«Сәлем, саған мектебім!»

0

1 қыркүйек – Қазақстандағы оқушылар үшін маңызды күн. Бұл күні мектептерде алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы басталады. Жыл сайын мыңдаған бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды.

Аталмыш күні еліміздегі барлық білім ордалары білім алушыларға есіктерін айқара ашып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған кішкентай бүлдіршіндерді ықыласпен қарсы алады. Биыл Қордай ауданында 2058 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр. Сондай-ақ, 1573 оқушы үшін бұл оқу жылы – болашаққа бет бұрған шешуші кезеңге айналмақ.

Осы орайда, Қордай ауданындағы №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп гимназияда «Алғашқы қоңырау» салтанаты өз деңгейінде өтті. Түрлі түсті бантик тағып, бірдей мектеп формасын киген оқушылар мереке сәнін келтірді.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков, білім саласының ардагерлері, ұстаздар мен мектепке алғаш қадам басқан оқушылар қатысты.

«Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде білім беру саласына ерекше көңіл бөлініп, сапалы білім мен әділ мүмкіндіктер қағидатына негізделген жаңа үлгідегі мектептер мен бағдарламалар жүзеге асырылуда. Президенттің «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы стратегиялық бағыты – өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына, ұстаздардың мәртебесін арттыруға және білім ошақтарының заманауи деңгейге көтерілуіне берік негіз болуда.

Құрметті ұстаздар! Сіздерге жас ұрпақтың бойына білім  нәрін сіңіріп, ел болашағына үлес қосудағы өлшеусіз еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін.

Қымбатты оқушылар! Білімге деген құштарлықтарыңыз артып, әр күніңіз жаңа жетістікке, жаңа белеске бастасын. Жаңа оқу жылы табысты, жемісті болсын!»,-деді Бақыт Оңласынұлы.

Келесі құттықтау сөз мектеп директоры Назира Танабековаға ұсынылды.

«Құрметті ұстаздар, қымбатты оқушылар және ата-аналар! Бүгін – біздің ғұмырымыздағы ерекше күн. Жаңа оқу жылы бізге шексіз мүмкіндіктер мен жаңа жетістіктердің қақпасын ашып отыр. Ерекше атап өткім келетіні,  мектебіміздің республика көлемінде үздік 100 білім ордасының қатарына енгені ауданымыздың ғана емес, бүкіл еліміздің абыройын арттырған үлкен жетістік. Баршаларыңызды жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!»-деді ол.

Білім күніне арналған рәсімде бірқатар қонақтар құттықтау сөз айтып, балғындардың алғашқы қадамына сәттілік тіледі.

Ендігі кезекте, бірінші сыныпқа қабылданған кішкентай бүлдіршіндер жалықпай білім іздейтіндіктерін білдіріп, өлең шумақтарын оқыды. Жиын барысы оқушылардың «Алғашқы қоңырау» мерекесіне арнайы дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Дәл осындай мерекелік шара Қаракемер ауылындағы №14 Әбіл Нүсіпбаев атындағы орта мектепте де өтті. Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай балаларға сабақты жақсы оқып, ата-ана мен ұстаздарының үмітін ақтауға шақырды, жаңа оқу жылында толағай табысқа жетулеріне тілектестік білдірді.

№4 Б.Бөлтірікова мектеп-лицейі оқушылары құттықтауға осы күні «Аманат» партиясы аудандық филиалы төрағасы Бейқұт Жамангозов пен Қордай ауылдық округі әкімі Әділет Қаспақбаев барды. Былтырғы жылы үлкен жетістікке жеткен мектеп-лицей биыл сол жетістіктерін еселей түсуге бейім.

Leave A Reply

Your email address will not be published.