САЛТАНАТЫ ЖАРАСҚАН САЛТ АТТЫЛАР ШЕРУІ

0

13 жыл тойланбаған Республика күні биыл ұлттық мереке ретінде қайта енгізілді. Тарихқа көз жүгіртсек, 1990 жылы 25 қазанда мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданған болатын. Бұл тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадам еді. Ал 2022 жылғы 29 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті заңға қол қойып, оған сәйкес Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды.
Осы айшықты мерекеге орай бейсенбі күні бозжорға мінген №19 БЖСМ-нің жаттықтырушылары Қордай ауылынан Әлжан ана ауылына дейін атты шеру өткізді. Көк байрағымызды желбіреткен аудан тұрғындары Республика күнінің ұлттық рухты көтеретін мейрам екенін көрсете білді.
Спорттық іс-шара Әлжан ана ауылындағы саябақта тігілген қазақ үйлердің маңында ұлттық спорт түрлерімен жалғасын тапты. Аталмыш шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай жиналған қауымға өзінің жылы лебізін білдіріп, қордайлықтарды Республика күнімен құттықтады. «Бұл мереке көпұлтты халқымыздың бірлігінің, әрқайсымыздың туған жерге деген риясыз сүйіспеншілігіміздің, тарихымызға деген құрметтің символы болып табылады. Осы бір мерейлі күні сіздерге зор денсаулық, барлық арман-мақсаттарыңыздың орындалуын, жаңа жеңістер мен ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге мол табыс тілеймін», — деді аудан басшысының орынбасары.
Саябаққа жиналған жұрт қазақша күрес, тоғызқұмалақ, асық ату, садақ ату, аударыспақ сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстарды тамашалады. Спорт сүйер епті жігіттер тартысқа толы ойындар көрсетіп, боз кілемде білекті балуандар белдесті. Сондай-ақ, ат үстіндегі күрестің үздіктері де нағыз аударыспақтың қандай болатынын көрсетіп, көпшілікті тамсандырды.
«Қазір Жаңатұрмыс ауылының 10 жігітін жаттықтырамын. Біз алдағы облыс чемпионатына дайындалудамыз, бірақ алдымен аймақтық іріктеу турнирін өткізуіміз керек. Алдағы жарыстарға салмағы 40-70 кг дейінгі жігіттерді дайындап жатырмын. Мұнда жас шектеуі жоқ, тек салмағы сәйкес келсе, өзінен үлкен қарсыласпен сайысқа түсе алады. Оқушылардан үлкен үміт күтемін», – дейді №19 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аударыспақтан жаттықтырушысы Асылхан Арнұр.
Республика күніне орай ұйымдастырылған шара жоғары деңгейде өтті. Спорттық жарыстардан кейін қонақтар мен шараға қатысушыларды киіз үйде мерекелік дастархан күтіп тұрды.
– Мұндай шаралардың әсіресе өскелең ұрпақ үшін маңызы зор. Өйткені, бұл жастардың патриоттық сезімін оятуға, өз елінің тарихын тереңірек білуге көмектеседі. Осындай игі істер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады,-дейді №19 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ғалым Әлімжанов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.