Мәдениет пен өнер қызметкерлері дегенде көз алдымызға бірден әнші, биші, актер сынды өнер адамдары келе қалады. Ал осы жандардың сахнаға я телеарнаға жарқырап шығуы үшін тер төгетін маман иелері тасада қалып жатады. Осы мақаламызда өздері көзге көп көріне бермейтін, бірақ жұмысы ұшан-теңіз жандар туралы жазбақпыз. Қордай ауданының тумасы Айбын Танабай – дыбыс режиссері. Ол халыққа кеңінен танымал болған көптеген телехикаялардың, толықметражды фильмдердің дыбысын жазған кәсіби маман. Жуырда кейіпкерімізбен сұхбаттасудың сәті түсіп, жұмысының қыр-сыры туралы сұрап-білдік.
– Айбын Сәкенұлы, өзіңіз туралы айтып өтсеңіз?
– Мен 1993 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Кенен ауылында дүниеге келдім. №42 Е.Қашағанов атындағы орта мектептің 2011 жылғы түлегімін. Кенен ауылының топырағына аунап, суын ішіп, сол жерде балдай тәтті балалық шағым өткен. Сабақтан келе салып, кеш батқанша көше бойлап, асық ойнап, көрші балалармен мәре-сәре болып доп теуіп, сол жүргеннен кешкі малдың алдынан шығып, үйге бірақ келетін кездер ғой. Үйдегілерден “қайда жүрсің кеш батқанша?” деген ұрысты естімеу үшін, малды үйге айдап бірге келетінмін. Бала кезімнен мектепте оқып жүргенде видео, фотоға түсіріп жүретінмін. Ауылда Тұрған есімді нағашы ағам тұрады. Нағашымның видеокамерасы және фотоаппараты болды. Ол кісінің қасында жүріп осы күнге дейін көп нәрсе үйрендім. Жоғарғы сыныптарда оқып жүргенде тойларды видеоға түсіріп, видеомонтаж жасай бастадым. Мектеп бітірген соң Алматы қаласындағы Еуразия Технологиялық Университетіне оқуға түсіп, білім алдым.
– Еңбек жолыңыз қалай басталды?
– Жоғары оқу орнын бітірген соң да өзімді қызықтыратын хобби ретінде көбінше тойларды фото, видеоға түсіріп, видеомонтаж жасап, Тұрған ағаммен бірге осы салада өзімізді дамытып отырдық. 2017 жылдың наурыз айында “Асыл Арна” телеарнасының дыбыс режиссері болып жұмыс істейтін ағамыз Ғани Байсал хабарласты. Астанада бір аптадан соң басталатын “Шабдалы” толықметрлі фильмінің түсіріліміне өзінің қасына көмекші керек болып тұрғанын айтты. Бұл ұсыныс өзіме қызық болып көрінді. Осы жайында үйдегілерге айтып едім, олар бірден қолдау көрсетіп, ойланбастан “бар” деді. Киноға деген алғашқы қадамым, сапарым осылай басталған болатын. Қазіргі таңда киноиндустрия саласында дыбыс режиссері болып қызмет жасаймын. Бұл салаға келуім әуелі Алланың, екінші Ғани ағамның арқасы. Осы күнге дейін дыбыс жазу маманы ретінде әртүрлі кино, сериалдардың, подкасттардың дыбыстарын жазып, өз тәжірибемді ұштап келемін.
– Неге таңдауыңыз дыбыс режиссері мамандығына түсті?
– Алғашқыда дыбыс режиссерінің көмекшісі қызметін атқардым. Бастапқыда жаңа кәсіпке үйренісу қиын болды. Күннің суығы, ыстығы бар деген сияқты, кино түсірілімі болғандықтан күн, түн демей жұмыс істейтін кездер де болды. Әйтсе де, бұл жұмыс маған ұнайтын. Сол қарқынмен екі жылдай дыбыс жазу, өңдеу саласында көп нәрсені үйреніп, тәжірибе жинадым. Содан кейін арнайы өзіме дыбыс жазу құрылғыларын сатып алып, жеке дыбыс режиссері ретінде жұмыс істей бастадым. Түсірілім алаңында әріптес болып жүріп, жақсы достар кездестірдім. Жұмыс барысында еліміздің көптеген талантты, танымал актер, актрисаларымен жақынырақ танысып, араласуға көп мүмкіндік болып тұрады. Әріптестеріммен бірге кинолардың алдын-ала жабық көрсетіліміне шақыру алып, ең бірінші көрермендердің қатарында боламыз. Бастаған іске ниетің болып, сол жұмыстан ләззат алып жұмыс істесең, шаршамайды да екенсің. Қандай жұмыс болмасын оның арғы жағында саған артылған үлкен жауапкершілік тұрады. Өзіңе жақсы көретін кәсіппен айналыссаң, кез-келген жұмыс жеңіл болып сезіледі.
– Жалпы дыбыс режиссерінің міндетіне не кіреді? Ол қандай қасиеттерге ие болуы керек?
– Әдетте түрлі бағдарламаларды, кино, сериалдарды көргенде немесе радио тыңдағанда біз дыбыс сапасын қамтамасыз етіп отырған маман барын ойламаймыз. Бір қарағанда, дыбыс режиссерінің жұмысы әрдайым байқалмайды, бірақ ол көңіл-күйді қалыптастыруда және жалпы дыбысты жағымды тыңдауда маңызды рөл атқарады. Дыбыс мамандары ең алдымен дауысты, дыбысты арнайы дыбыс жазу құрылғысының таспасына жазады. Сол материалдың басты компоненттері дауыс, оқиғаның дыбыстық бейнесі, музыка, шу, т.б. көркемдік элементтерді біріктіріп, үйлестіру дыбыс маманының қызметіне кіреді.
Кәсіби дыбыс инженерінде мынадай жеке қасиеттер болуы маңызды. Біріншіден, техникалық дыбысты ести алу қабілеті, яғни дыбысты кеңістікте ести білу және тыңдалатын материалдың артықшылықтары мен кемшіліктерін бағалай алу. Екіншіден, көпшіл. Түсірілімде дыбыс инженері көптеген адамдармен сөйлесіп, микрофондар мен басқа жабдықты қалай пайдалану керектігін түсіндіреді. Үшіншіден, икемділік. Дыбыс жазуды бастамас бұрын көптеген жағдайларды ескеруі керек. Көбінесе дыбыс инженері бір уақытта бірнеше нәрсені қадағалап отыруы керек, сондықтан олардың арасында шебер және жылдам реттеп отыру маңызды. Төртіншіден, стресске төзімді, әрі жылдам. Түсірілім алаңында мәселелер туындаған жағдайда, дыбыс маманы дереу әрекет ете білуі керек. Бесіншіден, ұқыпты болу. Жұмысқа уақытында келу, тапсырманы мерзімінде орындау маңызды.
– Қандай жобаларда жұмыс істедіңіз?
– Ең алғашқы жобам жоғарыда айтқан “Шабдалы” көркем фильмі болды. Содан бері Қазақстанға танымал бірнеше жобалардың жарық көруіне үлес қостым. Атап айтсақ, көпке танымал “Үлкен үй”,“Келінжан”, “Ақжауын”, “50/50” “Пизнесмен Қанат”, “Шымкент – менің махаббатым”, “Акимат қайда қарап отыр”, “Инженерлер”, “Өткінші жаңбыр” сынды бірнеше сериалдардың дыбысын жаздым. Іс-сапарлармен еліміздің біраз өңірлерін аралап шықтым. Сонымен қатар, “ Мама+Папа”, “Адам бол”, “Келінжан” сияқты толықметрлі фильмдердің дыбысын жаздым.
– Дыбыс режиссерінің музыкалық талғамы жоғары болатын шығар? Сіз қандай әуендерді тыңдағанды ұнатасыз?
– Жалпы мен музыка таңдамаймын. Қазақ әншілерінің барлығын дерлік тыңдаймын десем артық болмас. Кезінде өзіміздің жерлес аға — әпкелеріміз Саят Медеуов, Айгүл Иманбаева, Мақсат Базарбаевтардың әндерін тыңдап өстік. Қазіргі заманауи тенденциядан да қалмаймыз. Жастарды да тыңдап тұратыным бар.
– Нені армандайсыз?
– Армансыз адам, қанатсыз құспен тең, дейді ғой. Менің арманым Қазақстанда Dolby Atmos көлемді дыбыс технологиясын меңгерген алғашқы қазақ болу, яғни әлемдегі дыбыстың озық технологиясын игерген мамандардың бірі болу.
– Әңгімеңізге рахмет. Сізге шығармашылық табыстар тілейміз!
Сәуле Мұхадинқызы