Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деп атап өтті.
Мемлекеттік тіл Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, ұйымдарының және жергілікті өзін — өзі басқару органдарының жұмыс және іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылады. Ол біздің сот жүйесіне де тікелей катысты. Қазіргі таңда сот саласында да орыс тілінде қарайтын істер азаймай келеді. Кейде сот процесі өтетін залда бес қазақ отырып, істің орыс тілінде қаралатыны жаныңа батады. Яғни сот процестеріне арыз қай тілде берілсе, іс сол тілде қаралады. Жергілікті соттарда іс қағаздарын жүргізу, ішкі және шығыс құжаттары, жоғары сатыдағы соттармен және басқа да мемлекеттік мекемелермен хат алмасу 100 пайыз тек мемлекеттік тілде жүргізіледі.
Тегеуріні мықты тіліміздің құнарлы қазынасы бізге бабалардың қаны мен жаны арқылы мирас болып жеткені баршамызға мәлім. Ал енді қазақ еліне тән рухани құндылықты, ұлттық рухты, шұрайлы тілімізді сақтап қалу, оны дамыту мен өркендету қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі болуы шарт.
Сондықтан мен өз замандастарымды «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қадір Мырзалиев айтқандай, басқа тілді біле отырып, ең алдымен өз ана тілімізді құрметтеуге шақырамын. Қазақ тілінің тағдыры қазақтың өз қолында.
Ақын Мағжан Жұмабаев «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес,бір ұлттың тілінде көп ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады» -деген екен. Сондықтан ең қымбат қазынамыз-ана тілімізді бағалай білейік, оның елімізде басқа тілдерден мәртебесінің жоғары болуына, кейінгі ұрпақтың санасынан өшіп қалмауына ат салысайық.
Е.Ілиясов, Қордай аудандық сотының төрағасы