Бүгінде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың арқасында ауылдағы қыз-келіншектер өз кәсібін бастауға мүмкіндік алып отыр. Соның жарқын мысалы – Жамбыл ауылының тұрғыны, төрт баланың анасы Сабина Алиева. Ол 2025 жылы көпбалалы ана ретінде 1 миллион 550 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант жеңіп алып, өзі көптен бері армандап жүрген сұлулық салонын ашты
– Сұлулық әлемі – менің өмірім. Бұл салаға деген махаббатым студент кезімнен басталды. 2013 жылы Бішкек қаласындағы Art-Visage студия-мектебінде бір жыл оқып, кейін Қордайдағы сұлулық салондарының біріне жұмысқа орналастым. Он жыл бойы шаштараз ретінде тәжірибе жинадым. Ал төртінші балам дүниеге келген соң, өзімнің жеке кәсібімді ашуға бел будым, – дейді Сабина Эйтибаровна.
Ауылда тұрып, кәсібін дөңгелетіп отырған нәзік жанды өз саласына шынайы берілген. Қайтарымсыз грант қаражатына кәсіби құрал-жабдықтар сатып алып, шаштараз аймағын, маникюр мен педикюр бұрыштарын, бояу және макияжға арналған арнайы орындарды жасақтаған.
– Мен сұлулық салонымды ауылда ашу арқылы тұрғындардың уақытын да, қаржысын да үнемдегім келді. Себебі аудан орталығына барып-қайту әркімге бірдей ыңғайлы емес. Енді ауыл әйелдері де, ер-азаматтар да кәсіби қызметті алыстан іздемей, өз ауылынан ала алады, – дейді кейіпкеріміз.
Сұлулық салонында әйелдер мен ерлер шаш қиюы, кез келген күрделіліктегі шаш бояу, маникюр, педикюр, кірпік жапсыру, макияж сынды қызмет түрлері көрсетіледі. Сонымен қатар, Сабина кәсібі арқылы тағы бір адамды – Рабия Алиеваны жұмыспен қамтып отыр. Ол – маникюр мен педикюр шебері. Бұған дейін аудан орталығындағы бірнеше сұлулық салонда бес жыл көлемінде еңбек еткен тәжірибелі маман.
Сабина Алиеваның айтуынша, бұл тек бастамасы. Алдағы уақытта ол кәсібін кеңейтіп, жас мамандарға тәжірибелік сабақтар өткізіп, ауыл жастарына бағыт-бағдар бергісі келеді.
– Біздің мемлекет көпбалалы аналарды тек сөзбен емес, нақты іспен қолдап отыр. Бұл – үлкен мотивация. Маған сенім білдіріп, осындай мүмкіндік бергені үшін шын жүректен алғыс айтамын, – дейді ол.
Сабина секілді іскер әйелдердің бастамасы өзгелерге де үлгі болары анық. Ең бастысы, әр ана өзін-өзі дамытып, өз арманына бір табан жақындауға мүмкіндік алып отыр.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ