Жақында аудан әкімінің орынбасары Елдос Нұралиевтың төрағалығымен аппаратық кеңес өтті. Күн тәртібіне мүліктік және көліктік салықтар бойынша борышкер мәселесі қаралып, талқыға түсті. Ауылдық округ әкімдері бюджетке салықтар бойынша борышкерлер жөнінде айтып өтті. Аудан бойынша барлық дерлік ауылдық округтерде миллиондаған қарыздар бар. Олар қайдан шықты? Бір қызығы – қарыз бар, борышкер жоқ. Салық төлеушілердің көбісі тіркелген орны бойынша тұрмайды, ал салық төлеу түбіртектері олардың сол мекенжайына жолданады. Борышкерлердің көбісі шет елдерге қоныс аударып кетсе де, қарыздар жиналып жатады. Көліктік салық бойынша да жағдай осындай. Көлік құралы бірнеше рет сатылып, сенімхат бойынша пайдаланылады, бірақ оның бұрынғы иесінің атына тіркелген. Кейде нақты иесін анықтау мүмкін емес.
Қордай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы ауылдық округ әкімдерін жоғарыда аталған азаматтардың тізімін ұсынып, көші-қон қызметімен бірге заң аясында тиісті шара қабылдауға шақырды. Жиын нәтижесі бойынша Елдос Нұралиев аталмыш мәселені шешуге бағытталған нақты іс-әрекет алгоритмын жасауды ұсынды. Сонымен қатар әр округке қарыздарды өндіру бойынша сот орындаушылары мен полиция өкілдерінің бару қажеттілігі айтылды.
Бекжол ӘПІЛЖАНОВ