СҰРҚИЯ САЯСАТТЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛҒАН

0

Нақақтан күйіп жат жерде көмусіз қалғандардың артында қалған жетімдер мен жесірлердің төгілген көз жасында, бүкіл өміріне өзек болған мұң мен зарында есеп болған жоқ. Солай жазықсыз жалалы болғандардың бірі – қордайлық Мәдішұлы Құдайберген еді. 1937 жылы желтоқсан айында НКВД-нің әйгілі үштігінің шешімімен «Алашордашыларды қолдады, Ораз Жандосовпен кездесті, пікірлес болып, тапсырмаларын орындады, антисоветтік насихат жүргізді» деген желеумен тағдырдың тәлкегіне ұшырап, тауқымет арқалап 10 жылға сотталып кете барды. Құдайбергеннің әйелі Сағияға «халық жауының әйелі», әлі кәмелет жасына жетпеген ұл-қыздары Асхат, Нұржақан, Нұрсұлуға «халық жауының балалары» деген қара таңба басылды. Бұл таңба олардың кейінгі өмірлерінде талай мәрте алдарынан шығып, болашақтарына балта шауып, үнемі үрей мен қорқыныш құшағында ұстап келді. Тек, арада көп жылдар өткен соң, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заң қабылданды. Соның нәтижесінде жазықсыз жала жабылғандардың көпшілігі, оның ішінде ҚҰДАЙБЕРГЕН МӘДІШЕВ те ақталды.

«ҚҰДАЙДЫҢ БЕРЕ САЛҒАНЫ…»

Қазіргі Қордай ауданының (бұрынғы Красногор) ең бір көрікті жері Сұлутөр — төр десең төр, сұлу десең сұлу жер жаннаты емес пе! Саф ауасы жанға шипа, топырағы құнарлы осынау жерұйықтың Көктөбе аталатын бөктерінде өткен ғасырдың басында Бейсенбек ақсақалдың жалғыз ұлы Мәдіштің шаңырағы көптен күткен зор қуанышқа бөленді. Алладан перзент тілеп әулие-әмбиелерді қоймай адақтап, түнеп мінәжат етумен бармаған жері, баспаған тауы қалмаған Мәдіш пен бәйбішесінің тілегі қабыл болып балпанақтай ұл келеді өмірге. Бұл 1900 жылдың жаз ортасы болса керек. «Бұл бір құдайдың бере салғаны ғой, баламның аты ҚҰДАЙБЕРГЕН болсын» деп Мәдіш молдаға азан шақыртып, нәрестенің атын қойғызады. «Құдайберген тегін бала емес, ерекше бала, Алладан сұрап алғанбыз, тіл-көзден аулақ болсын» деп түсі қызыл, жеңі ұзын жейде кигізеді екен. Жаман нәрсе ұстап алмасын деп жеңінің ұшын буып қоятын. Оны балалар үлкендерге көрсетпей ойнаған кезде шешіп алып, үйге қайтарда қайтадан байлап беретін көрінеді. Құдайбергеннің әкесі Мәдіш медреседе дін қызметкері болып істеген, баласын да өзі оқытып сауатын ашқан.

1919 жылы Кеңес үкіметі халық арасындағы сауатсыздықты жою жөнінде арнайы Декрет қабылдап, жер-жерде мұғалімдер даярлайтын семинариялар ашыла бастайды. Аздаған сауаттылар қатарында Құдайберген Орынбор семинариясына жіберіледі. Оқуын бітіріп елге келген бойда сауатсыздықты жою (ликбез) бойынша мұғалім болып жұмыс істей бастайды. Революцияға дейін Қордай өңірінде бірде бір қазақ мектебі болмаған болса, 1923 жылы сол кезде аудан орталығы болып тұрған Қасық ауылында жергілікті ұлт балалары үшін төрт жылдық мектеп ашылады.

Жаңа үкіметтің халыққа білім беру мәселесіне жете назар аударуы нәтижесінде мектептерге жыл өткен сайын білікті оқытушы мамандар көптеп келе бастады. Оларға жан-жақтағы ауылдарда қызыл отаулар, мектептер ашып, балалармен қатар үлкендерді де оқуға тартып сауаттандыру ісі тапсырылды. 1921—1922 жылдары Құдайберген Мәдішев Қызылсай, Қырықүй, Ауқатты, Шарбақты ауылдарында мұғалім болып істеп, 1923—1928 жылдар аралығында аудандық халыққа білім беру бөлімін басқарады. Осы жылдары Көгадыр, Соғанды және Ырғайты ауылдарында да қазақ мектептері ашылып, оларда Әбдіқайым Әбдікерімов, Михида Қадыкенова, Әбітай Игібаев сынды мұғалімдер жұмыс істепті.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары, кейінірек 1939 жылы жаңадан Жамбыл облысы құрылғанға дейін іргелес жатқан Шу, Қордай, Красногор аудандары Алматы облысының құрамында болып келгені мәлім. Қордай мен Красногор аудандары аймағында сауатсыздықты жою, қазақ жастарына білім беру бағытында қолдан келгеннің бәрі жасалды. Қ.Мәдішев те бар білімі мен білігін осынау ізгілікті іске арнады. Ол кісіден дәріс алғандардың қатарында кейіннен елге танымал болып жоғары қызметтер атқарған адамдар аз емес. Мәселен, Республика Ғылым академиясының академигі, тілші ғалым Нығмет Сауранбаев, республика Жоғарғы сотының мүшесі болған Әбілқай Жұмабеков, сондай-ақ, Төлеген Ақтанбердиев, Әділ Ділебаев, Санатбай Бегалиев сияқты аудан, облыс деңгейінде жауапты қызмет атқарған шәкірттерін айтуға болады.

 «…КІТАПТАРДЫ ШАШЫП, ӘКЕМІЗДІ ҚОЛЫН ҚАЙЫРЫП АЙДАП ӘКЕТТІ»

1937 жылы жазда Красногор ауданына қазақ еліне әйгілі партия қайраткері, сол тұста ҚАССР халық комиссары болған Ораз Жандосов келіп, аудан атқамінерлері ел жұртты жинап онымен кездесу өткізеді. Олардың қатарында, әрине, мектеп басшысы Құдайберген де болған. Тағдырдың салғанын көрмейсіз бе, сол жылы күзде Ораз Жандосов «халық жауы» болып ұсталады да, көп уақыт өтпей-ақ, онымен кездесу ұйымдастырған красногорлық басшылардың да басына қатер төнеді. Сөйтіп, қазан айында Красногор аудандық партия комитетінің нұсқаушысы Бөлеген Жатқанбаев (ҚР Түңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың нағашысы), «Ворошилов» колхозының төрағасы Тимофей Кизяев, ауылдық кеңестің төрағасы Изатулла Ботбаевтармен бірге мектеп директоры Құдайберген Мәдішев те бір түнде ұсталып кете барды. Сол жылы 7 желтоқсанда НКВД Үштігінің шешімімен 10 жылға еңбекпен түзеу лагеріне жіберіледі. (Ал, онымен бірге ұсталған Бөлеген Жатқанбаевты көп ұзамай 1938 жылы 11 ақпанда ату жазасына кесіп, бес күннен кейін-ақ, 16 ақпанда Алматы түрмесінде үкімнің орындалғаны туралы архивтік деректер тапқан едік).

Әкесінің қолын кісендеп үйден қалай алып кеткені сол кезде жеті жасар үлкен қызы Нұржаханның көз алдында қалып қойыпты. «…1937 жылдың желтоқсан айы болатын, — деп жазды ол естелігінде. – Кенет үйдегі қонағымыз далаға галошын кимей жүгіріп шықты. Не болып қалды деп қызық көрген балалық назарымыз үйге кіріп келе жатқан қызыл жағалы бейтаныс адамдарға түсті. Сол қарулы адамдардың үйді тінтіп, кітаптарды ақтарып далаға лақтырғаны, әкеміздің қолын қайырып байлап машинаға мінгізгені, анамыздың зарлы үні, әлгілердің біздің үрейлі жүзімізге сұстана қарап: «халық жауының күшіктері, өшіріңдер үндеріңді» дегені естен кетпейді.

…СОЛ КЕТКЕННЕН ӘКЕМІЗДІ ҚАЙТА КӨРМЕДІК».

Қ.Мәдішев, көз көрген қариялардың айтуынша, өте білімді, саяси сауатты, араб, орыс тілдерін жетік меңгерген, кезінде аудармашы болып та істеген екен. Үш тілде кітаптар оқып, сөйлер сөзге де шебер болса керек

Тағы бір айтар жай, қазақ халқы қаншама жаңа өмірге бет бұрды дегенмен, ата дінінен түгел безе қойған жоқ-ты. Жасырын түрде құранға ұйып, намаз оқитындар аз да болса бар еді. Құдайберген де діншіл болған, құранды жатқа білген, есебін тауып бес уақыт намазын қаза қылмай, ораза ұстап ауыз бекітуге тырысатын. Бәйбішесі Сағия қожаның қызы екен. Қожалар қыздарын тек қожаларға тұрмысқа береді. Айттырып барғанда қыздың әкесі Әбілезқожа, әрине, қарсы болады. Сонда Құдайберген құранды, шариғат заңдарын терең білетінін танытып, қожаның кез-келген сұрағына тиянақты жауап берумен риза етіп, қызына үйленген екен. Сағия да ақылды, іскер де көрікті кісі болыпты. Бес бала көтерген екен, екеуі нәресте күнінде шетінеп кеткен. Ерінің қолына кісен салып айдап алып кеткенде артында оң-солын танып болмаған үш жас баласымен қалды. Басына төнген қайғы-қасіретке төзе алмай Сағия 1940 жылы жанын жегідей жеген күйіктен қайтыс болған.

Әкелерінен бір, шешелерінен екі айырылған үш жетімек бірін бірі сүйемелдеп жапанда жалғыз қалғандай болды. Естияры он екі жасар Асхат екі қарындасы Нұржақан мен Нұрсұлуды ертіп туған жерінен ауып Ұмтыл (қазіргі Кенен) ауылындағы нағашыларына келіп сағалайды.

МАЙДАНГЕР АСХАТ ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ

«Жұт жеті ағайынды» демекші, алда бет қаратпас қара дауылын бұрқыратып сұрапыл соғыс таяп келе жатты. 1941 жылы Асхат 16 жаста еді. 1943 жылы жасы 18-ге толған бойда әскерге шақырылып, қан майданға аттанды. Артында көздері жәутеңдеп екі қарындасы қалды. Асхат Құдайбергенұлы Мәдішев атқыштар полкінде взвод командирінің көмекшісі болып Отанын қорғады, талай қанды шайқастарға қатысты. Ол соғыс тақырыбына әңгіме қозғауды онша ұната бермейтін, өзінің майдандағы ерліктері жайлы да көп айта қоймайтын. Бірақ, архивте сақталған мына бір құжат оның соғыстағы бір ерлігін паш етеді:

« …7-ші атқыштар полкіне қарасты атқыштар взводы командирінің орынбасары гвардия аға сержанты Мадышев Аскат Құдайбергенович 1945 жылы 2 апрельде Ленценкортен елді мекенін (Австрия) шабуылдап алуға взводымен батыл араласып, винтовкамен оқ жаудырып жаудың жиырмадан аса солдаты мен үш офицерін жайратты.

1925 жылы туған, қазақ, ВКП(б) мүшесі, Жамбыл облысы, Қордай аудандық әскери комиссариатымен әскерге шақырылған…»

Сондай жан алып, жан беріскен шайқастардың бірінде ауыр жараланды. Госпитальда ұзақ емделгенімен әскери медкомиссия оны екінші топтағы мүгедек деп танып, 1945 жылы елге қайтарды. Майдангер омырауын көмкерген «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» т.б. наградаларын тағып өзін тағатсыздана күтіп отырған қарындастарымен қауышты.

Соғыстан қайтқан жаралы солдат әке жолын қумаққа Алматы педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, өзі туып өскен Красногор ауылындағы мектепте еңбек жолын бастайды. 1946 жылы Рәзипамен бас қосып отау құрады, екі қарындасын қолына алып барлығы бірге тұрады. Өмірі осылай қалыпты арнаға түскендей-ақ еді, бірақ баяғы қара дақ тағы да алдынан шығады. «Халық жауының» баласы қалай бала оқытып жүр?» деген түртпекке түсе беріп, мұғалім болып жұмыс істеу мүмкін болмай бара жатқан соң амалсыз қаржы саласы мамандарын даярлайтын техникумға құжат тапсырады. Онда сырттай оқи жүріп түрлі қара жұмыстарды атқарады, отбасын асырап, қарындастарын ұзатып құтты орындарына қондырады. Өздері де сәбилі болып қуанышқа кенеледі. Техникумның дипломын алған соң Красногор ауылдық кеңесінің қаржы бөлімінде инспектор болып қызмет атқарады. 1965 жылы денсаулығына байланысты дәрігерлердің кеңесімен таулы өңірден төмендегі аудан орталығы Қордайға (ол кезде Георгиевка) көшіп келіп, ауылдық кеңесте салық жинау агенті болып жұмысын жалғастырады. Асхат Құдайбергенұлы өмірден көргені мен түйгені мол парасатты, білімді, адамгершілікті, үлкен-кішіге бауырмал, барлық туыс, жақындарына қайырымды жан болған деседі. Үнемі біреуді жұмысқа тұрғызып, біреуді оқуға түсіріп, пәтері болмағандарды үйіне ертіп келіп қамқорлық жасап жүреді екен.

А.Мәдішев 1975 жылы соғыста алған жарақаттың салдарынан елу жасында зейнетке шықты. Араға бес жыл салып 1980 жылы елу бес жасында дүниеден озды. Ата-анасының өмірін жалғап артында төрт қыз қалды.

86 ЖЫЛДАН КЕЙІН АШЫЛҒАН АҚИҚАТ

2018 жылдан бастап көзі ашық немерелері атасы туралы деректерді интернет арқылы іздей бастады. Еліміздің және Ресейдің түрлі архивтері мен мұражайларына сұраныстар жіберілді. Олардың көпшілігінен ешқандай дерек жоқтығы туралы жауаптар келіп жатты. Ақыры, күткен қуанышты хабар да жетті. Ол Қ.Мәдішев айдалып кеткеннен кейін 86 жылдан соң, яғни, 2023 жылы 5-шілдеде Қарағандыда тұратын Қарлығаш Асхатқызының атына «Қазақстан Республикасы Президентінің архиві» мемлекеттік мекемесінен келді.

Осы құжаттан мәлім болғанындай, Қ.Мәдішев Ресейдің Қиыр Шығысына жер аударылып, Амур өлкесіндегі Бурейнск лагерінде (Бурлагта) теміржол құрылысының ауыр жұмысына жегіліп, екі жылдан соң, 1939 жылы 15- қаңтарда өкпесі қабынып қайтыс болған екен. Ол кезде небәрі отыз тоғыз жаста еді, туған жерінен бір уыс топырақ та бұйырмады, жаназасы да оқылмады.

Президент Архивінен осынау анықтамамен қоса Қ.Мәдішевтің тергеу кезіндегі екі суретін, кейбір құжатының көшірмелерін де салып жіберіпті. Осылар қолдарына тигенде аталарының өзі тіріліп келгендей көңілі жайланып еді. Бір ғасырға таяу мерзім өткенде ғана ақиқатқа көз жетіп отыр.

Құрманбек ӘЛІМЖАН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қордай ауданының Құрметті азаматы.

Суреттерде: Құдайберген Мәдішев (айдауда) және оның ҰОС-на қатысқан

ұлы Асхат Мәдішев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.