Кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарламалардың шапағатын көріп жүргендердің бірі – Марина Тналиева.
Марина Анатольевна тігін саласындағы табысты кәсіпкерлердің бірі. Оның тігіп шығарған бұйымдары жоғары сұранысқа ие. Шағын тігін шеберханасында қолөнерші әйел жұмысқа құштарлықпен, ынтамен кіріседі. Марина Анатольевна әрбір туындыны жан-тәнімен тігуге тырысады. Тұтынушының көңілінен шығу оңай емес, әрине. Ал тапсырыстар тұрақты келіп түседі.
Мемлекеттік қолдау — бұл өз ойыңдағыны жүзеге асырудың тамаша мүмкіндігі. Өйткені, егер талант пен шеберлік болса, әдемі және ерекше нәрселерді жасауға болады. Ең бастысы – алдыңа мақсат қойып, тынбай еңбектеніп, үйренуден жалықпау керек.
Марина Анатольевна өмір бойы Қордай ауылында тұрып келеді, сондықтан жерлестеріне арнап өнім жасауда ерекше тырысады. 2000 жылы кәсіптік училищені «тігінші» мамандығы бойынша бітірді. Сол кезден бастап тігін тігу оның өмірлік сүйікті ісіне айналды. Алдымен достары мен туған-туыстарына киім-кешек тігіп жүрді, одан кейін тапсырыс бойынша кәсіби деңгейде айналыса бастады. Ең бірінші сүйікті қуыршағына көйлек тігіп алған.
– Қазір 100-ге тарта клиенттерім бар, кейбірі тұрақты түрде тапсырыс берсе, кейбірі аратұра келіп тұрады. Бәрімен қарым-қатынасым жақсы. Негізінен, салтанаттарға арналған сәнді киімдер тігемін: мектеп бітіру кештеріне, мерейтойларға. Өткен жылдың қазан айында бизнесті дамытуға мемлекеттен грант алдым. Бүгінде ательеге жұмысшылар, шәкірттер іздеп жүрмін. Ұзақ жылдар бойы жинақтаған тәжірибеммен бөліскім келеді, — дейді кәсіпкер.
Біздің кейіпкеріміздің айтуынша, өмірде әртүрлі жағдайлар болған, бірақ оны күйеуі мен үш ұлы қолдап келеді.
–Тігінші болу үшін қолыңа ине ұстап, түйме тігіп, шұлық жамап білу аздық етеді. Әдемі бұйымдар шығару үшін зор ниет пен талант болуы тиіс. Аздаған жабдық жиынтығымен үйден де шағын шеберхана ашуға болады. Жұмыс дұрыс ұйымдастырылса, мұндай кәсіпорыннан түсетін кіріс бүкіл отбасын асырауға жетеді. Ал тапқан табыстың бір бөлігін бизнесті дамытуға үнемі салып отырсаңыз, уақыт өте келе үлкен бизнесті құра аласыз,-деп есептейді Марина Анатольевна
Анжела ИЗАЕВА