Қордай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2024 жылдың 1 қазанында жеке тұлғалардың 2023 жылға арналған мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталатынын еске салады. Қазақстанда жылжымайтын мүлікке ие жеке тұлғалар жыл сайын мүлік салығын төлеуге міндетті, бұл салық тұрғын үйлерге, ғимараттарға, саяжай құрылыстарына, гараждарға, автотұрақ орындарына және басқа да құрылыстар мен ғимараттарға, жер учаскелеріне қолданылады.
Қалай есептеледі?
Жеке тұлғалардың салық салу объектілеріне қатысты салықты есептеу салық органдары тарапынан есептік салық кезеңінен кейінгі жылдың 1 шілдесінен кешіктірілмей салық салу объектісінің орналасқан жері бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте салық төлеушінің тұрғылықты жеріне қарамастан, меншік құқығында иелік ету мерзімін ескере отырып, тиісті салық мөлшерлемесі салық базасына қолданылады.
Салық органы есептеген салық сомасы туралы хабарлама есептелген күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірілмей салық төлеушіге жіберіледі, онда салық сомасы, БСК және басқа да деректемелер көрсетіледі.
Қашан төленуі керек?
Мүлік салығын әр жылдың 1 қазанына дейін төлеу қажет. Мысалы, 2023 жылға салықты 2024 жылдың 1 қазанына дейін төлеу керек, 2024 жылға – 2025 жылдың 1 қазанына дейін және т.б. Уақытында төлеу өсімпұл мен банктік шоттардың бұғатталуынан сақтайды.
Кімдер босатылады?
Кейбір санаттағы азаматтар, мысалы, ардагерлер, мүгедектер және көп балалы аналар салықтан толық немесе ішінара босатылады. Олардың толық тізімі ҚР Салық кодексінің 526-бабымен айқындалған.