Астанада Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының кезекті XV Съезі өтіп, сол бір ауқымды шараға қатысу бақыты бұйрыған болатын. Соңғы бес жылдағы кәсіподақ жұмысының негізгі қорытындылары шығарылған, білім және ғылым жүйесіндегі әлеуметтік-экономикалық жағдай талқыға түсіп, ұйымның 2029 жылға дейінгі даму жоспарлары ортаға салынған шара алдағы жұмысымызды шират түсері анық. Жалпы съезд барысында көтерілген сұрақтар мен жоспарлар жайында аз-кем айта кетсем.
Жалпы аумақтық ұйымдар атынан съезге 126 делегат қатысты. Осыдан ақ шараның ауқымын сезінуге болады. Ал, келген қонақтар жайына да тоқталып өтпеске болмас. ХЕҰ еңбекшілер қызметі жөніндегі бюросының Еуропа және Орталық Азия секторы меңгерушісі Сергиус Гловацкас, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің аппарат басшысы Тимур Әбілмәжінов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің аппарат басшысы Мадияр Қожахмет, «Парыз» ұлттық жұмыс берушілер Конфедерациясы Бас директорының орынбасары Шолпан Әбікенова, ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин делегаттар алдында сөз сөйлеп, жалпы еліміздегі білім саласында соңғы жылдары орын алып жатқан жақсы үдерістерге тоқталды. Мәселен, С. Гловацкас Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының жұмысын жоғары бағалап, салалық кәсіподақтың Халықаралық еңбек ұйымымен ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтіп, алдағы жылдары бұл ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдірді.
«Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы ҚР Кәсіподақтар федерациясының негізі болып табылады. Есепті кезеңде Салалық кәсіподақ педагогтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда және олардың мәртебесін көтеруде көптеген жетістіктерге жетті. Сіздердің Салалық кәсіподақтарыңыз елдегі кәсіподақ қозғалысының дамуына үлкен үлес қосып отыр», — деп Сатыбалды Дәулеталин өз ойымен бөліссе, ҚР Оқу-ағарту министрлігі аппаратының басшысы Т. Әбілмажинов Салалық кәсіподақтың сала қызметкерлерінің жағдайын нығайтуға, неғұрлым тартымды және икемді еңбек жағдайларын жасауға мүмкіндік беретін шешімдерді әзірлеуге қосқан ерекше үлесін атап өтті.
«Парыз» ұлттық жұмыс берушілер Конфедерациясы Бас директорының орынбасары Ш.Әбікенова Қазақстандық салалық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы басқа Кәсіподақтар үшін үлгі болып табылатынын тілге тиек етті.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының Орталық Комитетінің 2019-2023 жылдардағы қызметі туралы есепті баяндамамен Кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева сөз сөйлеп, делегаттарға кәсіподақтың алдыңғы XIV Съездің шешімдерін орындауда атқарылған жұмыстары және қол жеткізілген нәтижелер туралы ақпарат беріп, еңбек құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау ісінде кәсіподақ органдары жұмысының тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар ұсыныстарын да жеткізді.
Съезд делегаттары бірауыздан Орталық Комитеттің жұмысына қанағаттанарлық деген баға беріп, ары қарайғы игілікті істеріне сәттілік теледі.
Ауқымды жиынның басты арқауы «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 2024-2029 жылдарға арналған бағдарламасы» қабылданды. Бұл өте маңызды құжат, болашаққа бағдар берер іс деп білсек те болады.
Мәселен съезд кәсіподақтың Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, оның жаңа редакциясын бекітті. Тағы айтар кетерлік маңызды жайы, делегаттардың дауыс беру нәтижесіне сай алдағы бес жылдық мерзімге Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы болып Мұқашева Айгүл Мақсатқызы сайланды.
Сайып келгенде осы күнге жетіп отырған жетістік салалық кәсіподақтың әрбір өңірмен бірлесіп атқарған жұмысының айқын көрінісі, жемісі, жеңісі. Олай дейтінім, съезд жұмысын жүргізуде спикерлік қызметті Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков мінсіз атқарып шықты. Бұл облысымызға деген сенімнің көрінісі деп білдік. Ал, облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағына алқалы жиын барысында 2023 жылғы жоғарғы деңгейде атқарған жұмысы үшін І орын беріліп, 3 миллион теңгенің сертификаты табыс етілгені мейманамызды бір тасытқаны анық. Бұл ортақ жұмыс жеңісі. Ал, Елорда төрінде өткен әріптестер жиынына қатысуға мүмкіндік тудырып, ұсынған аудандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы төрайымы Қарлығаш Қыпшақбаеваға да айтар алғысым шексіз. Білім саласы қызметкерлері құқығын қорғаудағы елеулі еңбектеріңіз жана берсін.
Саракүл ЗАУРБАЕВА, «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі, Сьезд делегаты