Желтоқсан бірде,
Ел тосқан күйде.
Келетін мүлде жайдары.
Сол жылы, бірақ,
Әдеттен жырақ
Көрінді тым-ақ айбарлы.
Қазақтың қадірлі ақыны Абдрахман Асылбеков жазған бұл өлең жолдарын білмейтін қазақ жоқ шығар. Жамбылдық сазгер Әбиірбек Тінәлінің әнімен сол бір жылдардың суығы мен сұмдығын жүрекке жеткізді. Төрт жылдан кейін желтоқсан оқиғасына қырық жыл толмақ. Ел тәуелсіздігін алып, туымызды тіктеп, шекарамызды нықтағанымен әлі де болса сол бір жылы, сол бір күні болған оқиғалардың шекарасы кеңінен айтылмаған тәрізді.
Жыл сайын 16 – желтоқсан қарсаңында қазақ халқы, қазақ жастары үшін қасіретті күндердің куәгерлерімен сөйлесеміз. Марапатқа ұсынып жатады, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. «Енді бұлай болмасын, жастар ондай дүниені көрмесін» деген тілектер айтылады. Одан кейін сол «желтоқсаншылар» өздерінің күнделікті тірлігіне оралып кете барады. Ал, сол кезде, сол күндері, сол жағдайды көзбен көріп, өмір бойы жүрек жанында ұстау оңай еместігін біреу білер, біреу білмес.
Осыған дейін талай жазылып, талай айтылып жүрсе де тарихқа сәл назар аудара кетсек. 1985 жылғы сәуiр айында Кеңестер Одағы Коммунистiк партиясы Орталық Комитетiнiң пленумы өтеді. Онда Орталық партия Комитетiнiң Бас хатшысы Михаил Горбачев баяндама жасап, қоғамды демократиялық бағытта қайта құру жөнiнде шешiм қабылданды.
Кадр мәселелерін шешу партия комитеттерінің тек бірінші басшыларының айтуымен, солардың таңдауымен жүретін болады, деп шешіледі. Осы кездері Қазақстанның жоғарғы органдарына орталықтан басшы кадрлар жіберу кеңінен орын алған еді. Оларды қызметке жібергенде жергілікті жердің пікірі, республиканың тарихи жағдайы, оның салт-дәстүрі есепке алынбады. Мұндай жағдай 1986 жылғы 16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевты орнынан алған кезде айырықша көзге түседі. 18 минуттық Пленум мәжілісі барысында Қазақстан Компартиясының бiрінші хатшысы Д.Қонаев қызметінен алынып, оның орнына Мәскеу жіберген Г.Колбин сайланды. Пленум өткеннен кейін екінші күні Алматыдағы Орталық партия Комитеті үйі алдындағы алаңға өздерінің ол шешіммен келіспейтіндігін білдіру үшін жұмысшы және студент жастар, оқушылар жиналады. Одан әрі қарай оқиғаның қалай өрбігені баршаға белгілі.
Оқиға кезінде әр ұлттың өкілдерінен тұратын 2401 адам ұсталып, ішінде Алматының соттары 326 адамды әкімшілік жазаға тартқан, қылмыстық тәртіп бойынша 99 жас сотталып, екі адам ату жазасына кесілген. Жүздеген студент комсомолдан шығарылып, оқу орнынан қуылды. Алматы сәулет-құрылыс институтының бұрынғы студенті Қайрат Рысқұлбеков түрмеде қаза тапты. Студент қыз Ләззат Асанова жұмбақ жағдайда көз жұмды.
Сол жастардың, студенттердің арасында қаншама қордайлықтар да болды. Көбісі транспорант көтеріп алдыңғы шепте болмаса да жалпы еліміздің тарихында қалған сұрапыл күндердің куәсі болды. Мәселен, аудан бойынша қазір алпыстан астам желтоқсан оқиғасының қатысушылары, куәгерлері бар. Солардың үшеуі Кенен ауылында тұрады. Ләззат Төлегенова, Ақылсара Тоқсейітова және Сәрсенғали Садырбаев.
Сол кездегі қыздар педагогикалық институтының 2 курс студенті Ләззат Төлегенова былай деп еске алады:
«Мен сол бір оқиғалардың бел ортасында жүрген жоқпын. Бірақ, жалпы еліміз үшін өте бір қайғылы күндердің, қорқынышты кезеңдердің куәсі болдым. 16 желтоқсан күні жатақханадан біз де өзгелермен ілесіп орталық алаңға бет алдық. 2 курс суденті ретінде оң-солымызды біліп қалған кезіміз. Сол кездегі ұстаздарымызға мың да бір алғыс айтамын. Олар біздің жолымызға шеп болып қатарласа тұрып алып, кері қайтарып жатты. Солардың арқасында талай адам аман қалды. Дей тұрғанымен, олардың да ырқына көнбей, сытылып шығып орталық алаңға асыққандар да көп болды. Біз алаңға жете алмай қалдық. Көп ұзамай үстері малмандай су болған студенттер қашып келе бастады. Нағыз қорқынышты кезең осы кезде басталды».
Иә, қорқынышы кезең деп кейіпкеріміз бекерге айтып отырған жоқ. Осы кезде билік «Метель 1986» атты әскери операцияны бастаған болатын. Сапер күрегімен бас шауып, қыздарды шашынан сүйреген, өрт сөндіргіш көліктермен су атып, жүк көліктеріне тиелген жастарды қала сыртына апарып, ақ қар, көз мұзда азаптаған азалы күндердің бастауы еді.
-Келесі күні құқық қорғау органдары қызметкерлері институтты, жатақханаларды тінтіп, қатысқан ұл-қыздарды әкете бастады. Асхананың өзіне бізді күзетпен апарып, алып келіп жүрді. Сол кезде жанашыр мұғалімдер қыздарға түр-әлпеттерің мен шаштарыңа өзгеріс енгізіңдер, күнделікті киімдеріңді басқаға ауыстырыңдар деген ұсыныс айтып жатты. Өйткені, орталық алаңға барғандарды сурет арқылы іздеп, тіпті ұқсастығы барларды да алып кетіп жатты. Талай қыздар қорыққанынан ұзын шаштарын кесіп, көзәйнек тағып, әйтеуір ұқсамаудың бар айла-амалына кірісті,- дейді Ләззат Төлегенова.
Ал, сол институттың биология факультетінің 4 курс студенті болып жүрген Ақылсара Тоқсейітова орталық алаңдағы сойқанды көзімен көрген жандардың бірі. Лек-легімен бейбіт митинг өткіземіз деген жастармен ол да орталыққа барған болатын. Алайда, адам айтса сенгісіз жағдай ғой. Сол маңдағы милиция қызметкерлерінің бірінің аман қалғыларың келсе кері қайтыңдар, деген жанашырлық ақылынан кейін олар да кейін шегінген. Бірақ, сол бір күндердің көз алдында әлі күнге сақталып қалғаны заңдылық. Оны ұмыту әсте мүмкін емес.
Бүгін кенендік Ләззат Төлегенова (суретте) мен Ақылсара Тоқсейітова білім саласында еңбегі сіңген педагогтар. Л.Төлегенова 1989 жылдан бері Кенен ауылындағы №42 Екейбай Қашағанов атындағы орта мектепте математика пәні мұғалімі болып еңбек етіп келеді. Сол мектепте Ақылсара Тоқсейітова биология пәні мұғалімі. Бүгінде екі «желтоқсаншының» ауыл балаларын білім нәрімен сусындатып келе жатқандарына 30 жылдан астам уақыт өтіпті.
«Бізді қандайда бір батыр қылып көрсетудің қажеті жоқ. Біз тек куәгер болдық. Нағыз батырлардың біразы сол жерде жан берді, қалғаны өзіне кесілген үкімді қасқайып тұрып қарсы алды. Қаншама тағдырлар, жас тағдырлар талқан етілді… Ол өте бір күрделі кезең еді. Жастар әділдік үшін орталық алаңға барды, әділдік үшін қасқайып тұрып, нағыз әділетсіздіктің құрбаны болды. Ол тарих. Оны ұмытпауымыз қажет. Қазіргі өскелең ұрпақ соны түсінсе екен. Олар ондайды ешқашан да көрмесін деп тілейміз», — дейді еліміздің тәуелсіздігіне бұлқыныс әкелген оқиға куәгерлері.
Куәгерлер демекші, жоғарыда атап өткеніміздей, ауданымызда алпыстан астам желтоқсан оқиғасы куәгерлері тұрады. Солардың ішінде қазір еңбегімен еленіп жүрген жандар, әсересе педагогика саласында жүрген мамандар көп. Олар жайлы газетімізде алда әлі талай жазылатын, айтылатын болады. Өйткені, алып империяның іргесінің сөгілуіне пәрмен берген, егемендік деген елес ойдың шындыққа айналарына жол салған желтоқсан оқиғасы куәгерлері арамызда. Олар туралы ақиық ақын Мұхтар Шаханов:
«Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер.
Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер,
Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер,
Жатты мұнда естен танып күзге айналған көктемдер…», — деп өлеңмен мәңгілік ескерткіш, мәңгілік ескерту айтып кетті. Көктемдер енді күзге айналмасын.
Жандос ОМАРОВ