СҮТ ӨНІМІНЕ СҰРАНЫС КӨП

0

Облыс әкімі Н.Нұржігітов ауыл шаруашылығы өнімін арттыра отырып, азық-түлік бағасын ұстап тұру мәселесін жиын сайын көтеруде. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың нарықтағы бағасын тұрақтандыру аса маңызды. Бұл бағытта жұмыстар қарқынын арттыру бойынша ауданымызда бірқатар тірліктер қолға алынған болатын.
Өзге тауарлармен қатар, қазір сүт өнімдері арасындағы баға теңсіздігі белең алып тұрғаны жасырын емес. Аграрлы аймақ саналатын ауданымызда сүт қабылдау пунктері де санаулы, тиісінше мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар арасында сүт өнімдерін өткізетін орын мәселесі өзекті болып тұр. Осы мақсатта алдағы уақытта сүт өнімдерін өңдейтін цехтардың қатарын көбейту бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Нәтижесінде Қордай, Бетқайнар және Жамбыл ауылдарында сүт қабылдау цехтарын ашу жөнінде жұмыстар қолға алынды.
Аудандағы осы сынды цехтардың жұмысын көру мақсатында бейсенбі күні аудан әкімі Мәден Мұсаев Қордай ауылындағы сүт қабылдау пунктерінің жұмысымен танысқан болатын.
Алдымен «Осломенко Евгений» сүт қабылдау нысанында болып, 15 тонна сүт қабылдауға қауқарлы пунктің жұмысын көрді.
-Бүгінгі таңда ауданның барлық ауылдарындағы сауынды сиыр ұстап отырған тұрғындардан сүттің әр литрін 155 теңгеден сатып алудамыз. Жұмыстың жобасына сәйкес, әсіресе жаз айларында тұрғындардан тәулігіне бес тонна сүт жинаймыз, қазіргі кезде күнара 7900 тонна сүт қабылдап отырмыз, — дейді серіктестік басшысы.
Аудан әкімінің жұмыс сапары 10 жылдан астам нарықта тәжірибесі бар «Кордайский молочный продукт» ЖШС-де жалғасты. Сүт өнімдерін өңдейтін цехта, 4-5 түрлі балмұздақ дайындайтын автоматтандырылған қондырғылар бар. 70 тоннаға дейін сүт қабылдайтын нысанның өнімдері бүгінде еліміздің Павлодар, Орал, Алматы сынды ірі қалаларында сатылымға шығарылуда. «Өнім сапасының жақсы болуына байланысты, сұранысқа да ие», — дейді цех қызметкерлері.
-Бүгінде мемлекет тарапынан сүт өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарға барынша қолдау көрсетіліп келеді. Сондықтан да біз де өз тарапымыздан жергілікті жердегі осындай сүт өнімдерін өңдейтін цехтарға қолдау көрсетіп, тіпті қатарын көбейтуге тырысуымыз қажет,- деген аудан әкімі Мәден Тоқтарбайұлы бірқатар жауапты мамандарға тапсырмалар жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.