балаларына «ала жіпті аттамау» жайлы үйреткен өмірлік сабақтары жадынан бір сәт те шыққан емес. Сөйтіп, өмірінің қырық жылын арнаған есеп-қисап қызметінде бір мәрте ескерту де алмапты. Есесіне, салалық министрлік, облыстық, аудандық басқармалар тарапынан алған алғыс хаттары мен грамоталары қаншама. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары-ақ Р.Жетібаева «Облыстың үздік бухгалтері» атағын иеленсе, 2008 жылы ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Н.Рахметовтың, 2010 жылы Д.Ерғожиннің қолы қойылған Алғыс хаттармен марапатталған. Сондай-ақ, Жамбыл облысы бойынша салық комитетінің, облыстық Кәсіподақ комитетінің, Қордай ауданы әкімінің, мәслихаттың мадақтамаларын алып, мерейтойлық медальдарын өңіріне таққан.
2011 жылы зейнетке шығу сәті келгенде аудандық салық басқармасының басшысы бүкіл ұжымды жинап Алғыс хатын, естелік сыйлығын тапсырып, әріптестері бірінен бірі өте жылы сөздерін айтып, қимастық сезімдерін білдірген болатын. Ал, жалпы, қаржы бөлімі мен салық басқармасының есеп-қисабын жүргізген қырық жылда қаншама әріптестерімен қызметтес, қиыспас дос болып еді десейші. Әуелде Есен Шәйділдаев, Темірбек Райысов, Шәпен Молдахалықовтай ағалардың алақан жылуын сезінсе, Болат Байтөле, Ерлібек Зикеев, Талғат Едігеев, Сәкен Қасабаев, Иван Вдовин, Сманалы Тұрғынбай, Диля Ахметова, Кеңескүл Шөжебаева, Гүлсім Тікенбаева, Сабина Сауранбаева, Рая Имашева және басқалармен тонның ішкі бауындай араласып, иықтасып қызмет атқарды. Көпшілігімен әлі күнге дейін сыйластық қарым-қатынасын үзген жоқ.
Зейнетке шыққаннан кейін де қарап жата алмай «БайНұр» шаруа қожалығында біраз жыл бас бухгалтер болды. Енді біржола үй жайына, немерелеріне көңіл бөліп, өз денсаулығын күйттейтін кез келді. Ері Мұрат 2006 жылы кенеттен жүрек талмасынан қайтыс болғалы шаңырақтың бас-көзі өзі. Шүкір, құдай берген ұл мен қызы өсіп-өнді. Қызы Дамира психолог мамандығын меңгеріп қазір Алматыда тұрады. Қара шаңырақтағы ұлы Данияр мен келіні Дамира мұны алақанына салып аялап отыр. Осы келініне дән риза, алдын бір кесіп өтпейді. Баяғыда өзі келін болып түскендегі ата-енесінің бұған деген ыстық ықыласындай, бұл да келініне бар мейірімін төгеді-ақ. Баласы үйленерде қалыңдығын Ауқаттыдағы үйінен ата дәстүрімен сырға тағып, ұзатып әкелген. Содан бері келіні сырласына айналған. Ал, құдасы – құрдасындай. Шын мәнінде құрдас, осы өткен аптада ғана келінінің әкесі Ербол Өтеулиев 70 жасқа толып мерейтойын өткізді. Енді алдағы аптада өзі де жетпіске келеді. Келіні Дамира Өтеулиева енесінің ізін жалғастырып, аудандық салық басқармасының (қазірше мемлекеттік кірістер басқармасы) бас маманы болып қызмет етуде. Қызметті қойшы, енесіне алтын асықтай үш немере сыйлағанын айтсайшы! Үлкені сегізінші сыныпта болса, кішісі екі жаста. Ерасыл, Әлинұр, Нұрисламдар әжесінің көз қуанышы, қолқанаты, айналып-толғанып үйіп-төгіп батасын жаудырып отыратын өмірінің жалғасы.
Жас ұлғайған сайын өткен күндер жиі еске түсетін болып жүр. «О, ерке өзен, ақтолқынды Ырғайтым» деп шарбақтылық ақын Ырза Қунақова жырға қосатын сылдыр қаққан тау өзенінің бойында өткен балалық балдәурен шақ қалай ұмытылсын. Кішкентай ғана қоржын тамда бір көрпені жамылып ұмар-жұмар құшақтасып жататын Мырзакүл әпкесі, Мейрамбек інісі, Алмагүл, Кеңескүл, Алтынкүл, Кенжекүл сіңлілері де ол күндерді сағынатын болар. Шүкір, бүгінде барлығы өсіп-өнген, бір-бір шаңырақтың отанасы. Тек, қатал тағдыр арадағы жалғыз ұл Мейрамбекті көп көріп, азамат болған шағында өмірден ерте кеткені өкініш. Одан кейін тұлымшағы желбіреп мектепке барған шағы, кәмелеттік аттестат алып үлкен өмірге құлаш сермеген күндер де сағынышқа айналған. 1970 жылы Абай мектебін бітірген еді, бұлардың класынан Мият жоғарғы оқу орнында ұстаз, профессор, Рыскен білім басқармасында әдістемелік кабинетте, Бүбін сауда саласында, Роза мұғалім, Виктор құқық қорғаушы, Нұрымкүл банк қызметкері, Алтынбек кәсіпкер, Үрімтай мал шаруашылығында еңбек еткен. Қазір бәрі де жетпіске келіп жатқан зейнеткерлер. 2010 жылы 40 жылдық кездесуде сыныптастарының біразы өмірден өтіп кеткенін біліп көңілі жабырқады.
«Ақшаға сағат сатып алсаң да, уақыт сатып ала алмайсың» деген емес пе. Адамға аманатқа берілген өлшеулі өмірде артыңда айта жүрерлік із қалғаны қандай ғанибет. Ризакүл Тұрғынқызының ғұмырнамасынан сондай жарқын іздерді көреміз.

Құрманбек Әлімжан, ардагер журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.