РОБОТОТЕХНИКА – ЖАҢА СЕРПІН

0

Биыл Батқайнар ауылында балалар үшін тың бағыттағы ерекше үйірме – робототехника үйірмесі ашылды. Бұл игі бастама ауыл оқушыларының ғылыми-техникалық шығармашылығын дамытуға және жаңа технологиялар әлеміне қызығушылығын арттыруға жол ашты.

Үйірменің негізін қалаушы – Нұртөре Мәлікұлы, 2003 жылы осы Батқайнар ауылында дүниеге келген. Ол инженер-энергетик мамандығын меңгеріп, кейін физика пәнінің мұғалімі атанған жас маман. Ауылдық мәдениет үйі ашылған сәтте Нұртөре өз бастамасымен робототехника үйірмесін ұйымдастыруды ұсынған. Бұл идея қолдау тауып, аз уақыт ішінде ауыл балалары арасында кең танымалдыққа ие болды.

«Қазіргі таңда балалардың IT саласына, робот жасау мен бағдарламалауға деген қызығушылығы ерекше. Барлық білім беру орындарында мұндай үйірмелердің болуы – заман талабы. Біздің мақсатымыз – ауыл балаларының да үлкен қалалардағы құрдастарымен тең дәрежеде білім алуына мүмкіндік жасау», – дейді үйірме жетекшісі Нұртөре Мәлікұлы.

Робототехника үйірмесі 2025 жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс істейді. Қазіргі таңда үйірмеге 50-ге жуық оқушы қатысады. Сабақтар екі бағытта жүргізіледі: LEGO жинақтарымен робот құрастыру (1–4 сыныптар);

Arduino негізіндегі автоматтандырылған жүйелерді құрастыру (5–7 сыныптар).

Бұл бағыттар жас ерекшелігі мен тапсырманың күрделілігіне қарай бөлінген. Кіші сынып оқушылары қарапайым механизмдер мен қозғалыс элементтерін үйренсе, жоғарғы топтағы оқушылар бағдарламалау негіздерін меңгеріп, күрделі жобалар әзірлейді.

Үйірме барысында балалардың қол моторикасы, инженерлік ойлау қабілеті, логикалық және шығармашылық дағдылары дамиды. Сонымен қатар, арнайы бөлімде балалар кубик Рубик секілді головоломкаларды жинап, зейін мен логикалық ойлауын шыңдайды.

Үйірмеге қатысушы оқушылардың бірі, Айтөре Оразғали, өз әсерімен бөлісті:

«Мен үйірмеге барғанды ұнатамын. Өз қолыммен робот құрастырып, бағдарламалау маған үлкен қуаныш сыйлайды. Алғашында қиын болғанымен, бұл сабақтар математика мен физика пәндерін жақсы түсінуге көмектесті. Ең бастысы, ойлау қабілетім артты», – дейді жас роботшы.

Нұртөре Мәлікұлының айтуынша, үйірме – жай ғана қосымша сабақ емес, ауыл балаларына болашақ инженерлер мен IT мамандарының алғашқы баспалдағы болмақ. Балалар тәжірибе жүзінде физика, математика және информатика пәндерінің байланысын көріп, нақты нәтижеге жетуді үйренеді.

Бүгінде Батқайнар ауылындағы бұл бастама аудандық деңгейде ғана емес, облыстық білім беру саласында да үлгі боларлық жобаға айналып отыр. Ауылдық мәдениет үйінде ашылған үйірме – ауыл жастарының болашағына салынған сенімді инвестиция.

Мадина УЗБЕКОВА

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.