Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының 2025 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасымен бірлесе отырып ағымдағы жылдың 13 маусымында «Сайлау процесін даярлау мен өткізу барысындағы бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалардың рөлі туралы» тақырыбында семинар-тренингі болып өтті.
Аталған семинар-тренинг облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында өткізілді.
Семинарға облыстық аумақтық сайлау комиссиясының толық құрамы, қалалық, аудандық аумақтық сайлау комиссияларының өкілеттігін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыратын мүшелері (төраға, төраға орынбасары мен хатшы), Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы, Жамбыл облысы прокуратурасының өкілі, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі, Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының бухгалтерлік есеп бөлімінің басшысы, қала/аудан әкімдерінің орынбасарлары, қала/аудан әкімі аппаратының басшылары, қала, аудан әкімі аппаратының ұйымдастырушылық бөлімінің басшылары, қала, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, саяси партиялар және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қалалық, аудандық газеттердің бас редакторлары мен жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Семинар-тренингті Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ашып, қатысушыларды семинардың бағдарласымен таныстырды.
«Елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар сайлаушылардың сайлау процесіне тікелей араласуына, өз таңдауын жасауына, олар өз өкілдері арқылы мемлекеттік органдардың шешімін қабылдау процестеріне қатысуына және елімізде азаматтық қоғамды қалыптастыруда өз ықпалдарын жасауына мүмкіндіктер беруде. Осыған орай, бүгінгі кездесуімізде сайлау процесін даярлаумен өткізу барысында уәкілетті органдармен қоғамдық ұйымдардың негізгі міндеттерінің бірі, тұрғындар арасында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру болғандықтан, Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасымен бірлесе отырып, семинардың күн тәртібіне «Сайлау процесін даярлау мен өткізу барысында бұқаралық ақпарат құралдарының және онлайн-платформалардың рөлі» тақырыбын ұсынуды жөн көрдік»,-деді.
Сондай-ақ, семинардың мақсаты – бәсекелестік призмасы арқылы сайлаудың қоғамдағы саяси орнымен заңдылығын көрсете отырып, өңірімізде сайлау туралы оң пікір қалыптастырып, сайлаушылардың белсенділігін арттыру екеніне тоқталды.
Семинардың бағдарламасына сәйкес, Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов «Бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаның сайлау барысындағы рөлі» тақырыбында дәріс оқыды. Өз сөзінде: семинардың негізгі мақсаты – сайлау процесіне қатысушы барлық тараптарды, оның ішінде БАҚ өкілдерін, қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау және бірлескен жұмысқа шақыру болып табылады. Қазақстандағы сайлау процесі мен медианың рөлі қазіргі ақпараттық қоғамда өте маңызды, себебі әділ және ашық сайлау демократиялық мемлекет үшін маңызды фактор, деп атап өтті.
Сондай-ақ, сайлау процесіндегі медианың міндеттеріне, цифрлық медианың және әлеуметтік желілердің әсеріне, ақпараттық теңдік туралы және БАҚ пен сайлау органдарының өзара іс-қимылына түсіндірме берді.
Т.Жамалов өз сөзінде ақпараттық қауіпсіздік пен медиа сауаттылық мәселесін де көтерді. Жалған ақпараттар мен манипуляциялар сайлау процесіне әсер етуі мүмкін, сондықтан ақпараттың дұрыстығын тексеру және оны таратуда БАҚ жауапкершілікті сезінуі тиіс екенін жеткізді.
Келесі «Әулие ата-Медиа» АҚ-ның бас директоры Данияр Асқарұлы бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалар саласында енгізілген жаңашылдықтар туралы баяндады. Өз баяндамасында: Осы күнге дейін өткен әрбір саяси науқанда өңірдің ақпарат саласы «сапалы әрі шынайы, ашық әрі әділ» қағидатына негізделіп келді. Әріптестеріміз сайлау науқаны басталғаннан, қорытындысы шыққанға дейін маңызды шараның басы-қасынан табылып, сайлау учаскелерінен тікелей ақпарат таратып келеді. Ең алғашқы бюллетень жәшікке түскеннен бастап, дауыс беру құқығына күні кеше ие болған азаматпен ең қарт қазақстандықты да назардан тыс қалдырмай, саяси науқанның атмосферасын көпшілікке қаз-қалпында беруге күш салады. Себебі жоғарыда атап өткенімдей, кез келген сайлау науқаны халықтың, мемлекеттің әуелгі болашағы үшін жүзеге асса, бұқарамен бір қазанда қайнаған журналистер қауымы үшін бұл – кәсіби міндет қана емес, сонымен қатар өмірлік ұстаным, қастерлі қағида, деп айтып өтті.
Ары қарай, бағдарлама бойынша, Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы «Жергілікті атқарушы органдардың сайлау процесін даярлау барысында бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаның жұмысын ұйымдастырудағы рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Ж.Нұрмолдаұлы баяндамасында: Облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы Қазақстан Республикасы Сайлау туралы Заңын басшылыққа ала отыра, сайлау науқанында идеологиялық іс-шаралардың сапалы өтуін, оларды ақпараттандырумен қатар, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақталуын бақылайды.
Әрбір сайлау кезеңінде республикалық нұсқаулыққа сәйкес желілік кесте және медиа-жоспар әзірленіп, жүзеге асырылады.
Сайлаудағы жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттердің бірі — халық арасында ауқымды ақпараттық-түсіндіру науқанын жүргізу.
Науқанды жариялау және бастау қарсаңында барлық деңгейлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына жалпы тәсілдерді әзірлеу қажеттігі туындайды. Бұл тұрғыда сайлауға келуді арттырудың маңыздылығына назар аударылуы тиіс, – деді.
Келесі болып, «Сайлауға дайындық және оны өткізу барысында сайлаушыларды ақпараттандыру жұмысын ұйымдастыру» туралы тақырыпта Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Уалихан Боларбекұлы Байдуанов дәріс оқыды.
«Сайлау – негізгі конституциялық қағидаттарының бірі ретінде халықтың еркін білдіруінің негізгі нысаны болып табылады. Дауыс беруге құқығы бар азаматтардың сайлауға қатысуы – жасырын дауыс беру арқылы мемлекеттік билік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының сапалық және сандық құрамын қалыптастыруға негізделген тікелей халық билігінің көрінісі. Халық өз өкілдерін сайлай отырып, оларға өзіне тиесілі мемлекеттік билікті жүзеге асыру жөнінде толық сенім білдіреді», – деп атап өтті У. Байдуанов.
Бағдарлама бойынша, Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Әсел Анарбекқызы Қадырбекова сайлау науқандарын өткізуге қаралған бюджет қаражатын тиімді пайдалану туралы дәріс оқыды.
Ә.Қадырбекова бюджет қаражаты туралы дәрісінде: «Барлық сайлау науқандары, соның ішінде жергілікті деңгейдегі науқандар айтарлықтай қаржылық шығындарды талап етеді. Бұл ретте әрбір салынған теңге нақты пайда әкелетіні маңызды: сайлаушыларды хабардар етуге, дауыс беруді ұйымдастыруға, процестің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал етті.
Сайлау туралы қолданыстағы заңнаманың нормаларына сәйкес, мемлекеттік қаржыландыру және мемлекеттік емес қаржыландыру нормалары көзделген.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 33-бабы сайлауды мемлекеттік қаржыландыруды регламенттейді.
Сайлауға дайындық пен оны өткізуді қаржылық қамтамасыз ету үшін қаражат көзі мемлекеттік бюджет болып табылады.
Конституциялық заң нормаларына сәйкес:
Республикалық бюджет қаражатынан Президенттiң, Парламент, мәслихаттар депутаттарының, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауы жергілікті атқарушы органдардың осы мақсаттарға арнап ашылған шоттары арқылы қаржыландырылады.
Жергілікті бюджет қаражатынан әкімдерді сайлау жергілікті атқарушы органдардың осы мақсаттар үшін ашылатын шоттары арқылы қаржыландырылады.
Шамамен сайлауға бөлінген қаржының негізгі үлесі (шамамен 75-80%) сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбегіне ақы төлеуді құрайды.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 20-бабының 11-тармағына сәйкес сайлау комиссияларының мүшелеріне сайлауды өткізуге бөлінген қаражат есебінен кемінде үш ең төменгі жалақы мөлшерінде жалақы белгіленеді.
Мемлекеттік қызметшілер болып табылатын сайлау комиссияларының мүшелеріне сайлауға дайындық және оны өткізу кезеңінде олардың негізгі жұмыс орны бойынша орташа айлық жалақысы сақталады. Сондай-ақ, шамамен смета сайлау комиссиялары үшін қажетті материалдық-техникалық жағдайлар жасауға (байланыс қызметтерімен, жанар-жағармай материалдарымен, көлікпен және кеңсе тауарларымен қамтамасыз ету, дауыс беруге арналған үй-жайларды сайлау жәшіктерімен, кабиналармен толық жарақтандыру) арналған шығыстарды қамтиды», деп түсіндірді.
Семинар-тренингтің пленарлық бөлімінің жұмысы аяқталып, қатысушылар 2 топқа бөліну арқылы секциялық жұмыс жалғасты.
Семинардың бағдарламасына сәйкес, Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Мерей Амангелді «Сайлау және ақпарат кеңістігі, оның ішінде, БАҚ-та жарияланған материалдардың ашықтығын қамтамасыз етудің маңыздылығы» тақырыбында дәріс оқыды. М.Амангелді өз дәрісінде, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес (20-бап 1-тармақ), барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары жариялылық, ашықтық және алқалылық қағидаттары бойынша жұмыс істейтінін түсіндіріп, ақпараттандыру жұмыстары аясындағы ашықтық принципіне тоқталды.
Келесі сөз кезегі, Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Мейржан Сембековке беріліп, «Сайлаудағы цифрлық мүмкіндіктер: онлайн-платформалардың рөлі» туралы дәріс оқыды. М.Сембеков семинарда қазіргі заманғы сайлау үдерістеріндегі технологиялық өзгерістерді талқылады. Онлайн платформалар арқылы үгіт жүргізу, сайлаушылармен байланыс орнату және электоралдық ақпаратты тарату мәселелерін де қарастырды.
Сондай-ақ, дәрісте жалған ақпаратпен күрес және медиа сауаттылықтың маңыздылығы қозғалды.
Семинар бағдарламасы бойынша, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Еркін Қуанышев мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлауға қатысуын ұйымдастыруға бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларды тарту жұмыстары туралы баяндады.
Е.Қуанышев баяндамасында: Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2012 жылғы 23 қазандағы (№ 21/183) Қаулысымен Сайлау учаскесінде дауыс беруге арналған үй-жайды, дауыс беру пунктін жарақтандыру жөніндегі нұсқаулығы бекітілді.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы А.Боранбаевтың төрағалығымен өткен екінші топтың секциялық жұмысына облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы, қалалық/аудандық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары, қала/аудан әкімдері аппаратының басшылары, қала/аудан әкімдігі ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Жиында облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Абылхайыр Боранбаев «Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидат ұсыну, тіркеу, және кандидаттардың құжаттарын заң талаптарына сәйкестігін тексерудегі өзекті мәселер» туралы баяндады.
Сондай-ақ, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдеріне кандидаттар резервін даярлау және ұсыну бағытында жергілікті атқарушы орган мен саяси партиялардың бірлескен жұмыстары туралы Жамбыл ауданы әкімінің аппарат басшысы Самат Селеубаев пен Қордай ауданы әкімінің аппарат басшысы Нұрболат Сатымқұл баяндады.
Сонымен қатар, сайлау науқаны кезеңдерінде шақыру қағаздарын сайлаушыларға тарату барысында сайлауға қатысушылардың мониторингін жүргізу туралы Байзақ аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жарас Джакипбеков баяндады.
Пленарлық және екінші секциялық жұмыс бөлімінде қаралған мәселелер бойынша, Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев сөз сөйлеп, сайлау науқаны кезеңінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан атқарылып жүрген жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, сайлауды ұйымдастыру мен өткізу кезеңіндегі сайлаушыларды саяси науқан бойынша жүйелі түрде ақпараттандыру жұмыстары аудан әкімдерінің идеология жөніндегі орынбасарларының лауазымдық міндеті екенін айтты.
Семинар-тренигте тақырыптар бойынша дәрістер оқылғаннан кейін, қатысушылар тарапынан сайлау науқаны барысында туындаған сұрақтар семинардың бағдарламасына сәйкес өткізілген секциялық жұмыста практикалық тұрғыда талқыланып, нақты жауаптар берілді.
Семинар аумақтық сайлау комиссиялары мен мемлекеттік органдарға, БАҚ өкілдеріне және саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Қорытынды бөлімінде қатысушыларға пленарлық бөлімнің жұмысы мен секциялық жұмыстан алған біліктілікті нақтылау мақсатында, оқылған тақырыптар бойынша сауалнама жүргізілді.
Семинар соңында екі секциялық бөлімдерде айтылған ұсынымдар тыңдалып, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы С. Айдапкелов сайлау процесіне белсенді атсалысқан азаматтар мен ұжымдарды алғыс хатпен марапаттап, семинар жұмысын аяқтады.