«САНАЛЫ ТҮРДЕ ТАҢДАҢЫЗ»

0

Қордай аумақтық сайлау комиссиясы «Саналы түрде таңдаңыз» республикалық конкурсы аясында «Үздік қоғамдық іс-шара» номинациясына ұсынылатын ауқымды және мазмұнды жұмыстар кешенін жүзеге асырды. Іс-шаралардың негізгі мақсаты – тұрғындар арасында сайлау мәдениетін нығайту, қоғамның азаматтық жауапкершілігін арттыру және жастардың саяси белсенділігін күшейту болды.

Конкурс аясында ауданның бірнеше кітапхана мен мектептерінде «Сайлау – ел болашағы» атты ақпараттық бұрыштар ұйымдастырылып, келушілер сайлау жүйесі, дауыс беру ережелері және еліміздің демократиялық дамуы туралы толыққанды мәлімет алды. Бұл ақпараттық кеңістіктер тұрғындардың сайлау процесіне деген түсінігін тереңдетуге мүмкіндік берді.

Жастарды ынталандыру мақсатында «Дауыс бер! Өз болашағыңа бейжай қарама» атты әсерлі флешмоб ұйымдастырылып, әлеуметтік желілер арқылы кең таралды. Флешмоб аудан жастарының азаматтық ұстанымын көрсетіп, қоғамда сайлаудың маңызын түсіндіруге бағытталды.

Сонымен қатар, А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте «Мен әділ сайлауға сенемін!» тақырыбындағы шығармашылық көрме мен эссе байқауы өтті. Оқушылар өз көзқарастарын шығармашылық тілде жеткізіп, әділдік, жауапкершілік және ел болашағына үлес қосу секілді құндылықтарды ашып көрсетті.

«Саналы халық таңдауы» атты тақырыпта ауыл тұрғындарымен кездесу өткізіп, пікір алмасты.

Ауданның белсенді жастары сайлау мәдениетін насихаттайтын арнайы бейнеролик түсіріп, оны әлеуметтік желілерде жариялады. Бейнематериал қоғамның әртүрлі топтарына сайлау мәдениеті туралы түсінік қалыптастыруға үлес қосты және жастардың бастамашылдығын көрсетті.

Жастардың көшбасшылық қабілеттерін дамыту және демократиялық процестерді тәжірибеде көрсету мақсатында аудан мектептерінде «Мектеп президентін сайлау» іс-шаралары өткізілді. Бұл іс-шаралар шынайы сайлау тәжірибесіне жақын форматта ұйымдастырылып, оқушыларға кандидат ұсыну, үгіт жүргізу, дауыс беру және дауыстарды санау сияқты нақты процестерді үйренуге мүмкіндік берді. Бұл тәжірибе жас буынның азаматтық белсенділігін арттыруға зор ықпал етті.

Аумақтық сайлау комиссиясының өкілдері атқарылған жұмыстардың негізгі мақсаты – тұрғындар арасында сайлауға деген сенімді арттыру, ашықтық пен әділдік қағидаттарын кеңінен насихаттау екенін атап өтті. «Әрбір азаматтың өз дауысын саналы түрде беруі – елдің дамуына қосқан үлесі. Біз осындай бастамалар арқылы қоғамда сайлау мәдениетін қалыптастыруды әрі қарай жалғастыруға ниеттіміз», – деп мәлімдеді комиссия төрағасы.

Жүргізілген іс-шаралар кешені өңірдің қоғамдық өміріне серпін беріп, тұрғындардың саяси сауаттылығын арттыруға мүмкіндік жасады. Аумақтық сайлау комиссиясы алдағы кезеңде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, азаматтық белсенділікті дамытуға бағытталған жаңа жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.

Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы

Leave A Reply

Your email address will not be published.