Салынған айыппұлдың 70 % төленді

0

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің ұйытқы болуымен өткен кезекті брифинг қылмыстық ахуалға байланысты болып, оған аудандық полиция бөлімінің бастығы Мақсат Ережепов қатысты. Ағымдағы жылдың 7 айында атқарылған жұмыстың есебін әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде берген ол тұрғындардан түскен сұрақтарға да жауап берді.

Былтырғы жылмен салыстырғанда ауданда қылмыс саны кейбір жекелеген санаттарды алмағанда едәуір төмендеген. Ауданның бас полицейінің мәліметінше, 2020 жылдың 7 айында АПБ-нің қызметкерлері 3729 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, бас-аяғы 47 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Бүгінгі таңда оның 70 пайыздан астамы мемлекет пайдасына өндірілген. 430 әкімшілік іс сотқа жолданыпты. 52 азамат әкімшілік қамаққа алынса, 41 адам Қазақстан Республикасы шегінен шығарылған.

Айыппұл демекші, полиция бөлімі тарапынан айыппұл төлемеген тұлғаларды анықтау мақсатында «Борышкер-2020» жедел профилактикалық шарасы ұйымдастырылып, ол жұмыстардың нәтижесі аудандық басылымда жарияланған. Аталмыш жұмыстарды жандандыруда аудан әкімдігінің қызметкерлері, прокуратура және сот орындаушылармен біріккен профилактикалық жұмыстардың нәтижесі де жаман емес. Сонымен бірге, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы мен АПБ фронт офисінде «Жолда қабылдау» акциялары ұйымдастырылған.

Жол қауіпсіздігі жайы да бринфингте сөз болып, бірқатар мысалдар да келтірілді. Оның ішінде мас күйінде көлік рөліне отырған 36 жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, 15 тәулікке қамаққа алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырған. Сонымен бірге, екі көлік жүргізушісіне жолдың қарсы бетіне шығу, арнайы емес орыннан бұрылу сынды бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, 6 айға жүргізуші куәліктерінен айырған. Ал, жылдам жүруді ұнататын 74 жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, жалпысы 680610 мың теңгеге айыппұл салынған. Көлікті құжатсыз басқару, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өту сынды бұзушылық жасаған екі жүзге жуық жүргізуші жауапкершілікке тартылыпты. Аудандық полиция бөлімінің басшысы осылармен қатар Армения елінен аудан аумағына жеткізілген 9 автокөліктің бүгінгі күнге 5-і тіркелгенін де айтып өтті.

Брифинг барысында әлеуметтік желілер арқылы түскен сұрақтарға лайықты жауаптар беріліп, бірнешеуі назарға алынды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.