Ағымдағы жылдың 8-29 сәуірі аралығында Жамбыл облысының аудандары мен Тараз қаласының жаңадан сайланған комиссия мүшелеріне «Қазақстан Республикасында сайлау процесін ұйымдастырудың теориялық және практикалық негіздері» тақырыбында оқыту-семинарлары ұйымдастырылды.
Семинарға Жамбыл облысы бойынша 705 жаңадан сайланған комиссия мүшелері қатысты. Олар жалпы облыс бойынша комиссия мүшелерінің 20% құрайды.
Семинардың оқыту бағдарламасы 8 академиялық сағатқа тең бір күндік оқыту семинарын және іскерлік ойынды қамтыды. Сонымен қатар, барлық қатысушылар 30 сұрақтан тұратын тест тапсырды.
Қордай ауданында 2024 жылғы 24 сәуірде өткен оқыту жоспарына сәйкес семинарда «Сайлау құқығының принциптері және сайлау жүйелерінің негізгі аспектілері» тақырыбындағы дәрісінде Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы С.Айдапкелов Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы Конституциялық заңының негізгі нормаларына түсініктемелер беріп өтті. 2022 жылы сайлау туралы заңға бірқатар толықтырулар мен өзгерістер енгізілгенін айтып, оның негізгілеріне тоқталып өтті. Атап айтқанда, мажоритарлық сайлау жүйесін қайтару, сайлауды бақылау үшін қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеудің енгізілуі, аумақтық сайлау комиссияларының жұмысын кәсібилендіру, Мәжіліс, мәслихат депутаттарын және ауылдық округ әкімдерін сайлауда «барлығына қарсы» бағанының енгізілуі, Мәжіліс және мәслихат депутаттарын кері қайтарып алу мүмкіндіктері сайлау туралы заңды жетілдіріп, қоғамды демократияландыруға үлкен ықпал еткендігін жеткізді.
Облыстық сайлау комиссиясының мүшесі – М.Е.Сембеков «Сайлау комиссияларының қызметін ұйымдастыру, олардың мәртебесі және өкілеттіктері» туралы өз дәрісінде заң талаптарына сәйкес дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру бойынша түсіндірме берді. Осы тақырып бойынша жаңадан сайланған комиссия мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға толық жауап берілді.
«Сайлау комиссияларының қызметін ұйымдастыру, олардың мәртебесі және өкілеттіктері» туралы облыстық сайлау комиссиясының хатшысы А.Боранбаев дәріс оқыды. Дәрісте Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы Конституциялық заңының 18-бабындағы учаскелік сайлау комиссияларының өкілеттіліктеріне тоқталды.
Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы А.Т.Сырлыбаев «Сайлаушылар тізімін қалыптастыру тәртібі, тізімге енгізу, таныстыру және сайлау округтері мен учаскелерін құру жүйесі туралы» тақырыбы бойынша дәріс оқып, сұрақтарға толығымен жауап берді.
Комиссия мүшесі М.Сембеков өз дәрісінде «Қазақстан Республикасындағы байқаушылардың қызметін қамтамасыз ету, сайлау алдындағы үгіт, cайлау науқандарын ақпараттық сүйемелдеу» туралы тақырыптарды қамтыды. Дәріс соңында Тараз қаласы мен аудандарда жаңадан сайланған комиссия мүшелерінің тарапынан Сайлау туралы заңның 20-1 бабының 2 тармағында көрсетілген қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу және байқаушылардың құқықтары бойынша қойған сұрақтарына жауап берілді.
Сонымен қатар, комиссия мүшесі Е.Жапаров «Сайлау бостандығының кепілдіктері және сайлау заңнамасындағы құқықтық жауапкершілік туралы» тақырыбында дәріс оқып, сайлау процесіне қатысушыларға қарастырылған Конституциялық-құқықтық, Әкімшілік құқық бұзушылық және Қылмыстық кодекстегі жауапкершіліктер туралы айтып өтті. Қордай аудандық прокуратурасының аға прокуроры Ұ.Әбдішүкір осы тақырып бойынша қосымша түсініктеме берді.
Өз дәрісінде Е.Жапаров «Сайлауға қатысушы тарап ретінде байқаушыларға қойылатын талаптарды да ескеру қажет» екендігін айтып өтті. Оларға көзделген нақты жауапкершілік Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінде айқындалған. Мысал ретінде, сайлау учаскесіндегі тәртіп ережені сақтамаған жағдайда, Конституциялық-құқықтық жауапкершілік ретінде Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы заңының 39-бабы 2-тармағына сәйкес, байқаушыны, өзге адамды дауыс беруге арналған үй-жайдан шығару немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің 150-бабына сәйкес, сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергi жасауына қылмыстық жауапкершілік қолданылатыны және Қазақстан Республикасының азаматтық кодексiнің 145-бабының талаптарын сақтауға міндеттелгендері туралы сөз қозғады.
Сондай-ақ, 2023 жылғы учаскелік сайлау комиссия мүшелерінің тарапынан орын алған нақты бұзушылықтарға тоқталып, заңға сәйкес салынған айыппұл көлемін және ауыртпалығын түсіндірді. Осы ретте, жаңадан сайланған учаскелік сайлау комиссия мүшелеріне алдағы сайлауларда заң бұзушылықтарға жол бермеу бойынша ескертті.
Осы оқыту-семинарда Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Ә.Қадырбекова «Сайлауды мемлекеттік және мемлекеттік емес қаржыландыру туралы» тақырыбында дәріс оқып, өзекті сұрақтарға толығымен жауап берді.
Сондай-ақ, оқу-семинарының жоспарына сәйкес, «Тұлға» психологиялық кеңес беру және тренинг жүргізу орталығының төрайымы З.Дауренова «Кәсіби қарым-қатынаста тиімді коммуникацияларды құру әдістері» және «Стресс-менеджмент» тақырыптары бойынша психологиялық тренинг жүргізді.
Семинар барысында оқылған дәрістерді бекіту мақсатында Тараз қаласында және аудандандарда учаскелік сайлау комиссияларының ұйымдастыруымен «Дауыс беру күні» іскерлік ойыны өткізілді. Іскерлік ойын барысында дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссиясы ҚР ОСК Қаулысына сәйкес дауыс беру үй-жайының жабдықталуы бойынша және сайлауды өткізу бойынша комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыру мақсатында туындайтын ситуациялық сұрақтарына жауап берілді.
Семинар соңында барлық қатысушыларға оқылған дәрістерді меңгергендігін айқындау мақсатында 30 тест сұрақтары берілді. Қордай ауданының жаңадан сайланған комиссия мүшелері орташа көрсеткіш көрсетті.
Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы