«САМАРҚАННЫҢ КӨК ТАСЫН» ДА КӨРІП ҚАЙТТЫҚ

0

Өткен аптада Қордай ауданының қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген 20 еңбек ардагері тараздық турфирмалардың бірі жалдаған шағын автобустармен Өзбекстанның Ташкент және Самарқанд қалаларында екі күндік туристік сапарда болды. Ардагерлер ұйымының төрағасы Біржан Әлімбеттің қарияларға осындай құрмет көрсетсек деген ұсынысына аудан әкімі Бегзат Болатбеков бірден қолдау білдіріп, тиісті қаржы бөлінуінің арқасында қариялар көрші елдің тарихи орындарын тамашалап қайтты.

 

Ташкент тағылымдары

Сапарымыз   Төле би бабамыздың кесенесіне тәу етуден басталды. 1663 – 1756 жылдар аралығында өмір сүрген Төле би он екі жылдай осы Ташкенттің билеушісі болғаны мәлім. 93 жасында қайтыс болып, денесі атақты Бабырдың арғы аталары Жүніс хан мазарының қасына қойылған, басына күйдірілген қызыл кірпіштен биіктігі он бес метрлік зәулім кесене тұрғызылған.  Қордайлық қауым атынан осында құран оқылып, дұға жасалды.  Бүгінде халқының саны 37 миллионға жеткен Өзбекстанның астанасы Ташкенттің өзі де тұнған тарих. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары болған жойқын жер сілкінісінен бүтіндей қирап қалған қала жаңартылып қайта бой түзеген.    1985 жылы тұрғызылған биіктігі 375 метрлік телемұнараның басындағы көрермен алаңынан айнала алақандағыдай көрінеді.  Тұрғындарының саны 3 миллионнан асқан бүгінгі Ташкент құс ұшар биіктен қарағанда көз тартарлық сәулетті ғимараттары көп, таза да жасыл желекке малынған әдемі шаһарға айналыпты.  Кең көшелерінде бұл елдің өзінде шығарылатын қозғалтқыштары газбен және электр қуатымен жұмыс істейтін көлемі кіші автокөліктердің түр-түрін көруге болады.

Өзбекстанның ежелгі тарихында   аты аңызға айналған Әмір Темірдің алатын орны ерекше.  Жаугершілікте бір аяғы жаншылып сылти басатындықтан Ақсақ Темір атанған.  Ол 1336-1405 жылдар аралығында өмір сүріп, 35 жыл бойы астанасы Самарқанд болған ірі мемлекеттің дара билеушісі болып, жарты әлемді қанға бөктірген шайқастарымен белгілі. Жалпы, тарихтан білетініміз Әмір Темір XIV ғасырдың 90 жылдары 27 мемлекетті жаулап алып, Иран, Ирак, Ауғанстан, Үндістан, Кіші Азия, Еділ бойы, Орта Азияны қамтитын алып империя құрды.  Оның Исфаханда 70 мыңдай адамның бас сүйектерінен мұнара тұрғызған, қолға түскендерді мың-мыңдап құлдыққа салып немесе тірідей көмдірген деген қатыгездігі жайлы да аңыздар бар. Ең бастысы, Әмір Темір жорықтары Алтын Орданың экономикасына оңалмастай нұқсан келтірді. Әсіресе, Еуропаға қамшы үйіріп тұрған Йылдырым Баязидті талқандауы, Мәскеуді шабуға бет алған Тоқтамыс ханға ту сыртынан шабуыл жасауы Ресейдің тез бірігіп мемлекет құруына жол ашты.  Сөйтіп, түркі әлемінің болашағына үлкен зиян келтіріп, оның соңы қазақ халқының және басқа да ұлттардың ұзақ жылдар бойына бодандық қамытын киюіне ұласқаны ащы да болса ақиқат.  Ал, екінші жағынан, жымиюды білмейтін түсі суық, сұсты адам бола тұра Әмір Темір өнерді, әдебиетті, шешендікті жоғары бағалаған, ислам дінін барынша қолдап көптеп мешіт, медреселер ашқанымен мәлім. Түркістан топырағында Қожа Ахмет Йассауи кесенесін салдырып, қазақ қауымы үшін де аса құнды мұра қалдырғаны бар.  Міне осындай, тағдыры қайшылыққа толы ірі тұлғаға   Ташкенттің орталығында бірнеше қабатты үлкен мұражай арналған екен. Мұнда шетелдік туристер де көп кездесті. Тіпті, поляктар мен Шири-Ланкалықтар біздің кимешекті әжейлеріміздің   әшекейлі киім үлгілеріне қызыға қарап, репортерлері суретке басып, бейнесюжетке түсіріп, әрнені сұрап жазып біраз қызықтады. «Қордайдың қыздары енді шетелдің газет-журналдарына шығатын болды» деп қолпаштадық қарап қалмай.

«Ташкент – тоқ қала» демекші, көше бойлап жүрсеңіз ірі супермаркеттерден бастап, үлкенді-кішілі дүкен, асхана, шәйхана, кәуәпхана, палаухана дейсіз бе тұнып-ақ тұр. «Бесқазан» атты айналдыра салынған екі қабатты палау орталығында құжынаған халықтан бас айналардай. Топ-тобымен келіп жатыр, ас ішіп қайта кетіп жатыр. Осыншама жұртқа зыр жүгіріп қызмет көрсетуші даяшылардың өзі қаншама?! Палау даярлауға күніне неше тонна күріш пен сәбіз жұмсалады екен, деп ойлап қоямыз іштей. Түнгі Ташкент тіптен тамаша! Қала орталығындағы «Ташкент сити», «Музыкалық субұрқақ», «Жапон саябағы» аталатын жерлерден үлкен әсермен келіп, ертең тағы да ұзақ жол, қызықты саяхат күтіп тұрғандықтан қонақ үйдегі жайлы төсекке бас қойдық.

 

Көне де жаңа шаһар

Келесі күні таң бозынан шығып, жол-жөнекей қазақ жеріне қарай асыға ағып жатқан Сырдариядан өтіп, Чиназ, Жизақ елді мекендерін артта қалдырып 300 шақырымдай жол жүріп Самарқандқа да жеттік. Күн мұнда тіптен ыстық. Зеравшан өзенінің сағасында бүгінде 573 мың халық мекен ететін қалада көнеден жеткен ғимараттар көптеп сақталыпты. Кезінде бұл шаһарды кіші жүздің Әлім, Төртқара руынан шыққан Жалаңтөс Бахадүр бабамыз қырық жылдай билегенін білеміз. Ол атақты Регистан алаңындағы «Ұлықбек» медресесінің қасынан «Ширдор» және «Тилла-Кори» медреселерін салдырған. Әрқайсысы әр кезеңде салынса да бұл үш ғимарат архитектуралық ерекшелігімен тұтасып ғажайып ансамбль құрап тұр. «Ұлықбек» медресесі бүгінде Самарқандтың ұлттық музейіне айналыпты. Мұнда Самарқандтың ғана емес, күллі өзбек елінің қалыптасу тарихынан сыр шертетін жәдігерлер көп екен.   Орта Азияның белгілі тұлғаларының көбі жерленген әлемге әйгілі «Шахи Зинда» зират-кешенінде Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың немере ағасы Кусама ибн Аббас сахабаның да кесенесі көз тартады. Өзбекстанның бірінші Президенті Ислам Кәрімовтың мәңгілік мекені де осында. Ал   қала орталығындағы ашық алаңдардың біріне Кәрімовтың еңселі ескерткіші орнатылыпты.

Ал, Әмір Темірдің сүйегі жатқан «Гур-Эмир» (әмірдің көрі) қаладағы ең киелі орын саналады. Жарты әлемді қанға бөктіріп жаулап жүрген Әмір Темір 1405 жылы енді Қытайға қарсы Самарқаннан көп әскер алып шыққанымен, жол-жөнекей Отырарда ыстығы көтеріліп қатты ауырып, жан тапсырады. Денесін Самарқанға әкеліп жерлеген. Ерекше үлгімен ою-өрнектері алтынмен апталып, күміспен күптелген кесенеде Әмір Темір және оның ұлдары Шахрух пен Миран-шах және немересі Ұлықбек жерленген екен. Аспан әлемін зерттеген атақты ғалым Ұлықбектің өліміне өз баласы Абл әл-Латиф кінәлі деседі. Әкесін Меккеге қажылыққа баруға көндіріп, жолай бір қыстақта су жағасында дәрет алып жатқанда бір қанішер ғалымды желке тұсынан қылышпен шауыпты. Бұған Ұлықбектің мемлекет және дін істеріне бой ұра бермей астрономиямен ғана айналысып кетуі себеп болған көрінеді. Оны өлтіріп қана қоймай, діндарлар жұмыс орнын да қиратып тастаған. Кейін «Ұлықбек обсерваториясы» қалпына келтіріліпті. 1941 жылы мамыр айында Сталиннің пәрменімен Әмір Темірдің қабірі ашылып, сүйектері зерттеуге Мәскеуге әкетілгені мәлім. Әйгілі антрополог Михаил Герасимов пен белгілі шығыстанушы Александр Семенов бастаған академик ғалымдар бас сүйектеріне қарап отырып Әмір Темірдің де, Ұлықбектің де бет пішіндерін жасап, кейінгі ескерткіштері соған негізделген болатын.  Ал, қабір ашылғаннан көп ұзамай Отан соғысы басталғаны, зеттеуді аяқтап 1942 жылы 22 желтоқсанда сүйектерді орнына қайта жерлеген соң, кеңес әскерлері Сталинград түбінде алғашқы жеңіске жеткені де көп айтылып жүрген тылсым сырлы тарихи ақиқат.

Кесененің гиді өзбек қызы бізді ертіп барып осында қойылған «Самарқанның көк тасын» да көрсетті. Осы көкшіл (лазурит) текше тасты Әмір Темірдің немересі Ұлықбек Тянь-Шань тауынан алып келеді де, Бибі ханым мешітінің ортасына орнатып, үстіне қолмен көшірілген Құранды қойғызған.  Құран тұрған    көк тас та киелі саналады.  Кейін қазақ сұлтандары хан тағына отыратын кезде оны билер ақ киізге отырғызып, көк тасты жеті рет айналып шығатын болған. Қасында хан сайлау рәсімінде жуындыратын тас астау мен әмір отыратын тас тағы да тұр екен.  Қазақта 22 наурызға қатысты айтылатын «Самарқанның көк тасы жібіген күн» деген сөз бар. Мұның мәні қалай десек, күн мен түн теңесетін Ұлыстың ұлы күнінде Әмір Темірдің қаһары жібіп, өлім жазасына кесілгендерге кешірім жасалатын дәстүріне орай айтылған көрінеді.

Әр тасында тарих тұнған Самарқандты түгел аралауға бір күн аздық етеді екен. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл шаһарды кезінде қырық жыл билеген Жалаңтөс бабамыздың қала шетіндегі мазарына баруды да кейінге қалдырып, осы арадан мың шақырымдай жердегі Қордайымызға қарай қайта жолға шықтық.   «Көп естігеннен бір көрген артық» демекші, жетпіс жастың ар жақ, бер жағындағы қариялар жол-жөнекей алған әсерлерін айтып тауыса алмай, осындай тағылымды сапарға қолдау білдірген аудан әкімі Бегзат Сейсенқұлұлына, сапарды ұтымды ұйымдастыра білген ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Әлімбет бастап, хатшысы Э.Қадырқұловаға, аналар алқасының төрайымы Р.Қағазбайға алғыс білдірумен болды. Ауданның шалғай ауылдарынан келген Қарлығаш Қабылбекова (Ауқатты), Күлдария Бажанова (Сарыбұлақ), Төлеулі Садуақасов (Үлкен Сұлутөр), Раушан Жолдыбаева (Отар), Сабыркүл Біләлова (Қызылсай), Жарасбай Дауылбаев (Степной), Ермаханбет Иманғалиев (Әлжан ана), Муза Оспанова, Орынкүл Нұрабаева (Қордай) т.б. ақсақалдар мен әжейлер үйге барған соң көрші-қолаң, туыстарына, немерелеріне талайға дейін айта жүрерлік жолсапар әңгімелерін жұптап олжалы қайтты.

Құрманбек ӘЛІМЖАН, ардагер журналист, Қордай ауданының Құрметті азаматы

Leave A Reply

Your email address will not be published.