Жалын атқан жастық шағы ер азамат атына, халық қаһарына мінген қанқұйлы соғыс жылдарына тұс келіп, ерте есейіп, ел қорғауға аттанғандардың бірі еді ол. Әкесі Құстүтін Ішбаев Мәтібұлақта он саусағынан өнері тамған шебер болды. Ағаштан да, темірден де түйін түйген ұста, етікшілігі және бар. Анасы Әсем Жылқышықызы қолы дуалы емшілікпен танылған. Олардың ұлы Әбдіқадыр 1924 жылы өмірге келіп, 1942 жылы Отар орта мектебін бітірген бойда жасы кәмелетке толды да, қатарластарымен бірге әскерге шақырылды. Бір жыл Бішкекте (ол кезде Фрунзе) офицерлік училищеде оқып, 1943 жылдың ақпан айында сұрапыл соғысқа аттанды.
Жас офицер ӘБДІҚАДЫР ҚҰСТҮТІНОВ 27-ші атқыштар дивизиясы, 76-шы полкінде пулемет командирінің көмекшісі болып талай қанды шайқастарға қатысты. Сол жылғы 20 тамызда жарылған зеңбірек жарықшағы оң жамбасын ауыр жаралап, алты айдай госпиталь төсегіне таңылады. Жазылып шыққан соң 1944 жылдың наурыз айында 230-шы дивизияның 990-шы атқыштар полкінде пулемет взводы командирінің көмекшісі қызметінде ұрысқа қайтадан кіреді. Бұл кезде соғыстың беталысы өзгеріп, біздің әскерлер жауды түре қуа бастаған шақ еді. 1945 жылдың қазан айында Әбдіқадыр 5-ші Екпінді армияның қысқа мерзімді курсында келер жылдың көктеміне дейін оқып, лейтенант шенімен өз бөлімшесіне оралады да, взвод командирі болып тағайындалады. Одер – Кюстрин бағытында Берлинге 60 шақырымдай жерде алдыңғы шепте тұрғанда, жау ордасына шабуылдауға бұйрық беріледі. Кеңес әскерлерінің бөлімдері 29 сәуірде Берлинге жетіп, екі-үш күнде қаланы жан-жағынан түгел қоршауға алады. 2 мамырда Берлиндегі неміс гарнизоны түгел беріліп, 9 мамырда Жеңіс жарияланды.
Ә.Құстүтінов әскери қызметте 1947 жылғы наурызға дейін болып, алғаш Берлин гарнизонының құрамында, кейін Балтық теңізі жағалауында шекара тыныштығын бақылаушылар сапында қызмет етті.
Елге оралғаннан кейін Әбекең Алматыдағы педучилищеде сырттай оқып, еңбек жолын Отар станциясындағы № 29 мектепте мұғалім болып бастады. Алайда, кейінгі тағдыры бәрібір соғыста шыңдалған әскери өмірге жақын салада өрбіді. 1949 – 1954 жылдар аралығында Жамбыл облысы, Көктерек (Мойынқұм) ауданында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жедел уәкілі қызметін атқкарды. Одан кейін Шу қаласының Қосқұдық милиция бөлімшесінің бастығы, Шу аудандық ішкі істер бөлімі бастығының саяси орынбасары болды. Дәл осындай қызметті Меркі ауданында да атқарды. Ал, 1958 жылдан 1963 жылға дейін Свердлов (Байзақ) және Луговой (Құлан) аудандық ішкі істер бөлімдерінің бастығы болды.
Майдангер Ә.Құстүтінов Қордай аудандық ішкі істер бөлімін 1963 жылдан 1970 жылға дейін басқарды. Бұл кезеңде ауданда құқықтық тәртіптің сақталуын нығайту, милиция қызметін жетілдірудің материалдық-техникалық базасын жақсарту жолында көптеген жұмыстар атқарылды. 1970 жылы Ә.Құстүтінов қызмет бабымен Қырғыз Республикасына ауысып п/я 36/1-де оперативтік бөлімнің бастығы қызметін атқарады. Әскери және ішкі істер қызметінде отыз жылдан аса еңбек өтілімен полковник шенінде 1973 жылы отставкаға шықты.
Отставкадан кейін де Ә.Құстүтінов бір жылдай Қордай аудандық Азаматтық қорғаныс штабын басқарып, сегіз жыл бойы аудандағы ДОСААФ спорттық-техникалық клубының бастығы болып, 1986 жылы дербес демалысқа шықты. Аудандарда ішкі істер бөлімін басқарып жүргенде тиісті аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, атқару комитетінің мүшесі, аудандық советтің депутаты болып сайланды. Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», бірінші және екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» күміс медалімен марапатталған. Жалпы, соғыстағы және ішкі істер қызметіндегі ерен еңбегі мемлекеттік үш орден, он жеті медальмен, көптеген бағалы қағаздармен бағаланып, есімі «Жамбыл облысы ішкі істер органдарының Құрметті тұлғалары» кітабына енгізілген. Майдангердің соғыстан қалған жарақаты мазалап ауыр отадан кейін, 1999 жылы жетпіс бес жасында өмірден озған болатын.
Әбекеңнің артында қалған бес ұл-қыздарынан қазір көптеген немере-шөберелері бар. Тұңғыш қызы Гүлсәуле Орынбаева (Құстүтінова) республикаға танымал өнер қайраткері. Ол Селезнев атындағы хореография училищесін бітірген, ұзақ жылдар Қазақстан Республикасы «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің көркемдік жетекшісі болды. «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілген. Гүлсәуледен кейінгі Татьяна мен Асқар да отбасылы, бәрі қазір Алматыда тұрады. Ал, Әбекеңнің кейінгі зайыбы Тұрашжан Жекембайқызынан көрген ұлдары Ермек пен Ержан да отбасылы болып Қордайда тұрады. Бала-шағасы бірігіп өткен жылы майдангер әкенің 100 жылдығын атап өткен болатын.
Құрманбек ӘЛІМЖАН, ардагер журналист