Қай кезде болмасын заман ағымына қарай кейбір мамандықтарға сұраныс артып, кейбіреулеріне төмендеп, тіпті қоғамның қажетіне жарамай қалатыны бар. Әрине, бұл өмір заңдылығы. Ал, сол еңбек нарығын бақылап, сұранысы артқан мамандықтар бойынша кадрлар дайындау қазіргі кездегі өзекті мәселелердің бірі. Бұл мәселені Президентіміз Қасым—Жомарт Тоқаев атап өткен болатын. Ол елімізге техникалық мамандар жеткіліксіз екенін, сол бағытта үкімет тарапынан ерекше көңіл бөлінуі керегін айтты.
Қазақстанда техникалық бағыттағы маман санын арттыру мәселесі соңғы 10 жыл бойы талқыланып келеді. Сол сұраныстың орнын толтыру үшін Үкімет гранттар қарастырып, орнын толтыруға тырысады. Біздің ауданда техникалық мамандар дайындайтын бірнеше оқу орны бар. Алайда, ауданның көптеген білім мекемелерінде жұмысшы біліктілігі бар мамандарды дайындайды, ал мемлекеттік тапсырыс бойынша техникалық бағыттағы орта буын мамандарын дайындауды «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжінде бастады.
Бұл оқу орнында «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша «Техник-механик» біліктілігі беріледі. Биыл студенттер бірінші оқу жылын аяқтамақ. Қазіргі заманның сұранысына ие мамандықтар жайында колледж директоры Аида Намазовадан сұрап-білдік. Оның айтуынша, осы мамандық бойынша оқуды бітірген студент автопарктерде, өндірістік компанияларда, автоқұрастыру компанияларында, логистикалық компанияларда, жүк және жолаушылар тасымалдау компанияларында, үлкен техникалық жөндеу орталықтарында, қарулы күштер мен полиция автокөліктік бөлімшелерінде жұмыс атқара алады. Аталған факультетте қазіргі таңда 20 студент білім алады. Олар мемлекеттік тапсырыс аясында гранттық негізде, яғни тегін оқиды. Сонымен қатар, студенттерге 31422 теңге мен 54000 теңге арасында шәкіртақы төленіп қана қоймай, 11 оқушы ыстық тамақпен қамтылса, ауылдық жерден келіп оқитындарға жолақысы да төленеді. Алдағы уақытта Қордай ауылында студенттерге арналып жатақхана салу мәселесі әкімшіліктің күн тәртібінде тұр.
— Өндіріс пен жаңа технологиялардың дамыған заманына қарамастан техникалық біліктілігі бар мамандарға сұраныс қашанда жоғары. Себебі, сол құрылғылар сынады, оны басқаратын да адам ғой. Колледжде білім алатын студенттердің артықшылығы – олар 3 жыл оқып, бірден еңбек нарығына шығады, тезірек тәжірибе алады. Жасыратыны жоқ, қазіргі заманда жұмыс беруші маманнан керемет дипломнан гөрі, біліктілік, дағды және тәжірибені талап етеді. Біздің студенттер орта буын техникалық маман болып шығады, олар инженерлермен бірдей деңгейде болуы да мүмкін. Олар өзге оқу орнын бітірген студенттерге қарағанда бірден басқарушылық жұмыстарды алып кете алады. Себебі, студенттер слесарь, токарь, механик, техникалық қауіпсіздік, еңбекті қорғау, жол—тасымалдауды ұйымдастыру сынды дағдылардың барлығын үйренеді. Бұл үшін әлеуметтік әріптестік, оқу және өндірістік тәжірибеден өту үшін жұмыс орны қамтамасыз етіледі. Екінші курстан бастап студенттер бірден практикалық сабақтарға кіріседі. Біз оларға техникалық мамандық дағдыларын үйретеміз. Өндірістік бөлімнің шебері, еңбек өтілі мол маман Несіпбай Молдажанов өз білімімен бөліседі. Оқытудың теориялық бөлігін маман Еркін Абсабиров жүргізеді. Студенттер слесарь ісі, дәнекерлеу ісі, бөлшектерді бөлшектеу және құрастыру сияқты дағдыларды меңгереді. Біздің әлеуметтік серіктесіміз – аудандық коммуналдық кәсіпорын. Себебі, бұл мекемеде техника көп, қызметкерлерінің де тәжірибесі мол. Ұзақ жылдар бойы колледждің әлеуметтік серіктесі «Қордай Жолаушы» ЖШС болып келді, еңбек ардагері Александр Иванович Скрипниковтың оқыту бағдарламаларын әзірлеуге қосқан үлесін атап өткім келеді, — дейді колледж директоры.
Аида Намазованың сөзінше, ауданда мемлекет қолдайтын жол-тасымалдау компанияларын құру керек. Себебі, ауданымыз үлкен, халқы көп. Колледж студенттері жол-тасымалдау компаниясында жұмыс істей алады. Қазіргі таңда жастардың ірі қалаларға кетіп жататыны да колледж директорын алаңдатады. Оның ойынша, ауданда білікті жастарға мүмкіндіктер жасау қажет. Осы бағытта колледж жаңадан ашылатын «Корцем» цемент шығару компаниясымен студенттерге тәжірибе беру мәселесі аясында келісімшарт жасалмақ.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының ресми дерегіне сүйенсек, соңғы жылдары автомобильдер мен автобустардың жүргізушілеріне, технологиялық қондырғыларды жөндейтін слесарьларға, буып-түюшілерге және технологиялық жабдықтарды монтаждайтын білікті кадрларға сұраныс артқан. Демек, елімізде техникалық мамандар әлі де жетіспейді. Бірақ бұл мәселенің екінші өзекті тұсы – өңірлердегі жалақының аздығы. Алдағы уақытта Үкіметтің пәрменімен осындай проблемалардың барлығы реттеледі, деген үміт басым. Сонымен қатар, білім саласындағы реформалар келешекте сапалы мамандар даярлауға септеседі деген сенімдеміз.
Еркін Қатбеков