САЛАФИЗМ — ДІН АТЫН ЖАМЫЛЄАН ЖЫМЫСЌЫ ИДЕОЛОГИЯ
Бүгінгі күні қалың жұртты алаңдатып отырған негізгі проблемалардың бірі — салафизм идеологиясының белең алып, тез таралуы. Исламда «әс-Салаф әс-Сәлих» деп біздің заманымыздан бұрын, ізгі де, салиқалы ниетпен ғұмыр кешкен, шынайы амал қылған ықыласты бабалар туралы айтылады. Салафизм сөзінің араб тіліндегі түп-төркіні «салаф», яғни «бұрынғы өткен, алдыңғылар» деген сөзден шыққан.
Енді аталмыш идеология төңірегінде айтатын болсақ. Ол ілім ретінде Х ХІ ғасырларда Андалусия (Испания) жерінде басталып, әрі қарай ХVIII ғасырда Нәжд өлкесінде — қазіргі Сауд Арабияның солтүстігінде жалғасын тапты. Алғашқы кезден-ақ бұл идеология өкілдері өзге пікірге төзбеу, басқаларға агрессиялық көзқараспен қарау, алға қойған мүдделеріне қарумен болса да қол жеткізу секілді сипаттармен танылды.
Андалусия ғұламалары ақидада (наным-сенімде) Әшғари мектебінің түлектері болғаны белгілі. Алайда қазіргі салафилік идеяның негізін салған кейбір ғалымсымақтар елдегі мешіттерде жүріп жатқан дәрістер барысында өз пікірлерін тықпалап, Әшғари мектебінің тәлімдерін жоққа шығарып, дау дамай тудыратын. Осыдан соң ХІІІ және ХІV ғасырларда Шам өлкесінде (бүгінгі Сирия аймағы) 1263-1328 жылдары өмір сүрген Ибн Тәймия аталмыш идеологияның туын тігіп, салафилік әрекеттің философиялық және құқықтық дүниетанымының негізін қалады.
Ол ислам әлеміндегі дәстүрлі бағыттағы сенім мектептері — Әшғари, Матуриди тәлімдерін адасқан деп сынап, күйе жақты. Бұл бағытта том-том кітап жазып, сол идеологияны қалыптастыруға үлкен үлес қосты. Бүгінде өзіміз білетін салафизм идеясы сол кезеңдерден бастау алып, ХVIII ғасырда қазіргі Сауд Арабиясындағы Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб ибн Сүлейменнің қолында жаңғырып, өзге діни мектептерге қарсы ерекше агрессиялық үлгіде дамып-қалыптасты. Сондықтан тарихта бұл топ «уаһабилік» және «уаһабилер қозғалысы» деген атаумен танымал.
Бұл топ өзін қаншалықты алғашқылардың жолын ұстанушы — «салафилер» деп атағанымен, уаһабилік қозғалыстың жалғасы екені барша жұртқа аян.
1990-жылдары КСРО құлаған соң, посткеңестік елдердің ішкі тыныштығын бұзу үшін, Орта Азия республикалары мен Кавказда енгізілген аталмыш діни-саяси доктрина Шешенстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстанда қарулы қақтығыстардың шығуына басты себеп болғаны белгілі.
Ал, өз жағдайымызға келсек, соңғы жылдары Алматы мен Таразда, Атырау мен Ақтөбеде орын алған келеңсіз оқиғаларды салафилік идеологияның және «Мұсылман бауырлар» қозғалысынан бөлініп шыққан «Әт-Тәкфир уәл-хижра» жамағаты әрекеттерінің тікелей көріністері ретінде атап өтуге болады. «Салафизм» қазіргі әлемдік жаһандандыру саясаты секілді жалпылықты мақсат тұтқан идея болып саналады.
Ол ұлттар мен халықтардың ерекшеліктерін, құндылықтарын жоюға бағытталған. Және мұны «ақиқат, тауһид, таза ислам және Құран мен сүннет жолы» секілді ұрандарды жамылып, солардың тасасында жүзеге асыру көзделген. Осылайша салафтар қазақ халқының және басқа да халықтардың ұлттық құндылықтарын, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін шариғат шарттарымен өлшемей, сарапқа салмай, бірден бидғат деп жариялайды. Сонымен қатар, «бидғатқа қарсы бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып күресу — әрбір мұсылманның парызы», — деп уағыздайды.
Бүгінгі күні елімізде ұлттық мүддеге қарсы салафизм ағымына ерушілер тарапынан жүргізіліп жатқан бұл үрдіс қазақ халқының ғасырлар бойы сақталып және ұлтты сақтап келе жатқан құндылықтарының тамырына балта шабуыға бағытталған. Осы тұста салафилік идеяның адам психологиясына тигізетін кері әсерін де атап айту қажет. Бұл ұстанымдағы адамның тұла бойын қоршаған ортасына қарсы агрессия билейді. Олар өзінен және өз ұстанымын қолдаушылардан басқа ұстанымдағы адамдардың барлығын, соның ішінде туыстарын, тіпті ата-анасын да, «адасқан, тозақы» деп таниды. Өзін өзгелерден оқшаулауға көшеді. Айналасына қатысты агрессиялық көзқарас салафилік идеяның өкілін мейірім және жанашырлық деген қасиеттерден айырып, адами болмысын тас-талқан етеді. Ол ата-ананың қызметі, туыстарға жан ашу және қоғам алдындағы жауапкершілік секілді ислами-моральдық құндылықтардан жырақ болады. Сөйтіп, түрлі қатыгез іс-әрекеттерге баруы да ықтимал. Салафизмге ілесушінің мұндай мінезі ел ішіндегі қоғамдық-туыстық қатынастардың ыдырауына, құлдырауына апарып соғады.
Сондықтан тек елімізді ғана емес, бүкіл ислам әлемін алаңдатып отырған бұл идеологияға қарсы ғылыми, ақпараттық және құқықтық тұрғыдағы тиімді шараларды қабылдауды кейінге қалдырмаған жөн.
Т.ЕСҚҰЛОВА, Жамбыл облысы әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығының Қордай аудандық бөлімшесінің басшысы
ШАРИЄАТТАЄЫ БІЛІМНІЅ ОРНЫ
Ислам дінінің басты мұраты – білім кәусарымен әрбір мұсылман баласын діни әрі дүнияуи ілімдермен сусындандыру. Өйткені, мұсылман жұртының қасиетті кітабы Құран Кәрімнің ең бірінші түскен аятында: «Жаратқан Раббыңның атымен оқы», – делінген. Осының өзі адамзатты білімге жетелейтіндігін дәлелдейді.
Білім-ғылым – адамзат дамуының басты қозғаушысы. Хазіреті Алидің: «Малды сен қорисың, ал ғылым сені қориды» деген сөзінің астарында терең мән жатыр. Ендеше ғылымға бас қойып қана елімізді, ұлтымызды шыңдарға сүйрей аламыз. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Халық қанша бай болса да уақыт өте келе бүкіл байлығы білімді халықтардың қолына өтеді», деп білімдінің болашағын болжаған-ды. Ал Сәкен Сейфулин атамыз болса «Оқу – білім қазығы, Адамның азығы. Оқу өмірдің сәні, Тіршіліктің шамы» деген . Қазақ халқы білім жайлы былай дейді:
«Білім гауһар, бағасы жоқ.
Надандық кесел, дауасы жоқ», — дейді. Ал қасиетті кітабымыз Құрани кәрімде Аллаһ тағаланың ғылым-білімге аса назар аударғанын мынадай аяттардан байқаймыз: «Білетіндер мен білмейтіндер тең ба?…» («Зумар» сүресі, 9-аят). Және де пайғамбарымыздың хадисінде: «Кімде-кім білім іздеу жолына түссе, Аллаһ тағала оған жәннатқа бару жолын жеңілдетеді. Періштелер ғылым іздеушінің талабына разы болып, оның аяғының астына қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалымға көктегілер және жердегілер, тіпті судағы балықтарға дейін жарылқау тілейді», — деп келтіреді. «Жігітке жеті өнер аз» дегендей, кәзіргі заман мұсылмандары тек діни біліммен шектелмей, заманауи технологияны меңгеріп, жан-жақты білімді болуы тиіс. Анастан жеткен хабарда Пайғабарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Сендердің жақсыларың дүниесін ақыретке, ақыретін дүниеге тастап қойғандарың емес, бәлкім екі дүниенің арбасын бірдей ұстағандарың. Шын мәнінде дүние ақыретке жетелейді».
Қазіргі таңда дін ілімі мен дүниелік білімді бір-бірінен бөліп-жармай, бір-бірімен ұштастыра білуіміз керек. Кейінгі кездері теріс діни ағым жетегіне ерген жастар дүниелік білімді тәрк етуде. Оның дұрыс еместігін әр заманда өткен қазақ зиялылары айтып кеткен. Айталық, Махмұд Қашқаридай данамыз: «Білімдінің сөзін тыңда, айтқанын үйрен, іске асыр», – десе, Шал ақын: «Білімің болса дағы ұшан-теңіз, пайдасы жоқ халқыңа қызмет етпей», – дейді. Ал, хакім Абай он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрселермен оздым демектің бәрі де – ақымақшылдық…», – дейді, қазақ халқының даналығы айтқандай «білектінің бірді, білімдінің мыңды жығатынын» қуаттай түседі. Әрине, «оқу инемен құдық қазғандай». Дегенмен, оның артықшылығы да осында. Сондықтан «Ұрпағы білімді халықтың, болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру – бүгінгі күннің басты талабы.
Алла Тағала Тәуелсіз елімізге иманды, білімді, әрі ұлт жанды жастарды нәсіп етсін!
Бағлан ЖҮСІПОВ,
Үлкен Сұлутөр ауылының имамы
ИМПОРТ АРЌЫЛЫ ӘКЕЛІНГЕН ЕТ ЇКІМІ
Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын. Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай! Мұсылман адам ішкен, жеген асының адал, таза болуына аса мән беруі тиіс. Шариғаттың адал еткендерін жеп, тыйым салғандарынан тыйылып, күмәнді істерден қашық болуы қажет. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Уа, мүміндер! Ризық етіп берген нәрселеріміздің жақсысынан жеңдер. Егер Оған ғана құлшылық ететін болсаңдар Аллаға шүкірлік етіңдер. Шынайы түрде сендерге өлексені (арам өлген малды), қанды, доңыз етін және Алладан басқаның атымен бауыздалғанды арам қылды. Сонда кім мәжбүрленсе, қарсылық қылмаса, шектен шықпаса оған кінә жоқ. Күдіксіз Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді». Жануарлар мен құстардың етін жеу адал болуы үшін мына шарттар орындалуы тиіс:
1. Еті желінетін жануарлар мен құстардан болуы. Мысалы түйе, жылқы, сиыр, қой, қоян, тауық және сол секілді еті адал жануарлар. Ал доңыз, ит, есек т.б. етін жеуге болмайды, ол – арам.
2. Жануардың кеңірдек, өңеш және мойындағы негізгі күретамырлары кесілуі керек. Егер жануарлардың жаны осы айтылған әдістермен шықпаса жеуге болмайды. Сол секілді шариғат адал еткен малды немесе құсты шариғатпен үйлеспейтін мысалы, тұншықтырып және тоқпен ұрып өлтіру секілді әдіспен бауыздалса, ол етті жеу арам болып саналады.
3. Бауыздаушы ақыл-есі дұрыс, ақ пен қараны ажырата білетін мұсылман не әһлі-кітап (християн немесе яһуди) дінінде болуы шарт. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Кітап берілгендердің тағамдары сендер үшін адал және сендердің тағамдарың да олар үшін адал». Ғұламалар «тағам» сөзін ет немесе бауыздалған жануар деп түсіндірген. Өйткені үкім сонымен байланысты.
4. Мал бауыздайтын адам Алла Тағаланың есімін, яғни «Бисмиллә» (Алланың атымен бастаймын) деп айтуы шарт. Егер біліп тұрып әдейі айтпаса, сойған малы адал емес. Ал ұмытып кеткен болса, адал болады. Тіпті кейбір ғалымдар кітап иелері де Алланың есімін атап союы міндетті деген. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Алланың аты айтылмағанды жемеңдер, өйткені ол күдіксіз арам нәрсе. (Оны жеу дұрыс емес.) Расында шайтандар сендермен тартысу үшін, өз сыбайластарына сыбырлайды. Егер оларға бой ұсынсаңдар, (Аллаға) серік қосушылардан боласыңдар». Бұл үкім мұсылманға да, кітап иелеріне де бірдей тиесілі. Сондықтан кітап иелері малды бауыздар кезде Алладан басқа есімді атамауы шарт. Егер Исаны, Узайырды атап сойса оны жеуге болмайды. Алайда кітап иелерінің малды сойып жатқанда Иса, Узайыр секілді Алладан басқаны атағаны естілмесе, ол еті адал болады. Сондықтан сыртқы елдерден келген әһлі кітап иелерінің еттері осы шарттарға сай орындалған жағдайда жеуге рұқсат етіледі.
Үкім:
1. Елімізге сырттан келген ет жеуге рұқсат етілген жануарлар санатынан болса әрі оны мұсылман немесе кітап иелері шариғат талаптарына сай бауыздаса, ондай етті жеуге болады.
2. Ислам, христиан және иудаизм дінін ұстанбайтын өзге дін өкілдерінен жеткізілген ет – халал емес.
3. Еті халал саналатын жануарлар мен құстар тоқпен, тұншықтыру, ұрып-соғу әдістерімен өлтіріліп, бауыздалатын болса, ондай етті жеу – харам.
4. Арам жолымен сойылған жануарлар мен құстардың еті, іш майы, сіңірі және терісі сынды ағзаларды тағам және тағам қоспасы ретінде пайдалануға болмайды.
fatua.kz
ДІНИ САУАТТЫЛЫЌ БЇГІНГІ КЇННІЅ БАСТЫ ТАЛАБЫ
Қазіргі таңда Қазақстанда Ислам діні жанданып, жаңа даму сатыларына өту үстінде. Дегенмен бұл үдерістің өзіндік тарихи-мәдени алғышарттары баршылық.
VII ғасырдан тарала бастаған Ислам діні Х ғасырдың соңында қазақ жерінде құрылған мемлекеттердің ресми діні деңгейіне дейін көтеріле алды. Исламның Әбу Ханифа мәзһабының дін, қоғам мәселелерін шешуде Құран, шариғат үкімдерімен қоса жергілікті халықтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрін де есепке алу секілді ерекшелігі Орта Азияның көшпелі халқы, соның ішінде қазақ халқы үшін де жақын болды. Осы ерекшеліктің арқасында бүгінге дейін біз Исламның ханафи мәзһабын ұстанамыз. Ислам қазақ халқының дүниетанымы, дәстүрі, ғұрпымен үндесіп, сан ғасырлар бойы қазақ мәдениетімен тұтасып, ұлт тарихының ажырамас бөлігіне айналды. Ханафидегі еркін ойшылдық ұлы даладан әлемге «Екінші ұстаз» атанған әл-Фарабиді, Ж.Баласағұн, Ахмет Ясауи, М.Қашқари, Қадырғали Жалаири сияқты ғұламаларды берді. Біздің ақын-жырауларымыз, ғалымдарымыз, сал-серілеріміз дін философиясын, құндылықтарын терең зерттеп, ұғынып, оның нәрі мен сөлін қарапайым халыққа ұғынықты түрде жыр-шумақ пен күй-терме түрінде жеткізіп отырды. Баршаға мәлім, 1990 жылы Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы (ҚМДБ) құрылды. Бұл қадам әлсіреген діни байланысты қайта жаңғырту болды. Алғашқы кезеңнен бастап басқа конфессияларға толерантты көзқарас танытатын, олардың құндылықтарын мойындайтын, ғылымның дамуын, техникалық прогресті қолдайтын Исламның дәстүрлі бағыты таралуда. ҚМДБ республика ішіндегі және ТМД шеңберіндегі діни конфессиялармен тату қарым-қатынас орнатып, рухани-ағартушылық жұмыстарына баса мән береді.
Ең бастысы, Исламның тарихын, жүріп өткен жолын, осы жолдағы ата-бабаларымыздың Ислам өркениетіне қосқан үлесін кеңінен насихаттауды бір сәтке де тоқтатпауымыз қажет
Ислам діні – адам баласын тура жолға бастайтын дін. Адамды мейірімділікке, бауырмашылыққа, қайырымдылыққа үйретеді, Имансыз ұлт болмайтынын түсінген атам қазақ, ислам дініне қатты көңіл бөлген, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», – деп жырлаған ұлы Абай ислам дініне берік болған ғой.
Елімізде дінге бұрылып жатқан қандастарымыздың дініміз бен ұлттық дәстүрімізге жат әдет ғұрыптарды алыс және жақын шет елдерден алып келіп сіңіруінде кереғар мақсаттың жатқанын бірі білсе, бірі немқұрайлы қарауы мүмкін. Отанымыздың өркендеуі жолында елінің абыройын ойлап, халқының жоғын жоқтайтын, ар-намысын қорғайтын ұрпақ тәрбиелеу, діни сауатты арттыру – бүгінгі күннің басты мәселесі.
Б.МАНКЕЕВ,
Ауқатты ауылдық округінің әкімі