СҰЛУЛЫҚТЫҢ СИМВОЛЫНА АЙНАЛҒАНДАР

0

8 Наурыз — Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аудан әкімі Бегзат Болатбеков ақ жаулықты аналарды құттықтады.

8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында аудан әкімі Бегзат Болатбеков бірнеше ауылдық округтен келген ақ жаулықты аналарды құттықтап, оларға ақжарма тілектерін арнады. Бұл іс-шара соңғы бірнеше жылда ауданымызда игі дәстүрге айналғанын айта кеткен жөн. Мерекеге жиналған нәзік жандыларды аудан басшысы есіктен кіре берісте жылы шыраймен қарсы алып, көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, әрбіріне денсаулық пен бақыт тілеп, сый-сияпат көрсетті.

Бегзат Сейсенқұлұлы өзінің құттықтау сөзінде ауданның әлеуметтік дамуы мен болашақ ұрпақ тәрбиесі туралы маңызды ойлар айтып, әйелдердің қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті.

— Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!  Бұл күн – мейірімділіктің, ізгіліктің және сұлулықтың символына айналған аналарымыз бен апа-қарындастарымызға деген ерекше құрметтің белгісі. Салтанатты сәтті пайдалана отырып, баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, отбастарыңызға амандық, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін! Әрдайым жүздеріңізден қуаныш кетпей, өмірлеріңіз шаттыққа толы болсын! – деді аудан әкімі.

Мерекеге қатысушылар білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы сияқты түрлі салаларда еңбек етіп жүрген азаматшалар болды. Сонымен қатар, жиынға алтын құрсақты аналар да қатысты. Аудан әкімі барлық әйелдердің қоғамдағы үлесін жоғары бағалап, олардың өмірлік миссиясы мен еңбегін ерекше атап өтті.

Қорытынды сөзінде Бегзат Болатбеков мерекелік шараға қатысушыларды тағы да құттықтап, 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай арнайы дайындалған сыйлықтарды табыстады. Бұл күн әйелдердің қоғамдағы орнын тағы бір мәрте еске салып, олардың еңбегіне деген құрметімізді білдірген маңызды мереке болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.